Хадис

Кутуб ситтә, № 2408

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
345. Намаз уақыттары
Нөмірі
№ 2408 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 49
2408
Кутуб ситтә, № 2408 · тараудағы реті: 49Риуаят етуші: Әбу Мұса (р.а.)

وَعَنْ أَبِي مُوسَى رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «أَعْتَمَ بِالصَّلَاةِ، يَعْنِي النَّبِيَّ ﷺ، حَتَّى ابْهَارَّ اللَّيْلُ، ثُمَّ خَرَجَ فَصَلَّى بِهِمْ. فَلَمَّا قَضَى النَّبِيُّ ﷺ صَلَاتَهُ قَالَ لِمَنْ حَضَرَهُ: عَلَى رِسْلِكُمْ، أُعْلِمُكُمْ وَأَبْشِرُوا، إِنَّ مِنْ نِعْمَةِ اللَّهِ عَلَيْكُمْ أَنَّهُ لَيْسَ أَحَدٌ مِنَ النَّاسِ يُصَلِّي هَذِهِ السَّاعَةَ غَيْرَكُمْ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ. «ابْهَارَّ اللَّيْلُ»: ذَهَبَ مُعْظَمُهُ أَوْ نِصْفُهُ. وَ«رِسْلِكُمْ» بِكَسْرِ الرَّاءِ، أَيْ عَلَى هِينَتِكُمْ.

Қазақша аудармасы

Әбу Мұса (р.а.) былай дейді: «Бір күні Алла елшісі (с.а.с.) құптанды түннің жартысы немесе көбісі өткенше кешіктірді. Содан соң шығып, жамағатқа намаз оқытты. Намаздан кейін сол жерде отырғандарға: “Асықпаңдар, бір сөз айтайын. Сүйінші! Алланың сендерге берген нығметінің бірі – дәл осы уақытта сендерден басқа ешкім намаз оқып тұрған жоқ”, – деді. Немесе “Дәл осы уақытта сендерден басқа ешкім намаз оқымады” деген. Осы екі сөздің қайсысын айтқанын білмейміз».

Әбу Мұса (р.а.) сөзін: «Алла елшісінен (с.а.с.) естігенімізге қуанып, үйімізге қайттық», – деп аяқтайды1.

Түсіндірме

1. Ибн Хажар бұл жолы Алла елшісінің (с.а.с.) құптанды әдейі кешіктірмегенін, маңызды бір істің бөгегенін айтады.

2. Хадиске сүйеніп, құптанды кешіктіру абзал деген ғалымдар бар. Алайда Ибн Баттал: «Біздің заманымызда имамдар үшін бұлай ету орынды болмас. Жамағат арасында қарт, әлсіз, науқас адамдар болуы мүмкін. Алла елшісі (с.а.с.) намазды жұртқа ауырлатпауға бұйырған», – деген.

Әбу Сағид әл-Худри (р.а.) былай дейді: «Алла елшісімен (с.а.с.) құптан намазын оқыдық. Намаздан соң ол: “Жұрт намазын оқып, төсектерінде ұйықтап жатыр. Ал сендер намазды күткен уақыт бойы намаз оқығандай болдыңдар. Әлсіздің әлсіздігі, науқастың ауруы және жұрттың шаруасы болмаса, бұл намазды түннің жартысына дейін кешіктірер едім”, – деді».

Кей ғалым осы риуаятты және Тирмизидегі «Үмбетіме ауыр тимесе, құптанды түннің үштен біріне немесе жартысына дейін кешіктіріп оқуды бұйырар едім» деген хадисті негізге алған. Олардың пайымынша, ұйқысы қыспайтын, күтуге шамасы жететін әрі соның қиындығын көрмейтін кісіге құптанды кешіктіріп оқу абзал. Имам Нәуәуи «Сахих Мүслимге» жазған түсіндірмесінде осы пікірді келтіреді. Шафиғи мәзһабының және өзге мәзһабтардың көптеген ғалымы да осыны құптаған.

Тахауи, Мәлик, Ахмад және табиғиндердің көпшілігі құптанды түннің үштен біріне дейін кешіктіруді мұстахаб деп санаған. Шафиғи де осы пікірде болған.

  1. 1Бұхари, «Мауақит», 22; Мүслим, «Мәсәжид», 224 (641).