Хадис

Кутуб ситтә, № 2633

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
364. Тәшәһһуд
Нөмірі
№ 2633 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 12
2633
Кутуб ситтә, № 2633 · тараудағы реті: 12

وَفِي الْمُوَطَّأِ: «أَنَّ ابْنَ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا كَانَ يَتَشَهَّدُ: بِسْمِ اللَّهِ التَّحِيَّاتُ لِلَّهِ، وَالصَّلَوَاتُ لِلَّهِ، الزَّاكِيَاتُ لِلَّهِ، السَّلَامُ عَلَى النَّبِيِّ وَرَحْمَةُ اللَّهِ وَبَرَكَاتُهُ، السَّلَامُ عَلَيْنَا وَعَلَى عِبَادِ اللَّهِ الصَّالِحِينَ، شَهِدْتُ أَنْ لَا إِلَهَ إِلَّا اللَّهُ وَشَهِدْتُ أَنَّ مُحَمَّدًا رَسُولُ اللَّهِ، يَقُولُ هَذَا فِي الرَّكْعَتَيْنِ الْأُولَيَيْنِ، وَيَدْعُو إِذَا قَضَى تَشَهُّدَهُ، فَإِذَا جَلَسَ فِي آخِرِ صَلَاتِهِ تَشَهَّدَ كَذَلِكَ أَيْضًا إِلَّا أَنَّهُ يُقَدِّمُ التَّشَهُّدَ، ثُمَّ يَدْعُو بِمَا بَدَا لَهُ، وَإِذَا قَضَى تَشَهُّدَهُ وَأَرَادَ أَنْ يُسَلِّمَ قَالَ: السَّلَامُ عَلَى النَّبِيِّ وَرَحْمَةُ اللَّهِ وَبَرَكَاتُهُ، السَّلَامُ عَلَيْنَا وَعَلَى عِبَادِ اللَّهِ الصَّالِحِينَ، ثُمَّ يَقُولُ: السَّلَامُ عَلَيْكُمْ عَنْ يَمِينِهِ، ثُمَّ يَرُدُّ عَلَى الْإِمَامِ، فَإِنْ سَلَّمَ عَلَيْهِ أَحَدٌ عَنْ يَسَارِهِ رَدَّ عَلَيْهِ». زَادَ رَزِينُ وَقَالَ: «إِنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ أَمَرَهُ بِذَلِكَ».

Қазақша аудармасы

«Муатта» кітабында былай делінген: Нафиғ былай дейді: «Ибн Омар (р.а.) тәшәһһудті былай оқитын: “Бисмиллаһи, әттәхияту лилләһи, уәс-салауату лилләһи, уәз-зәкияту лилләһи, әс-Сәләму алан-нәбии уә рахматуллаһи уә бәрәкәтуһ, әссәләму аләйнә уә алә ибадиллаһис-салихин. Әшһәду ән лә иләһа иллалла уә әшһәду әннә Мухаммәдән Расулулла”.

Мұны алғашқы екі рәкаттан кейінгі отырыста оқып, артынан дұға ететін. Намаздың соңғы отырысында да алдымен тәшәһһуд оқып, кейін көңілі қалағанын Алладан сұрайтын. Сәлем берер алдында: “Әссәләму алән-нәбию уә рахматуллаһи уә бәрәкәтуһ, әссәләму аләйнә уә алә ибадиллаһис-салихин”, – дейтін.

Содан кейін оң жағына “Әссәләму аләйкум” деп сәлем беретін. Одан соң имамның сәлеміне жауап қайтаратын. Сол жағындағы біреу сәлем берсе, оның да сәлемін алатын».

Рәзин мына сөзді қосқан: «Алла елшісі (с.а.с.) оған осылай істеуді бұйырған».1

Түсіндірме

1. Соңғы екі риуаятта намаз отырыстарында Абдулла ибн Омардың (р.а.) оқыған тәшәһһудтері айтылады. Бұл риуаятты Мәликилер негізге алып, тәшәһһудты осылай оқитындығын жоғарыда айттық.

2. Хадистің мәтініне зер салып қарайтын болсақ, алдыңғы келген хадистерден бірнеше айырмашылық байқауға болады:

1) Бұл жерде тәшәһһуд «Бисмиллә» сөзімен басталып тұр. Бірақ хадис ғалымдары мұны жеткізушіден кеткен қателік деп есептеген. Имам Мәликтің де айтып кеткен қосымша мәліметі «сахих» дәрежесін ала алмаған. Әбу Мұсадан жеткен нақты риуаят бойынша: «Бір адам намаз отырысында “әттәхият” дұғасын оқитын болса, алғашқы сөзі “Әттәхияту лиллаһи” болсын» деп айтылған. Имам Мәлик жоғарыда келген хадистің үкімінің жойылғандығын айтқан.

2) Алдыңғы риуаяттарда келген «әттайибат» сөзінің орнына хадистің «Муаттадағы» нұсқасында «Әз-Зәкият» сөзі келген. Бірақ бұл сөздің өзгеруі мағынаға әсерін тигізбейді.

3) Бұл риуаятта «Әссәләму аләйкә әйюһән-нәби» деген сөйлемнің орнына «әссәләму алән-Нәби» деп келген. Хадис ғалымдары мұны әдеттегі нәрсе деп қабылдайды, сонымен қатар кейбір риуаяттарда сахабалар Расулалла қастарында болған кезде «әссәләму аләйкә» яғни, «саған сәлем болсын» деп сәлем бергендіктері, ал Алла елшісі дүниеден өткеннен кейін «әссәләму алән-Нәби» «Елшіге сәлем болсын» деп айтқандықтары жазылған. Жоғарыда келген риуаят та осыған бір мысал болса керек.

4) Ибн Омардың Әбу Дәуіттегі риуаятында: «Мен мынаны қостым» деген жерлер негізгі мәтіннен алыстау көрінсе де, ибн Омардан да басқа сахабалардың риуаяттарында бұл жерлер толығымен жазылған.

5) Бұл риуаяттың назар аударатын тағы бір жері: бірінші отырыста тәшәһһудтан кейін дұға жасау сөз болған. Абзалырағы – бірінші отырыстың қысқа болғаны. Имам Мәлик сол себепті бұл риуаятты қолдамаған.

6) Басқа тәшәһһудтерден тағы бір айырмашылығы: екі жаққа сәлем берместен бұрын ибн Омардың: «Әссәләму алән-нәби уа рахматуллаһи уа баракатуһ...» деп айтуы. Бұл сөзімен ибн Омар Расулаллаға және салиқалы адамдарға сәлем жолдау арқылы тәшәһһудты аяқтауды ойласа керек.

7) Риуаяттың соңында имамға ұйыған адамның үш рет сәлем беруі жайлы айтылған. Зурқани Имам Мәликте үш сәлем беруді дұрыс деп білгенін айта келе имам Мәлик қандай мәселелерде ибн Омардың риуаятына қосылмағандығын тізбектеп жазады. (Әбу Ханифа, Шәфиғи, Ахмад және басқа да ғалымдар «имамға ұйыса да тек екі рет сәлем береді» деген пікірді ұстанады). Имам Мәликтің бұрыс деп білген негіздері мыналар:

a) Бисмилләмен бастау

ә) «Әшһәду» деп айтудың орнына «Шәһәдту» деу

б) Бірінші отырыста дұға жасау

в) Дұға жасап болғаннан кейін сәлем берместен бұрын Алла елшісіне және салиқалы адамдарға қайталап сәлем беру.

г) «Әссәләму аләйкә әйюһән-нәби» деген сөйлемнің орнына «әссәләму алән-нәби» деген сөздерге қосылмайды.

Демек, имам Мәлик Ибн Омардан жеткен риуаяттағы кейбір амалдарды ұстанбаған.

Әттәхиятқа қатысты ғалымдардың пікірлерін былай жинақтауға болады.

А) Әбу Ханифа, имам Мәлик және бір топ ғалым оны сүннет санаған.

Ә) Ахмад ибн Ханбал және бірқатар ғалым оны екі отырыста да оқуды уәжіп санаған.

Б) Имам Шәфиғи оны соңғы отырыста оқуды уәжіп санаған.

  1. 1Мәлик, «Муатта», «Салат», 54 (1/91); Әбу Дәуіт, «Салат», 182 (№971). Рәзиннің қосымшасын Ибраһим Жанан келтірген.