Хадис

Кутуб ситтә, № 2399

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
345. Намаз уақыттары
Нөмірі
№ 2399 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 40
2399
Кутуб ситтә, № 2399 · тараудағы реті: 40Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «إِذَا قُدِّمَ الْعَشَاءُ فَابْدَؤُوا بِهِ قَبْلَ صَلَاةِ الْمَغْرِبِ، وَلَا تَعْجَلُوا عَنْ عَشَائِكُمْ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا أَبَا دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Кешкі ас дастарқанға қойылса, ақшам намазынан бұрын асты ішіңдер. Ас үстінде асықпаңдар”, – деді»1.

Түсіндірме

1. Ақшам намазының уақытында ас дайын тұрса, алдымен тамақтануды құптайтын бірнеше хадис бар. «Тәйсирдегі» нұсқада «Кешкі ас ұсынылса...», Бұхаридегі нұсқаларда «Кешкі ас дастарқанға қойылса...» және «Кешкі ас дайын тұрса...» делінген. Үшеуінің мағынасы бір.

Мұндағы астың дайын болуы – тамақтың адамның алдына қойылуы. Алла елшісі (с.а.с.) намазда адамның көңілі бөлінбеуін көздеген болса керек. Қарны ашқан кісі ас иісі аңқып тұрғанда ойын жинақтай алмай, намазын асығыс әрі ықылассыз оқуы мүмкін. Ибн Омардың (р.а.) алдына ас қойылғанда намаз басталып кетсе, ол асын ішіп бітпейінше намазға бармайтын, бірақ имамның қырағатын естіп отыратын.

2. Кей ғалым хадисте тек ақшам намазы аталғанына сүйеніп, бұл үкімді ақшам уақытына ғана қатысты деп түсінген. Әл-Фақһани оны барлық намазға қатысты деп есептейді. Өйткені аштық намазды ықыласпен оқуға кедергі келтіреді. Хадисте ақшамның аталу себебі – оның ауызашар уақытына сәйкес келуі. Ораза ұстамаған кісінің өзі осы мезгілде кейде ораза ұстаған адамнан да қатты ашығатыны айтылған.

3. Кей ғалым намаз бен ас қатар келгенде, аштықты басу үшін дәм татып, намаздан кейін асқа қайта отырып, тойғанша жеуді ұсынған. Бірақ мұндай тәсіл хадистегі «Ас үстінде асықпаңдар» деген сөзге сай келмейді.

4. Көпшілік ғалым бұл бұйрықты уәжіп деп санамаған. Олардың түсінігінше, ас ішпей тұрып намаз оқуға болады, бірақ тамақтанып алып, көңілі орнығып намазға тұрған абзал. Бірнеше ғалым ғана бұны уәжіп деп білген. Негізге алынғаны – көпшіліктің пікірі. Заһири ғалымдары дайын асты ішпей оқылған намазды жарамсыз санаған.

  1. 1Бұхари, «Атғима», 58, «Азан», 42 (672); Мүслим, «Мәсәжид», 64 (557); Тирмизи, «Салат», 262 (353); Нәсәи, «Имамат», 57 (2/111).