وَعَنْ عَلِيٍّ بْنِ أَبِي طَالِبٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ النَّبِيَّ ﷺ قَالَ لَهُ: يَا عَلِيُّ، ثَلَاثًا لَا تُؤَخِّرْهَا: الصَّلَاةَ إِذَا دَخَلَ وَقْتُهَا، وَالْجَنَازَةَ إِذَا حَضَرَتْ، وَالْأَيِّمَ إِذَا وَجَدْتَ لَهَا كُفْؤًا». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Әзірет Әли ибн Әбу Талиб (р.а.) былай дейді: «Пайғамбар (с.а.с.) маған: “Уа, Әли! Үш істі кешіктірме: уақыты кірген намазды оқуды, жаназа дайын болғанда оны шығаруды және некесіз әйелге өзіне тең жар табылғанда, оны некелеуді”, – деді».1
Түсіндірме
1. Алла елшісі (с.а.с.) осы хадисте маңызды үш істі атап, намаздың, жаназаның және неке қиюдың уақытын өткізіп алмауды ескертеді. Әсіресе намазды уақыты кіргенде оқудың маңызына назар аударады.
2. Кейбір ғалымдар осы хадиске сүйеніп, жаназа дайын болса, намаз оқу мәкрүһ мезгілде де жаназа намазын оқуға болады деген. Әли әл-Қари былай дейді: «Ханафи мәзһабында үкім мынадай: күн шығып, батып немесе тас төбеде тұрған мәкрүһ мезгілдің бірінде жаназа дайын болса, намазы кідіртілмей оқылады. Ал жаназа бұдан бұрын дайын болып, намазы осы уақыттарға қалдырылса, ол мезгілде оқу мәкрүһ саналады. Тиләуат сәждесінің үкімі де осындай. Таң намазының алдында не одан кейін және екінтіден кейін осы екі амалды жасау мәкрүһ саналмайды.»
3. Хадистегі «әйим» сөзі күйеуі жоқ әйелді білдіреді. Бұған тұрмысқа шықпаған қыз да, жесір әйел де кіреді. Мұндағы мақсат – некеге дайын әйелге лайықты адам сөз салғанда, істі созбау. Өзге хадистерде ер баланы да балиғатқа толған соң кешіктірмей үйлендіру құпталған. Бұл риуаятта әйелдің некесін созбаудың маңызы айрықша айтылған. Ер кісінің өзіне жар іздеуі оңайырақ, ал әйел адамға жар іздеу қиындау болатынын ескерсек, өсиеттің мәні ашыла түседі.
4. Некедегі теңдікке қатысты фиқһта ер адамның мұсылман, азат, ізгі, тегі белгілі, кәсіп иесі және адал табыс табатын адам болуы ескерілген. Бұған қоса, ерлі-зайыптылардың жарасымына ықпал ететін тәрбиесі, көрген өнегесі, мәдени ортасы мен тілінің ортақтығы да назарға алынуы мүмкін. Бірі қалада, екіншісі ауылда өскен адамдардың тұрмыс салтына бейімделуі кейде қиындық туғызады.
Осындай қасиеттері бар адамды менсінбей, шамасы жетпейтін шарттар қойып, одан лайықтырақ үміткер күтуді автор хадистің мазмұнына қайшы санайды. Неке қиюды қиындату исламның рухына жат. Пайғамбарымыз бұл істе де жеңілдікке шақырған. Бұл мәселе «Неке» тарауында, әсіресе № 5625–5627 хадистерде сөз болады.
- 1Тирмизи, «Салат», 127 (171).