وَفِي أُخْرَى لِأَبِي دَاوُدَ: «كُلُّ مُسْكِرٍ حَرَامٌ، وَمَا أَسْكَرَ مِنْهُ الْفَرَقُ فَمِلْءُ الْكَفِّ مِنْهُ حَرَامٌ». وَفِي أُخْرَى لِلتِّرْمِذِيِّ: «الْحُسْوَةُ مِنْهُ حَرَامٌ». وَالْفَرَقُ، بِفَتْحِ الرَّاءِ وَسُكُونِهَا: إِنَاءٌ يَسَعُ سِتَّةَ عَشَرَ رِطْلًا. وَالْحُسْوَةُ: الْجُرْعَةُ مِنَ الْمَاءِ.
Әбу Дәуіт келтірген бір риуаятта: «Мас қылатын әрбір нәрсе харам. Бір құмыра мөлшері мас қылатын сусынның бір уысы да харам», – делінген.
Тирмизидің бір нұсқасында «бір жұтымы да харам» деп келеді.1
Түсіндірме
1. Алла елшісі (с.а.с.) бұл хадистерде тыйым салынған сусындарды бір-бірлеп атамай, бәріне ортақ сипатын көрсеткен. Бірінші риуаят бойынша, сусын неден жасалса да, ақылды тұмшалап, адамды мас қылса, харам. Сонда «Мас қылмайтын аз мөлшері де харам ба?» деген сұрақ туады. Үшінші риуаят соған жауап береді: бір құмырасы мас қылатын сусынның бір жұтымы да харам. Үкім ішкен адамның мас болған-болмағанына емес, сусынның табиғатына байланысты. Нәжіс нәрсенің азы да, көбі де нәжіс саналатыны сияқты.
Бұл жерде үкімнің негізі мен тыйымның көздеген игілігін ажырата білу керек. Мас қылатын сусынның харам болуының негізі – Алла елшісі (с.а.с.) жеткізген илаһи тыйым. Оның көздеген игілігі – адам ақылы мен денсаулығын сақтау. Осы екеуін шатастырып, «Ішімдік мас қылатын мөлшерде ғана харам» десек, үлкен қателікке ұрынамыз. Дін ғалымдары мұндай пікір айтпаған. Мүміннің Алла мен Елшісінің кесімді үкіміне қайшы шешім таңдауға құқы жоқ. Аятта былай делінген: «Алла және Елшісі қандай да бір мәселеге қатысты кесімді үкім айтқанда, бірде-бір мүмін ер мен мүмін әйелдің өздеріне тікелей қатысы болған сол мәселеде таңдау құқығы жоқ. Кімде-кім Аллаға және Елшісіне қарсы келіп, асылық қылса, онда ол анық адасушылыққа ұрынды деген сөз.»2
Алла елшісі (с.а.с.) «Көбі мас қылатын нәрсенің азы да харам» деп үкімін айтқан соң, оған қайшы сөз айту мүміннің әдебіне де, иманына да жараспайды.
2. Көп мөлшерді білдіретін «фарақ» сөзін түсінікті болу үшін «құмыра» деп аудардық. Бұл – он алты ритл сыятын ыдыс.
3. Бал шәрбаты мен жеміс шырасының үкімі де осы қағидаға бағынады. Алла елшісі (с.а.с.) екінші хадисте белгілі бір сусынға бірден «адал» не «харам» деп баға бермей: «Мас қылатын әрбір сусын харам», – деген. Шәрбат пен шыраның күйі бір қалыпта тұрмайды. Олар уақыт өте келе ашып, мас қылатын сусынға айналуы мүмкін. Үкім сусынның неден жасалғанына емес, мас қылатын сипатына байланысты.
4. «Хамр» сөзінің түбірі «бүркеу», «жабу» деген мағыналарды білдіреді. Сондықтан ол «ақылды тұмшалайтын», яғни «мас қылатын нәрсе» деген ұғымда қолданылады.
Шариғи қолданыста Имам Ағзамның «хамрға» берген анықтамасы өзге имамдардың түсінігінен өзгеше. Көпшілік ғалымдар хамр деп мас қылатын сусындардың бәрін атайды. Имам Ағзам хамр деп қатты ашып, бетіне көбік шыққан жүзім шырынын түсінген. Осы анықтама бойынша, өзге жеміс пен дәннен жасалған ішімдікті «хамр» деу – ауыспалы қолданыс.
Өзге имамдар мас қылатын нәрсенің бәрін хамр дейді. Әбу Һурайра жеткізген хадисте хамрдың құрма мен жүзімнен алынатыны айтылған. Мұның өзі оның тек жүзімнен жасалмайтынын көрсетеді. Бұхаридегі бір риуаятта әзірет Омар құтба үстінде хамрдың харам етілгенін жариялап, сол дәуірде оның жүзімнен, құрмадан, бидайдан, арпадан және балдан жасалғанын айтады.
Ханафи ғалымдары бұл хадистерді екі түрлі түсіндірген:
a) Хадисте жүзім мен құрма қатар аталғанымен, мұндағы негізгі мақсат – жүзім. Бұған ұқсас қолданыс аятта да кездеседі: «Әй, жындар мен адамдар! Сендерге өз араларыңнан Менің аяттарымды оқып түсіндіретін, осы күндеріңе қауышатындықтарыңды алдын-ала айтып ескертетін елші пайғамбарлар келмеді ме?!»3 Мұндағы негізгі назар адамдарға аударылған, өйткені пайғамбарлар адамзаттан жіберілген.
ә) Немесе «хамр» сөзі жүзімнен жасалған ішімдікке де, құрмадан жасалған ішімдікке де айтылады. Алғашқысы – тура мағынада, соңғысы – ауыспалы мағынада. Демек, жүзімнен жасалған шарап мөлшері аз-көп, мас қылатын-қылмайтынына қарамастан хамр саналады. Өзге өнімдерден жасалған сусын мас қылатын күйге жеткенде ғана осы атауға кіреді.
Бұхаридегі тағы бір риуаятта Ибн Омар (р.а.) «Хамр харам етілгенде Мәдинада ол өте аз еді» деген. Бұл сөзді хамрдың жүзімнен жасалған ішімдікті білдіретініне дәлел еткендер бар. Өйткені ол кезде Мәдинада өзге өнімдерден жасалған ішімдік көп болатын. Әзірет Әнәс жеткізген риуаятта тыйым жарияланғанда жұрт ішімдігін төгіп, Мәдина көшелерінде шарап селдей аққаны айтылады. Демек, Ибн Омардың сөзі жүзім шарабының аз болғанын білдіреді. Бұл түсінік бойынша, ішімдікке тыйым салған аятта4 «хамр» сөзі анықтауышсыз келгенде, жүзім шарабы меңзеледі. Өзгелерін «құрмадан жасалған хамр», «арпадан жасалған хамр» деп нақтылап атайды.
Кейде Имам Ағзамның осы пікірін теріс пайдаланып, «Арпа сусыны харам емес, анис қосылған арақ немесе бидайдан жасалған арақ та харам емес» дейтіндер кездеседі. Имам Ағзамның анықтамасы бұған негіз бола алмайды. Ол мас қылатын сусындардың харам екенін ашық айтқан. Бүгінде сатылатын алкогольді ішімдіктердің мас қылатыны мәлім. Аяттың айқын үкіміне қайшы пәтуа айтып, жұртты шатастырып жүргендерге Алла тура жол нәсіп етсін.
- 1Бұхари, «Дәрет», 71 (242), «Әшриба», 4 (5586) • Мүслим, «Әшриба», 67–68 (2001а–б) • Мәлик, «Муатта», «Әшриба», 9 (2/845) • Әбу Дәуіт, «Әшриба», 5 (3682, 3687) • Тирмизи, «Әшриба», 2–3 (1863, 1866, Жананның сілтемесінде 1864, 1867) • Нәсәи, «Әшриба», 23 (8/298).
- 2«Ахзаб» сүресі, 36-аят.
- 3«Әнғам» сүресі, 130-аят (үзінді).
- 4«Мәида» сүресі, 90-аят.