عَنْ مَرَوَانَ بْنِ الْحَكَمِ قَالَ: «قَالَ لِي زَيْدُ بْنُ ثَابِتٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: مَا لَكَ تَقْرَأُ فِي الْمَغْرِبِ بِقِصَارِ الْمُفَصَّلِ، وَقَدْ سَمِعْتُ النَّبِيَّ ﷺ يَقْرَأُ بِطُولَى الطُّولَيَيْنِ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَأَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ. وَزَادَ أَبُو دَاوُدَ. قُلْتُ: «وَمَا طُولَى الطُّولَيَيْنِ؟ قَالَ: الْأعْرَافُ وَالْأُخْرَى الْأنْعَامُ». وَاللَّهُ أعْلَمُ.
Мәруан ибн әл-Хакам былай дейді: «Зәйд ибн Сәбит (р.а.) маған: “Ақшам намазында муфассалдың қысқа сүрелерін неге оқисың? Алла елшісінің (с.а.с.) ‘тула әт-тулайәнді’ оқығанын естідім”, – деді».1
Әбу Дәуіттің нұсқасында мына сөз қосылған: «Мен: “Тула әт-тулайән деген не?” – деп сұрадым. Ол: “‘Ағраф’, ал екіншісі – ‘Әнғам’”, – деді».
Түсіндірме
1. Хадистегі «қисар әл-муфассал» – қысқа муфассал сүрелер. Муфассалдың соңғы сүресі «Нас» екеніне дау жоқ. Ал қай сүреден басталатынына қатысты пікірлер әртүрлі. «Саффат», «Жәсия», «Қитал» («Мұхаммед»), «Фатх», «Хужурат», «Қаф», «Саф», «Мүлік» («Тәбәрак»), «Ағла» («Сәббих») және «Духа» сүрелерінің әрқайсысын алғашқы муфассал санағандар бар. Басым пікір бойынша, муфассал «Хужураттан» басталады. «Ләм йәкун» деп басталатын «Бәйинә» сүресінен басталады деген көпшілік пікірі де келтірілген. Араларында «бисмиллә» жиі келіп, бір-бірінен бөлініп тұрғандықтан, бұл сүрелер «муфассал» аталған. «Хужураттан» «Буружға» дейінгілер – ұзын муфассал (тиуал), «Буруждан» «Бәйинәға» дейінгілер – орташа муфассал (әусат).
2. «Тула әт-тулайән» тіркесі «ең ұзын екі сүренің ұзыны» дегенді білдіреді.2 Ибн Хажар осы атауға қатысты пікірлерді келтірген. Ең ұзын екі сүре деп «Әлиф, Ләм, Мим, Сад» деп басталатын «Ағраф» пен «Мәида», «Ағраф» пен «Әнғам» немесе «Ағраф» пен «Бақара» аталған.
Ибн Хажардың айтуынша, екі ұзын сүренің ұзыны дегенде «Ағраф» меңзелгеніне ғалымдар келіскен. Құрандағы ең ұзын сүре «Бақара» бола тұра, неліктен «Ағраф» меңзелгенін түсіндіру үшін ол Ибн Батталдың мына сөзін келтіреді: «“Бақара” – жеті ұзын сүренің ең ұзыны. Зәйд ибн Сәбит “Бақараны” меңзесе, “тула әт-туал”, яғни “ұзын сүрелердің ең ұзыны” дер еді. Олай демегеніне қарағанда, “Ағрафты” меңзеген. Өйткені “Бақарадан” кейінгі ең ұзын сүре – сол». Бұған «Ниса» сүресі «Ағрафтан» ұзын деген сын айтылған. Мұндағы өлшемдер әртүрлі. Зәйд ибн Сәбит аят санын негізге алған: «Ағрафтың» аяттары «Нисадан» да, «Бақарадан» кейінгі өзге ұзын сүрелерден де көп. Ал сын айтқан ғалым сөз санын есептеген: «Нисадағы» сөздер «Ағрафтағыдан» жүз сөзге артық.
3. Ибн әл-Мунир осы хадиске сүйеніп, Алла елшісінің (с.а.с.) ақшам намазында ара-тұра ұзын сүре оқығанын айтқан.
4. Осы хадиске сүйенген ғалымдар ақшам намазының уақыты кең болса, қысқа сүрелермен шектелмей оқу мұстахаб деген.