وَعَنْ بُرَيْدَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ رَجُلًا سَأَلَ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ عَنْ وَقْتِ الصَّلَاةِ؟ فَقَالَ لَهُ: صَلِّ مَعَنَا هَذَيْنِ الْيَوْمَيْنِ: فَلَمَّا زَالَتِ الشَّمْسُ أَمَرَ بِلَالًا فَأَذَّنَ، ثُمَّ أَمَرَهُ فَأَقَامَ الظُّهْرَ، ثُمَّ أَمَرَهُ فَأَقَامَ الْعَصْرَ وَالشَّمْسُ مُرْتَفِعَةٌ بَيْضَاءُ نَقِيَّةٌ، ثُمَّ أَمَرَهُ فَأَقَامَ الْمَغْرِبَ حِينَ غَابَتِ الشَّمْسُ، ثُمَّ أَمَرَهُ فَأَقَامَ الْعِشَاءَ حِينَ غَابَ الشَّفَقُ، ثُمَّ أَمَرَهُ فَأَقَامَ الْفَجْرَ حِينَ طَلَعَ الْفَجْرُ، فَلَمَّا أَنْ كَانَ الْيَوْمُ الثَّانِي أَمَرَهُ فَأَبْرَدَ بِالظُّهْرِ فَأَبْرَدَ بِهَا، فَأَنْعَمَ أَنْ يُبْرِدَ بِهَا، وَصَلَّى الْعَصْرَ وَالشَّمْسُ مُرْتَفِعَةٌ أَخَّرَهَا فَوْقَ الَّذِي كَانَ، وَصَلَّى الْمَغْرِبَ قَبْلَ أَنْ يَغِيبَ الشَّفَقُ، وَصَلَّى الْعِشَاءَ بَعْدَمَا ذَهَبَ ثُلُثُ اللَّيْلِ، وَصَلَّى الْفَجْرَ فَأَسْفَرَ بِهَا، ثُمَّ قَالَ: أَيْنَ السَّائِلُ عَنْ وَقْتِ الصَّلَاةِ؟ فَقَالَ الرَّجُلُ: أَنَا يَا رَسُولَ اللَّهِ، فَقَالَ: وَقْتُ صَلَاتِكُمْ بَيْنَ مَا رَأَيْتُمْ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَالتِّرْمِذِيُّ وَالنَّسَائِيُّ. «الْإِبْرَادُ»: انْكِسَارُ الْوَهْجِ وَالْحَرِّ. وَمَعْنَى «أَنْعَمَ»: أَطَالَ الْإِبْرَادَ.
Бурайданың (р.а.) айтуынша, бір кісі Алла елшісінен (с.а.с.) намаз уақытын сұрады. Ол: «Осы екі күн бізбен бірге намаз оқы», – деді. Күн төбеден ауғанда Біләлге азан, содан соң бесін намазының қаматын айтқызды. Күн жоғары тұрып, нұры жарқырап тұрған шақта екінтінің қаматын айтқызды. Күн ұясына батқанда ақшамның, шапақ сөнгенде құптанның, таң атқанда таң намазының қаматын айтқызды. Екінші күні Біләлге күннің аптабы қайтқанша күте тұруды бұйырып, бесінді едәуір кешіктіріп оқыды. Екінтіні де алдыңғы күннен кеш, бірақ күн әлі жоғары тұрған шақта оқыды. Ақшамды шапақ сөнбей тұрып, құптанды түннің үштен бірі өткенде оқыды. Ал таң намазын айнала ағарғанша кешіктірді. Содан кейін: «Намаз уақытын сұраған адам қайда?» – деді. Әлгі кісі: «Мен, уа, Алла елшісі!» – деді. Алла елшісі: «Намаздарыңның уақыты өздерің көрген осы екі меженің арасында»1, – деді.
Түсіндірме
1. Бұл хадисте бес уақыт намаздың басы мен соңы көрсетілген. Алла елшісі (с.а.с.) сұраушы жақсы түсініп, жадында сақтасын деп, намаз уақыттарын екі күн бойы іс жүзінде көрсетті. Бірінші күні намаздарды уақыты кірісімен оқыса, екінші күні соңғы уақыттарына таятып оқыды. Осы межеден асса, намаз қазаға қалады. Содан соң сұраушыны шақырып, жауабын ісімен көрсеткенін айтты.
2. Намаздар осы екі меженің арасында оқылады. Басқа хадистерде намазды алғашқы уақытында оқудың абзалдығы айтылған. Бұл риуаятта да Алла елшісінің (с.а.с.) сұраушыға алдымен намаздың алғашқы уақыттарын көрсетуінен осы мән аңғарылады.
3. Сұраққа іс жүзінде жауап беру мәселені жақсы түсініп, ұзақ уақыт есте сақтауға көмектеседі.
4. Мәселені оған қажеттілік туып, адамды тиісті сұрақ толғандырған кезде түсіндірген жөн. Сонда адам жауапты зейін қойып тыңдайды әрі оның мәнін жақсырақ ұғады.
5. Риуаяттарда құптан намазының уақыты әртүрлі көрсетілген. Әбу Мұса мен Бурайданың риуаяттарында (№ 2361, 2363) түннің алғашқы үштен бірі, ал Әбу Дәуіттегі нұсқада (№ 2362) түн ортасы аталған. Құптанды қай уақытта оқыған абзал деген мәселеде де ғалымдардың пікірі әртүрлі. Ханафилер бойынша, құптанды түннің алғашқы үштен бірінің соңында оқу – мұстахаб. Кейбір ханафи ғалымдары оны түннің соңғы үштен бірі кірмей тұрып оқу мұстахаб деген. Осы пікірлерді ұштастыра келе, құптанды түннің алғашқы үштен бірі өтпей оқу дұрыс дегендер де бар.
Имам Шафиғиден екі пікір жеткен. Бірінде құптанды түннің алғашқы үштен біріне дейін, екіншісінде түн ортасына дейін оқу абзал делінеді. Нәуәуи екінші пікірді дұрыс санаған.
- 1Мүслим, «Мәсәжид», 176–177 (613); Тирмизи, «Салат» (152); Нәсәи, «Мауақит», 12 (1/258).