وَعِنْدَ التِّرْمِذِيِّ: «سَلَامٌ عَلَيْكَ، سَلَامٌ عَلَيْنَا بِغَيْرِ أَلِفٍ وَلَامٍ».
Тирмизидегі нұсқада: «Саған сәлем болсын, бізге сәлем болсын», – делінген. Бұл жерде «сәлем» сөзі екі рет те әлиф-ләмсіз келген.1
Түсіндірме
Шәфиғилер тәшәһһудте Ибн Аббастың риуаятын негізге алады. Оны Ибн Мәсғудтың риуаятымен салыстырғанда екі айырма байқалады.
1) Бұл нұсқада «мүбәракат» сөзі қосылған.
2) Тирмизи келтірген нұсқада «сәлем» сөзі әлиф-ләмсіз, ал Ибн Мәсғудтың риуаятында әлиф-ләммен «әс-сәләм» түрінде келген.
«Әл-Мубәракат» сөзі «берекет» сөзінен шығады. Тілдік мағынасы «түйенің жерге шөгіп жатуын» білдіреді. Бұл сөздің «жалғасу» деген мағынасы да бар. Салауаттың мәтінінде «Аллаһумма бәрик алә Мухаммадин» деген кезде, «Аллаһым Мұхаммедке берген жақсылық, керемет, берекет т.б. жақсылықтарды үзбе» деген мағына шығады. Сонымен қатар берекет «көбейту», «арттыру» мағыналарына да келеді. Хадиске түсіндірме берген ғұламалар хадис мәтінінде келген «мүбәракат» сөзін «нағмият» деп аударған. Бұл сөз «арту», «өсу», «көбею» деген мағыналарды білдірсе керек. Артқан, көбейген нәрселердің не екендігін нақты ешкім басып айтпаған. «Өте көп жақсылық» деген жорамалдар бар.
«Сәләм» сөзінің басына әлиф-ләмнің жалғануы мағынаны елеулі өзгертпейді. Имам Нәуәуи араб тілінде екі нұсқа да дұрыс екенін айтқан. Әлиф-ләммен айту абзалырақ. Ибн Хажар Ибн Мәсғуд жеткізген нұсқада бұл сөздің әр жолы әлиф-ләммен келгенін атап өткен.
- 1Мүслим, Салат: 60, (403); Әбу Дәуіт, Салат: 182, (974); Тирмизи, Салат: 216, (290); Нәсәи, Ифтитах: 193, (2, 242–243).