وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «نَهَى رَسُولُ اللَّهِ ﷺ أَنْ يُخْلَطَ الزَّبِيبُ وَالتَّمْرُ جَمِيعًا، وَالْبُسْرُ وَالتَّمْرُ جَمِيعًا»، وَقَالَ: «لَا تَنْبِذُوا الزَّبِيبَ وَالتَّمْرَ جَمِيعًا، وَلَا الرُّطَبَ وَالْبُسْرَ جَمِيعًا». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ.
Жәбир (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) мейіз бен кепкен құрманы, сондай-ақ піспеген құрма мен кепкен құрманы араластыруға тыйым салды. Ол: “Мейіз бен кепкен құрманы бірге салып нәбіз жасамаңдар, жас құрма мен піспеген құрманы да бірге салмаңдар”, – деді»1.
Түсіндірме
Бұл риуаятта әртүрлі жемісті араластырып, нәбіз жасауға тыйым салынған. Автор мейіз нәбізі мен құрма нәбізін араластырып, аздап қыздырғанда алынатын сусынды мысал етеді. Оны әрі қарай қоя тұрса, ашып көтеріліп, дәмі өткірленеді.
Хаттаби: «Көптеген ғалым екі өнімнен араластырылған сусын мас қылмаса да, харам деп есептеген. Хадисте үкім жалпылай айтылған, “мас қылса” деген шарт жоқ. Ата, Тауус, Мәлик, Ахмад, Исхақ және хадис ғалымдарының басым бөлігі осы пікірде. Олардың айтуынша, мұндай сусынды мас қылатын күйге жетпей тұрып ішкен кісі қоспаны ішкені үшін күнәға қалады. Ал сусын ашып, мас қылатын күйге жеткенде ішсе, екі күнә жасайды: қоспаны ішкені және мас қылатын сусын ішкені үшін», – дейді. Суфиян әс-Сәури мен әһлі рай ғалымдары бұған рұқсат берген. Ләйс ибн Сағд: «Мәкрүһ саналатыны – екеуін бірге салып, нәбізге айналғанша қалдыру. Өйткені бірге тұрса, бірін-бірі күшейтеді», – деген. Қади Ияз: «Екеуін араластыруға тыйым салынып, әрқайсысынан бөлек нәбіз дайындауға рұқсат етілді. Сірә, бірінің күйі ертерек өзгеріп, екіншісін де бұзатындықтан, адам оны байқамай, харам сусынды ішіп қоюы мүмкін», – деп түсіндіреді. Нәуәуи осы ойды анығырақ жеткізеді: «Екі өнімді араластырғанда сусынның дәмі өзгермей тұрып-ақ мас қылатын қасиет пайда болады. Адам оны әлі шарапқа айналмаған деп ойлап ішеді. Ал сусын ол кезде ашып, мас қылатын күйге жеткен болады».
Кейбір ғалымдар араластыруға салынған тыйымды ысыраппен байланыстырған. Олардың пайымынша, қажетсіз жерде екі өнімді араластырып сусын дайындау – сән-салтанатқа салынып, артық шығындану. Хадистегі тыйым осы себептен айтылған болуы мүмкін.
- 1Бұхари, «Әшриба», 11 • Мүслим, «Әшриба», 16 (1986) • Әбу Дәуіт, «Әшриба», 8 (3703) • Тирмизи, «Әшриба», 9 (1876, Жәбирден жеткен қысқа нұсқа; 1877, Әбу Сағидтен жеткен мағыналас риуаят) • Нәсәи, «Әшриба», 8 (8/290).