Хадис

Бесін және екінті намаздары

Кутуб ситтә, 7-том, 355-тарау · 5 хадис · № 2550–2554

Хадистер

2550
Кутуб ситтә, № 2550 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Қатада (р.а.)

عَنْ أَبِي قَتَادَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ «أَنَّ النَّبِيَّ ﷺ كَانَ يَقْرَأُ فِي الظُّهْرِ فِي الأُولَيَيْنِ بِأُمِّ الْكِتَابِ وَسُورَتَيْنِ، وَفِي الرَّكْعَتَيْنِ الأخِيرَتَيْنِ بِأُمِّ الْكِتَابِ وَيُسْمِعُنَا الْآيةَ أحْيَانًا، وَيُطَوِّلُ فِي الرَّكْعَةِ الْأُولَى مَا لَا يُطِيلُ فِي الثَّانِيَةِ، وَكَذَا فِي الْعَصْرِ وَالصُّبْحِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ. زَادَ أَبُو دَاوُدَ فِي رِوَايَة: «فَظَنَنَّا أَنَّهُ يُرِيدُ بِذَلِكَ أَنْ يُدْرِكَ النَّاسُ الرَّكْعَةَ الأُولَى».

Қазақша аудармасы

Әбу Қатада (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) бесіннің алғашқы екі рәкатында “Фатихамен” бірге екі сүре, соңғы екі рәкатында “Фатиханы” оқитын. Кейде бір аятты бізге естіртетін. Бірінші рәкаттың қырағатын екіншісінен ұзақ оқитын. Екінті мен таң намаздарында да солай істейтін».1

Әбу Дәуіт келтірген нұсқада мына сөз қосылған: «Жұрт бірінші рәкатқа үлгерсін деп солай істеген болар деп ойлайтынбыз».

Түсіндірме

Бұл хадистен Алла елшісінің (с.а.с.) намаздың бірінші рәкатын ұзақ оқығанын көреміз. Ғалымдардың айтуынша, жамағатқа көбірек кісі үлгерсін деген. Сондықтан намазды жеке оқыған адамның екі рәкаттағы қырағатын шамалас оқуы абзал. Кейбір ғалымдар таң намазының бірінші рәкатын кез келген жағдайда ұзағырақ оқу мұстахаб деген. Өзге намаздарда жамағатқа адам қосылуы мүмкін болса, алғашқы рәкатты ұзақ оқу абзал. Ондай ықтималдық болмаса, қырағаттары шамалас болғаны жөн.

Ибн Хажар таң намазында қырағатты созудың мәнін былай түсіндіреді: «Таң намазы ұйқы мен тынығудан кейінгі мезгілге сәйкес келеді. Күнделікті тіршілік қамы көңілді әлі алаңдата қоймағандықтан, адамның ықыласы айтылған сөзге ауады, құлағы қырағатқа ден қояды».

  1. 1Бұхари, Азан: 107, 97, 109, 110; Мүслим, Салат: 154, (451); Әбу Дәуіт, Салат: 129, (798, 799, 800); Нәсәи, Ифтитах: 56-60, (2, 164, 166).
2551
Кутуб ситтә, № 2551 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنْ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «لَا أَدْرِي أَكَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ يَقْرَأُ فِي الظُّهْرِ وَالْعَصْرِ أمْ لَا؟». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) бесін мен екінті намаздарында қырағат оқыған-оқымағанын білмеймін».1

Түсіндірме

Бұл хадисте Ибн Аббастың (р.а.) бір күмәні айтылған. Алла елшісі (с.а.с.) қырағаты жария оқылмайтын бесін мен екінтіде Құран оқыды ма? Ибн Аббастан үш түрлі риуаят жеткен. Бірінде қырағат оқығаны, бірінде оқымағаны айтылады. Үшіншісінде Ибн Аббас бұл жайында күмәнданған. Әбу Дәуіт келтірген риуаятта одан: «Алла елшісі (с.а.с.) бесін мен екінтіде қырағат оқитын ба?» – деп сұрағанда, ол: «Жоқ», – деп жауап берген. «Мүмкін, іштей оқыған шығар?» – дегенде: «Бұл сөзің алдыңғысынан да жаман. Ол құл еді, өзіне не бұйырылса, соны жеткізді», – деген.

Ибн Аббастың осы екі намазда қырағат оқылатынын құптағанын Әбу әл-Алия әл-Бәрра жеткізген: «Ибн Аббастан: “Екінтіде қырағат оқиын ба?” – деп сұрадым. Ол: “Құран алдыңда тұр, одан аз не көп оқы”, – деді». Риуаятты Ибн әл-Мунзир мен Тахауи келтірген.

Ғұламалар бесін мен екінтіде қырағат оқылатынына күмәнданбаған. Әбу Қатада, Хаббаб және басқа сахабалардан жеткен риуаяттарда Алла елшісінің (с.а.с.) екі намазда да қырағат оқығаны анық айтылған.

Бұған алдыңғы хадис пен төмендегі риуаяттар да дәлел. «Күмән анық мәліметті жоққа шығара алмайды» деген қағидаға сай, бұл риуаяттағы күмән өзге риуаяттарда нақты айтылған дерекке нұқсан келтірмейді. Анық деректер күмәнді сейілтеді.

  1. 1Әбу Дәуіт, Салат: 131, (808).
2552
Кутуб ситтә, № 2552 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Жәбир ибн Сәмура (р.а.)

وَعَنْ جَابِرٍ بْنِ سُمْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ يَقْرأُ فِي الظُّهْرِ بِاللَّيْلِ إِذَا يَغْشَى، وَفِي الْعَصْرِ نَحْوِ ذَلِكَ، وَفِي الصُّبْحِ أَطْوَلَ مِنْ ذَلِكَ». أَخْرَجَهُ وَأَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Жәбир ибн Сәмура (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) бесінде “Ләйл” сүресін оқитын, екінтіде де сондай қырағат оқитын. Ал таң намазында қырағатты бұдан ұзақ оқитын».1

  1. 1Бұхари, «Азан», 103, 95, 96. Мүслим, «Салат», 159 (№453). Әбу Дәуіт, «Салат», 130 (№804). Нәсәи, «Ифтитах», 74 (2/174).
2553
Кутуб ситтә, № 2553 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Бәра (р.а.)

وَعَنِ الْبَرَاءِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كُنَّا نُصَلِّي خَلْفَ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ الظُّهْرَ فَنَسْمَعُ مِنْهُ الْآيةَ بَعْدَ الْآيَاتِ مِنْ لُقْمَانَ وَالذَّارِيَاتِ». أَخْرَجَهُ النَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Бәра (р.а.) былай дейді: «Бесін намазын Алла елшісіне (с.а.с.) ұйып оқыдық. Оның “Лұқман” мен “Зәрият” сүрелерінен бірінен соң бірін оқыған аяттарын еститінбіз».1

  1. 1Нәсәи, Ифтитах: 55, (2, 163).
2554
Кутуб ситтә, № 2554 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا: «أَنَّ النَّبِيَّ ﷺ سَجَدَ فِي صَلَاةٍ ثُمَّ قَامَ فَرَكَعَ فَرَأَوْا أَنَّهُ قَرَأ ألم تَنْزِيلَ السَّجْدَةُ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) бір намазда сәжде жасады. Содан соң орнынан тұрып, рукуғқа барды. Жамағат оның “Сәжде” сүресін оқығанын аңғарды».1

Түсіндірме

1. Хадис мұнда ықшамдалып берілген тәрізді. Әбу Дәуіттегі нұсқада оқиға бесін намазында болғаны анық айтылған. Сәжде деп тиләуат сәждесі меңзелген. Хадиске түсіндірме жазған ғалымдардың пайымынша, Алла елшісі (с.а.с.) тиләуат сәждесінен тұрған соң сүренің жалғасын оқымай, рукуғқа барған.

Әли әл-Қаридің пікірінше, «Қырағатты жалғастыруға болады, әрі сол абзал. Оны тоқтату намаз ұзап кеткендіктен немесе тоқтатуға болатынын көрсету үшін жасалған болуы мүмкін. Риуаятта Алла елшісінің (с.а.с.) қырағатты жалғастырмағаны анық айтылмаған». Әли әл-Қари тағы былай деген: «Мәзһабымызда (ханафи) рукуғ тиләуат сәждесінің орнына жүрсе де, Алла елшісі (с.а.с.) рукуғпен шектелмей, тиләуат үшін бөлек сәжде жасаған. Ол осылайша амалдың абзалын таңдаған».

  1. 1Әбу Дәуіт, Салат: 131, (807).