Хадис

Кутуб ситтә, № 2413

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
345. Намаз уақыттары
Нөмірі
№ 2413 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 54
2413
Кутуб ситтә, № 2413 · тараудағы реті: 54Риуаят етуші: Рафиғ ибн Хадиж (р.а.)

وَعَنْ رَافِعِ بْنِ خَدِيجٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: «أَسْفِرُوا بِالْفَجْرِ، فَإِنَّهُ أَعْظَمُ لِلْأَجْرِ». أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ. وَزَادَ رَزِينٌ: «وَإِنَّ أَفْضَلَ الْعَمَلِ الصَّلَاةُ لِوَقْتِهَا».

Қазақша аудармасы

Рафиғ ибн Хадижден (р.а.) жеткен риуаятта Алла елшісі (с.а.с.): «Таң намазын айнала ағарғанда оқыңдар. Өйткені солай оқудың сауабы молырақ», – деген. Разин: «Амалдардың ең абзалы – уақытында оқылған намаз», – деген сөйлемді қосып келтіреді1.

Түсіндірме

1. Бұл хадисте таң намазын уақыты кіре сала емес, айнала ағара бастағанда оқу айтылған.

Әбу Ханифа мен Суфиян әс-Сәури таң намазын айнала ағара бастағанда оқуды абзал санаған. Сахабалар мен табиғиндердің арасында да осы пікірді ұстанғандар болған.

2. № 2360–2363 хадистерде таң намазын қараңғылық сейілмей тұрып оқу туралы риуаяттар берілді. Ал бұл хадисте айнала ағарғанда оқудың абзалдығы айтылған. Екі топтағы риуаятты ұштастырған ғалымдар намазды ерте бастап, қырағатты айнала ағарғанша созуды меңзеген деген.

Таң намазын қараңғыда оқу туралы үкімнің кейін күші жойылған деген ғалымдар да болған. Бірақ бұл пікір жорамалға сүйенгендіктен қабылданбаған.

Айнала ағарғанда оқу туралы сахабалар бірауыздан келіскен дейтіндер де бар. Дегенмен бұл мәселеде ижмағ болғаны анықталмаған.

  1. 1Тирмизи, «Салат», 117 (154); Әбу Дәуіт, «Салат», 8 (424); Нәсәи, «Мауақит», 27 (1/272).