وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ النَّبِيُّ ﷺ يَنْهَضُ فِي الصَّلَاةِ عَلَى صُدُورِ قَدَمَيْهِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) намазда аяқтың алдыңғы жағына салмақ түсіріп көтерілетін».1
Түсіндірме
Тирмизидің хадистерін түсіндірген Мүбәракфури «аяқтың алдыңғы жағына салмақ түсіріп көтерілу» тіркесін «отырмай бірден тұру» деп ұққан. Ол: «Жәлсәтул-истираханы сүннет санамайтындар осы хадиске сүйенеді2. Алайда хадис әлсіз, сондықтан оны дәлел етуге келмейді», – деген.
Тирмизи бұл хадисті бағалай келе: «Ғалымдар осы хадиске сүйеніп амал еткен», – дейді. Мүбәракфури оның осы сөзіне де ескерту жасайды: «Тирмизи “Осы хадиске сүйеніп кейбір ғалымдар амал еткен” десе, дұрысырақ болар еді». Хадис төңірегіндегі өзге пікірталастарды бұл жерде келтіруді қажет көрмедік.