وَعَنْ سُوَيْدِ بْنِ غَفَلَةَ قَالَ: «قَرَأْتُ كِتَابَ عُمَرَ إِلَى أَبِي مُوسَى: أَمَّا بَعْدُ، فَإِنَّهُ قَدِمَتْ عَلَيَّ عِيرٌ مِنَ الشَّامِ تَحْمِلُ شَرَابًا غَلِيظًا أَسْوَدَ كَطِلَاءِ الْإِبِلِ، وَإِنِّي سَأَلْتُهُمْ عَلَى كَمْ يَطْبُخُونَهُ، فَأَخْبَرُونِي أَنَّهُمْ يَطْبُخُونَهُ عَلَى الثُّلُثَيْنِ، ذَهَبَ ثُلُثَاهُ الْأَخْبَثَانِ، ثُلُثٌ بِرِيحِهِ، وَثُلُثٌ بِبَغْيِهِ، فَمُرْ مَنْ قِبَلَكَ يَشْرَبُونَهُ». أَخْرَجَهُ النَّسَائِيُّ.
Суәйд ибн Ғафала былай дейді: «Омардың Әбу Мұсаға жазған хатын оқыдым. Ол былай депті: “Бұдан кейінгі сөзім мынау. Маған Шамнан түйеге жағатын қарамайдай қою, қап-қара сусын әкелген керуен келді. Олардан сусынды қаншаға дейін қайнататындарын сұрадым. Үштен екісі буланып кеткенше қайнататынын айтты. Сөйтіп екі жарамсыз бөлігі кетеді: бірімен жағымсыз иісі, екіншісімен зиянды қуаты кетеді. Қарамағыңдағыларға осы қалған сусыннан ішуді бұйыр”»1.
Түсіндірме
Саудагерлер Шамнан Хижазға қою, дәмі өте өткір, иісі жағымсыз шыра әкелген. Түсі түйені қотыр сияқты аурудан қорғау үшін жағатын қарамайдай қап-қара болған. Омар саудагерлерден осы шыраның қалай өңделетінін сұраған. Олардың айтуынша, қарамайға ұқсайтын бұл сұйықтық «тыла» деп аталған. Оны көлемінің үштен бірі қалғанша қайнатқан. Буланған бөліктің бірі – жағымсыз иісті, екіншісі – бұзылған бөлігі. Қалған үштен бірін ішуге жарамды деп санаған.
Ибн Хажардың түсіндірмесіне қарағанда, қайнатқанда алынған, түсі қарамайға ұқсайтын зат – жүзім сірнесі.
Омар (р.а.) мұсылман жұртының азық-түлік мәселесіне де көңіл бөліп, білгенін уәлилеріне хатпен жеткізген. Бұл риуаят Әбу Мұса әл-Ашғариге жазған хаты туралы. Нәсәи осы мәселе жөнінде Омар ибн Абдулазиздің де кейбір уәлилеріне хат жазғанын жеткізеді.
Нәсәи Әнәстан (р.а.) мына хабарды жеткізеді: «Шайтан Нұх пайғамбармен (а.с.) жүзім сабағына таласып: “Бұл – менікі”, – дейді. Нұх: “Бұл – менікі”, – деп жауап береді. Ақыры жүзім сабағының үштен бірі Нұхқа, үштен екісі шайтанға тиесілі болсын деп келіседі».
Ертедегі ғалымдар жүзім шырыны адал болуы үшін қанша бөлігі булануы керек деген мәселеде әртүрлі пікір айтқан. Жартысы буланса жеткілікті дегендер де болған. Ибн Хажар бұл айырманы: «Сірә, бұл әр өлкенің жүзіміне қарай өзгереді», – деп түсіндіреді. Ол Ибн Хазмнан кейбір жүзім шырыны үштен біріне, кейбірі жартысына, ал кейбірі төрттен біріне дейін қайнатылғанда мас қылатын қасиетін жоғалтады деген пікірді келтіреді. Ибн Аббастың бұған қарсы пәтуасы келесі №2292 хадисте берілген: «От харам етілгенді адал қылмайды».
- 1Нәсәи, «Әшриба», 53 (8/328–330, 5716).