وَعَنْ مُعَاوِيَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَقُولُ: الْمُؤَذِّنُونَ أَطْوَلُ النَّاسِ أَعْنَاقًا يَوْمَ الْقِيَامَةِ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.
Муғауия (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.): “Қиямет күні адамдардың ішінде мойны ең ұзыны азаншылар болады”, – дегенін естідім»1.
Түсіндірме
Азаншылардың «мойны ұзын» болатынын ғалымдар әртүрлі түсіндірген:
• Бірсыпыра ғалымның пікірінше, азаншылар Алла тағаланың мейіріміне бәрінен көбірек ұмтылады. Адам ынтық болған нәрсесін көру үшін мойнын созады.
• Кейбірі азаншылар Қиямет күні мұсылмандардың жетекшілері қатарында болады деген. Арабтар көсемдері мен ықпалды кісілерін «мойны ұзын» деп атаған.
• Кейбірі азаншылардың сауабы ең көп болады деген. Араб тіліндегі «пәленшенің жақсылықтан мойны бар» тіркесі «оның жақсылықтан несібесі бар» дегенді білдіреді.
• Кейбірі азаншылардың үміті бәрінен мол деген. Үміт еткен нәрсесіне адам мойнын созады. Қиямет күні өзгелер қиналып тұрғанда азаншылар үміт күтеді. Мойынның созылуы қуаныш пен жеңілдікті, мойынның салбырауы қайғы-мұңды білдіреді.
• Кейбірі бұл сөз көп жамағатты меңзейді деген. Араб тілінде «адамдар бір мойын болып келді» десе, олардың топ болып келгенін білдіреді.
• Кейбірі Қиямет күні адамдардың тері құлақтарына дейін көтерілгенде, азаншылардың мойны ұзарып, тер ауыздарына кірмейді деген.
• Кей ғалым «мойын» мағынасындағы «ағнақ» сөзін «иғнақ» деп оқыған. Бұл оқылымда азаншылардың жұмаққа ең жылдам кіретіні меңзеледі.
• Кейбірі азаншылар Қиямет күні мойнының ұзындығынан танылады деген. Бұдан өзге жорамалдар да бар.
- 1Мүслим, «Салат», 14 (387). Ибраһим Жанан, «Күтүб-и ситте», 8/335.