وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَنْ أَذَّنَ سَبْعَ سِنِينَ مُحْتَسِبًا كَتَبَ اللَّهُ لَهُ بَرَاءَةً مِنَ النَّارِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ. الْمُحْتَسِبُ: طَالِبُ الْأَجْرِ وَالثَّوَابِ عَلَى فِعْلِهِ مِنَ اللَّهِ تَعَالَى.
Ибн Аббас (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.): «Кім Алладан сауап үміт етіп, жеті жыл азан айтса, Алла оған тозақ отынан азат болуды жазады», – деген.1
Түсіндірме
Мұндағы азан – намазға шақыру үшін айтылатын азан. «Мұхтасибан» сөзі Алла елшісінің азаншыға уәде еткен сауабына сеніп, сол сауапты Алладан күту дегенді білдіреді. Мүнәуи мұны азаншылық қызметі үшін ақы алмай, Алланың сауабын ғана көздеу деп түсінген. Ол осы қызметтің тозақ отынан азат болуға қалай себеп болатынын былай түсіндіреді: «Дүниелік мүдде көздемей, қос куәлік сөзін айту мен Аллаға дұға етуді ұзақ уақыт жалғастыру адамның болмысын тәухидпен тәрбиелейді. Бұл – Алланың берген сыйы. Раббы берген сыйын қайтарып алмайды»2.