وَعَنْ خَبَّابٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «شَكَوْنَا إِلَى رَسُولِ اللَّهِ ﷺ حَرَّ الرَّمْضَاءِ فَلَمْ يُشْكِنَا. قَالَ زُهَيْرٌ لِأَبِي إِسْحَاقَ: أَفِي الظُّهْرِ؟ قَالَ: نَعَمْ. قُلْتُ: أَفِي تَعْجِيلِهَا؟ قَالَ: نَعَمْ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَالنَّسَائِيُّ. «الرَّمْضَاءِ»: شِدَّةُ الْحَرِّ عَلَى وَجْهِ الْأَرْضِ. وَقَوْلُهُ «فَلَمْ يُشْكِنَا»: أَيْ لَمْ يُزِلْ شَكْوَانَا.
Хаббаб (р.а.) былай дейді: «Алла елшісіне (с.а.с.) жердің күйдіріп тұрған ыстығын айтып шағындық. Бірақ шағымымыздың себебін жоятындай жеңілдік жасамады».
Зүһайр былай дейді: «Әбу Исхақтан: “Бұл бесін намазына қатысты ма?” – деп сұрадым. Ол: “Иә”, – деді. “Оны ерте оқығандарыңа байланысты ма?” – деп сұрадым. Ол тағы да: “Иә”, – деді».1
Түсіндірме
Соңғы үш хадис бесінді уақыты кірісімен оқуды меңзейді. Кей риуаятта күннің қызуы сәл басылғанша кешіктіруге рұқсат берілген. Бұл тарауда бесінді алғашқы уақытында оқу негізгі амал ретінде көрсетілген.
Фиқһ ғалымдары соңғы хадисті көбіне сәждеге қатысты келтіріп, маңдай мен жердің арасына бөгет қоймауға дәлел еткен. Жер күйіп тұрса да, Алла елшісі (с.а.с.) төсеніш төсеуді ұсынбаған. Намаз уақытына қатысты мағына Зүһайрдың Әбу Исхаққа қойған «Оны ерте оқығандарыңа байланысты ма?» деген сұрағынан аңғарылады. Берілген жауаптан бесін намазы қол мен бетті күйдірерліктей ыстықта да алғашқы уақытында оқылғаны көрінеді.
- 1Мүслим, «Мәсәжид», 189 (619); Нәсәи, «Мауақит», 2 (1/247).