Хадис

Ішімдікке тыйым және ішімдік ішкендерге ескерту

Кутуб ситтә, 6-том, 336-тарау · 5 хадис · № 2268–2272

Хадистер

2268
Кутуб ситтә, № 2268 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

عَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «كُلُّ مُسْكِرٍ خَمْرٌ، وَكُلُّ مُسْكِرٍ حَرَامٌ، وَمَنْ شَرِبَ الْخَمْرَ فِي الدُّنْيَا فَمَاتَ وَهُوَ يُدْمِنُهَا، لَمْ يَتُبْ مِنْهَا، لَمْ يَشْرَبْهَا فِي الْآخِرَةِ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ. قَالَ الْخَطَّابِيُّ: مَعْنَى «لَمْ يَشْرَبْهَا فِي الْآخِرَةِ»: لَمْ يَدْخُلِ الْجَنَّةَ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Мас қылатын әрбір нәрсе – хамр. Мас қылатын әрбір нәрсе – харам. Кім дүниеде ішімдікке салынып, одан тәубе етпей дүниеден өтсе, ақыретте одан ішпейді”, – деді»1.

Түсіндірме

1. Алла елшісі (с.а.с.) бұл хадисте «Мәида» сүресінің 90-аятындағы «хамр» сөзінің мағынасын ашып, үкімін айқындаған. Жоғарыда айтылғандай, «хамр» сөзі «жабу» деген түбірден тарайды. Ол ақыл-ойды тұмшалап, сананы шатастыратын нәрсені білдіреді. Хадис мас қылатын әрбір нәрсенің Құранда харам етілген хамрға жататынын көрсетеді. Пайғамбарымыз бұл жайды түсіндірмегенде, «Сыра, арақ, коньяк, ликер сияқты аты бөлек сусындар да харам ба?» деген күмән тууы мүмкін еді. Сусынның атауын өзгертіп, жұртқа оны жақсы етіп көрсетіп, білмегендерді алдауға тырысқандар әр дәуірде болған.

Пайғамбарымыздың түсіндіруі тағы бір күмәннің бетін ашады. Сөздің түпкі мағынасынан гөрі сөздіктегі қолданысына сүйенген кейбіреулер Құранда «хамр» деп жүзім шарабы ғана аталған, ал арпадан, бидайдан, балдан немесе өзге өнімдерден жасалған ішімдік оған жатпайды деп ойлауы мүмкін. Келесі хадисте ішімдіктің неден жасалатыны арнайы сөз болады. Сусынның харамдығын анықтағанда оның атауы мен шикізатынан бұрын адамды мас қылатын қасиетіне қарайды.

2. Әбу Бәкір әр-Рази «Ахкам әл-Құран» еңбегінде хамрды харам еткен аятты былай түсіндіреді: «Хамрдың харамдығы бұл аяттан бірнеше қырынан көрінеді.

• Біріншіден, хамр “рижс”, яғни нәжіс деп аталған. Аятта رِجْسٌ مِنْ عَمَلِ الشَّيْطَانِ “шайтанға ғана тән лас істер” делінеді. Ғалымдар харамдығына бірауыздан келіскен доңыз еті де “рижс” деп аталған.

• Екіншіден, ішімдік шайтанның ісіне жатқызылған. Шайтанның ісіне жататын нәрсені алу да, істеу де харам.

• Үшіншіден, одан аулақ болу бұйырылған. Мұндағы бұйрық міндеттілікті білдіреді. Аулақ жүру міндеттелген нәрсені алу да, істеу де харам.

• Төртіншіден, одан аулақ жүрген адам екі дүниеде де құтылуға, мұратына жетуге үміт етеді.

• Бесіншіден, ішімдік мүміндердің арасына өшпенділік пен кек түсіреді. Осындай кесірге апаратын іс харам.

• Алтыншыдан, ішімдік Алланы еске алуға және намаз оқуға кедергі жасайды.

• Жетіншіден, аят فَهَلْ أَنْتُمْ مُنْتَهُونَ “Ендеше, бұлардан тыйылдыңдар ғой?!”2 деген сөзбен аяқталады. Мұндағы сауал жауап алу үшін қойылмаған. Ол ішімдіктен тыйып, оны ішуді айыптау мәнінде айтылған».

Әбу Бәкір әр-Разидан бұрын Табари да аяттан осы мағынаны шығарған. Ибн Аббас жеткізген хабарда ішімдікке тыйым салынған аят түскенде сахабалар бір-біріне: «Ішімдікке тыйым салынды, ол ширкпен қатар аталды», – деген. Өйткені аятта аталған табыну үшін орнатылған пұттар мен бал ашатын жебелер шайтан көркем етіп көрсеткен мүшріктердің амалдарына жататын.

3. «Кім дүниеде ішімдікке салынып, тәубе етпей қайтыс болса, ақыретте одан ішпейді» деген сөзді имам Бағауи әлгі адамның жаннатқа кірмейтіні деп түсіндірген. Өйткені шарап – жаннат жұртының сусыны («Мұхаммед» сүресі, 15-аят). Оны ақыретте іше алмау жаннатқа кірмеуді білдіреді. Кейінгі кейбір ғалымдар мұны ішімдіктің харамдығын мойындамай, «Бұл адал» деп ішкендерге қатысты түсінген. Олардың пайымынша, ондай адамдар күпірлікке түскендіктен жаннатқа мәңгі кірмейді, сол себепті жаннат шарабынан да мақұрым қалады.

Ішімдіктің харам екенін мойындай тұра ішкендер туралы ғалымдардың пікірі әртүрлі. Кейбір ғалымдар, оларға ақыретте жаза берілсе, жазасын өтеп біткенше жаннат шарабын іше алмайды дейді. Басқалары хадистегі сөзге еш шарт қойылмағанына сүйеніп, олар жаза ретінде жаннат шарабының дәмін татудан мәңгі мақұрым қалады деп есептеген.

4. Хадис тәубенің үлкен күнәларға кәффарат болатынын білдіреді. Бұл үкім ең үлкен күнә – күпірлікке қатысты анық: күпірліктен қайтып, иманға келген адам мүмін саналады. Ал өзге күнәларға жасалған тәубе жөнінде әһлі сүннет ғалымдары «Күнәнің кешірілетіні кесімді ме, әлде ықтимал ма?» деген мәселеде әртүрлі пікір айтқан.

Нәуәуи: «Басым пікір бойынша, бұл – ықтимал үкім», – дейді.

Қуртуби: «Шариғатты мұқият зерделеген адам Алла тағаланың шын ықыласпен тәубе еткен кісінің тәубесін сөзсіз қабыл ететінін көреді. Дегенмен тәубенің шынайы болуы үшін белгілі шарттар бар. Біз сөз етіп отырған хадис кемінде кейбір күнәларға жасалған тәубенің жарамды екеніне дәлел», – дейді.

5. Ибн Хажар былай дейді: «Хадистегі ескерту, адам мас болмаса да, хамр ішкенге қатысты. Өйткені ескерту “ішу” деген сөзге еш шарт қоймай айтылған. Жүзім шырынынан жасалған хамрға бұл үкімнің жүретініне ғалымдар бірауыздан келіскен. Жүзімнен жасалмаған ішімдіктің мас қылатын мөлшеріне қатысты да солай. Ал жүзімнен жасалмаған ішімдікті мас қылмайтын мөлшерде ішу осы үкімге кіре ме деген мәселеде пікірлер әртүрлі. Көпшілік ғалымдар оны да осы үкімге жатқызған».

  1. 1Бұхари, «Әшриба», 1 • Мүслим, «Әшриба», 73 (2003а) • Мәлик, «Муатта», «Әшриба», 11 (2/846) • Әбу Дәуіт, «Әшриба», 5 (3679) • Тирмизи, «Әшриба», 1 (1862) • Нәсәи, «Әшриба», 22, 46 (8/296–297, 318).
  2. 2Құран, «Мәида» сүресі, 90–91-аяттар.
2269
Кутуб ситтә, № 2269 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: أَنَّ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ عَلَى مِنْبَرِ النَّبِيِّ ﷺ: «أَمَّا بَعْدُ، أَيُّهَا النَّاسُ، إِنَّهُ نَزَلَ تَحْرِيمُ الْخَمْرِ، وَهِيَ مِنْ خَمْسَةٍ: مِنَ الْعِنَبِ، وَالتَّمْرِ، وَالْعَسَلِ، وَالْحِنْطَةِ، وَالشَّعِيرِ، وَالْخَمْرُ مَا خَامَرَ الْعَقْلَ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Омар (р.а.) Пайғамбардың (с.а.с.) мінберіне шығып: “Уа, жұрт! Хамрға тыйым салатын үкім түсті. Хамр бес нәрседен жасалады: жүзімнен, құрмадан, балдан, бидайдан және арпадан. Хамр – ақылды тұмшалайтын нәрсе”, – деді»1.

Түсіндірме

1. Бұл хадистің хамрдың неден жасалатынын тізген бөлігі Тирмизиде Нұғман ибн Бәшир арқылы мәрфуғ, яғни Пайғамбарға (с.а.с.) телінген риуаят ретінде жеткен.

2. Бұл риуаят та ішімдіктің хамрға жату-жатпауын оның шикізаты айқындамайтынын көрсетеді. Тізімде сол дәуірде елге белгілі шикізат аталған. Басқа риуаяттарда оларға жүгері мен күріш те қосылады. Мекен, заман және өндіру тәсілі өзгеріп, басқа шикізаттан ақылды тұмшалайтын сусын, тағам, дәрі немесе екпе жасалса, автор оларды да осы үкімге жатқызады.

  1. 1Бұхари, «Әшриба», 2, 5 (5581, 5588), «Тәпсір», «Мәида», 10 • Мүслим, «Тәпсір», 32 (3032) • Нәсәи, «Әшриба», 20 (8/295) • Әбу Дәуіт, «Әшриба», 1 (3669) • Тирмизи, «Әшриба», 8 (1873, Омардан жеткен мағыналас риуаят).
2270
Кутуб ситтә, № 2270 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Жәбир (р.а.)

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «إِنَّ عَلَى اللَّهِ عَهْدًا لِمَنْ شَرِبَ الْمُسْكِرَ أَنْ يَسْقِيَهُ مِنْ طِينَةِ الْخَبَالِ». قَالُوا: يَا رَسُولَ اللَّهِ، وَمَا طِينَةُ الْخَبَالِ؟ قَالَ: «عَرَقُ أَهْلِ النَّارِ أَوْ عُصَارَةُ أَهْلِ النَّارِ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Жәбирден (р.а.) жеткен риуаятта: «Алла мас қылатын сусын ішкенге тинат әл-хабалдан ішкізуге уәде еткен», – делінеді. «Уа, Алла елшісі, тинат әл-хабал деген не?» – деп сұрағанда, ол: «Тозақ жұртының тері немесе денесінен аққан іріңі», – деп жауап берді1.

Түсіндірме

1. «Тәйсир» авторы хадисті қысқартып бергендіктен, риуаят сырттай мауқуф, яғни Жәбирдің өз сөзі сияқты көрінуі мүмкін. Толық нұсқасы былай: «Йеменнің Жайшан тайпасынан келген бір кісі өз елінде жүгеріден жасалып, мизр деп аталатын сусын жайында сұрады. Алла елшісі (с.а.с.): “Ол мас қыла ма?” – деді. Әлгі кісі: “Иә”, – деп жауап берді. Сонда ол: “Мас қылатын әрбір нәрсе харам. Алла мас қылатын сусын ішкенге тинат әл-хабалдан ішкізуге уәде еткен”, – деді». Толық риуаятта тинат әл-хабал «тозақ жұртының тері немесе денесінен аққан іріңі» деп түсіндірілген.

  1. 1Мүслим, «Әшриба», 72 (2002) • Нәсәи, «Әшриба», 49 (8/327).
2271
Кутуб ситтә, № 2271 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «لَعَنَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ فِي الْخَمْرِ عَشَرَةً: عَاصِرَهَا، وَمُعْتَصِرَهَا، وَشَارِبَهَا، وَحَامِلَهَا، وَالْمَحْمُولَةَ إِلَيْهِ، وَسَاقِيَهَا، وَبَائِعَهَا، وَآكِلَ ثَمَنِهَا، وَالْمُشْتَرِيَ لَهَا، وَالْمُشْتَرَاةَ لَهُ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) хамрға қатысы бар он кісіге лағынет айтты: оны жасау үшін шикізатты сыққанға және сықтырғанға, ішкенге, тасығанға және кімге тасылса, соған, құйып бергенге, сатқанға, ақшасын жегенге, сатып алғанға және кімге арнап сатып алынса, соған»1.

Түсіндірме

Бұл хадис шарапты жасаудан бастап, оны тұтынушының қолына жеткізгенге дейінгі әрбір іске қатысуға тыйым салады. Лағынет шарапқа жарайтын өнімді өсірушілерге өздігінен жүрмейді, өйткені өнімді өзге мақсатқа да пайдалануға болады. Мәселен, жүзім – Алла тағаланың адамға берген нығметі. Оны жаңа үзілген күйінде де, кептіріп те жейді, шырынынан сірне қайнатады, жапырағын асқа қосады. Алайда шарап өндірісін қамтамасыз ету үшін арнайы өнім өсіру және шарап жасайтынын біле тұра оны өндірушілерге сату жөнінде Әли әл-Қари «Мирқат» еңбегінде мұның да харам екенін айтқан. Ол Тибиден мына сөзді келтіреді: «Жүзімді шарап жасау үшін сығатын кісіге сатып, одан ақы алған адам да лағынетке лайық. Өйткені ол өзіне харам етілген ішімдіктің шикізатын шарап жасайтынын біле тұра сатып отыр. Мұндай адамдар “Алла яһудилерді құртсын! Өздеріне ішмай харам етілсе де, оны тасып, сатты” деп айтылған кісілерден алыс емес».

  1. 1Тирмизи, «Буюғ», 59 (1295) • Ибн Мәжа, «Әшриба», 6 (3381). «Тәйсирде» Тирмизидің «кімге арнап сатып алынса, соған» деген сөзінің орнында «сыйға бергенге» (وَوَاهِبَهَا) деп берілген.
2272
Кутуб ситтә, № 2272 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Әбу Мұса (р.а.)

وَعَنْ أَبِي مُوسَى رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَنَّهُ كَانَ يَقُولُ: «مَا أُبَالِي شَرِبْتُ الْخَمْرَ أَوْ عَبَدْتُ هَذِهِ السَّارِيَةَ دُونَ اللَّهِ». أَخْرَجَهُ النَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Мұса (р.а.) былай деген: «Меніңше, хамр ішу мен Алланы қойып, мына бағанаға табынудың айырмасы жоқ»1.

Түсіндірме

Бұл риуаят Алла елшісінің (с.а.с.) ішімдікке қатысты ұстанымы сахабаларға қаншалықты ықпал еткенін көрсетеді. Олар ішімдік ішуді пұтқа табынумен тең көрген. Алғашқы мұсылман қоғамында ішімдікті күшпен бақылайтын арнайы шараларсыз-ақ жұрттың одан бірден бас тартуына осы түсінік едәуір ықпал еткен болуы керек.

  1. 1Нәсәи, «Әшриба», 42 (8/314).