وَعَنِ ابْنِ عَمْرِو بْنِ الْعَاصِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِذَا أَحْدَثَ الرَّجُلُ وَقَدْ جَلَسَ فِي آخِرِ صَلَاتِهِ قَبْلَ أَنْ يُسَلِّمَ فَقَدْ جَازَتْ صَلَاتُهُ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ، وَقَالَ: لَيْسَ إِسْنَادُهُ بِالْقَوِيِّ، وَقَدِ اضْطَرَبُوا فِي إِسْنَادِهِ.
Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.): «Кісі намазының соңында отырып, сәлем бермей тұрып дәреті бұзылса, намазы жарамды», – дегенін жеткізген. Тирмизи: «Риуаяттың иснады қуатты емес, жеткізілу тізбегінде тұрақсыздық бар», – деген.1
Түсіндірме
1. Алдыңғы сегіз хадис хадастан тазаруға қатысты. Дәретті немесе ғұсылды бұзатын жағдайды «хадас» дейді. Ондай халде кей ғибадатты атқаруға болмайды. Бұхаридің риуаятында Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.): «Кісінің дәреті бұзылса, қайта дәрет алғанша намазы қабыл болмайды», – деген сөзін жеткізген. Бір кісі одан: «Хадас деген не?» – деп сұрайды. Ол: «Дыбысымен де, дыбыссыз да жел шығару», – деп жауап береді. Әбу Һурайра бұл жерде намаз үстінде жиі кездесетін бір түрін атаған болуы мүмкін. Ғалымдардың түсіндіруінше, хадастың ауқымы кең, ол дәретті немесе ғұсылды бұзатын жағдайлардың бәрін қамтиды. Оның бір бөлігі дәрет алумен, енді бір бөлігі ғұсыл құйынумен кетеді.
Намаздың және басқа да кейбір ғибадаттардың жарамды болуының негізгі шарттарының бірі – хадастан тазару. №2665–2667 хадистерде дәретсіз оқылған намаздың қабыл болмайтыны анық айтылған.
2. Әр намазға жаңадан дәрет алу – абзал. Алла елшісі (с.а.с.) осылай істеген (№2668 хадис). Дегенмен дәрет бұзылмаса, келесі намаздарды да сол дәретпен оқуға болады. №2668 риуаятта сахабалардың бір бөлігі осылай істегені айтылады. Ибн Мәжаның риуаятында: «Біз барлық намазды бір дәретпен оқитынбыз», – делінген. Тахауи әр намазға бөлек дәрет алу Пайғамбарымызға ғана міндеттелген болуы мүмкін деп түсіндірген. №2669 риуаятта Пайғамбарымыздың Меккені азат еткен күні барлық намазын бір дәретпен оқығаны айтылады.
Алла елшісі (с.а.с.) бір істі бір рет болса да істесе, ол амалдың ең кемі ұқсас жағдайда рұқсат етілетіні белгілі болады. «Әр намазға бөлек дәрет алыңдар» деген бұйрықтың үкімі кейін жойылған. Ғалымдар әр намазға қайта дәрет алудың міндет еместігіне бірауыздан келіскен.
3. Әзірет Айшадан (р.а.) жеткен №2670 хадисте Алла елшісі (с.а.с.) намаз үстінде дәрет бұзылса, намаздан дереу шығуды бұйырған. Үкім анық айтылғандықтан, ғалымдар оны сол күйінде қабылдаған.
Хадис дәрет бұзылғанда намаздан әдеппен шығудың жолын да үйретеді. Мұрнын ұстап шығу, тіпті орамал басып алу мақсатты жақсырақ жеткізеді. Хаттабидің түсіндіруінше, мұндайда жұрт оны мұрны қанағандықтан шығып бара жатыр деп ойлайды. Бұл – ұятты жерді жабудың әрі қолайсыз жағдайды білдіртпеудің әдебі. Мұндай тұспал өтірікке де, рияға да жатпайды. Бұл – иба сақтап, өзгелердің жаман ойға баруына жол бермеудің амалы.
4. №2671 риуаят Ибн Аббастың (р.а.) мұрны қанағаннан кейін тазаланып келіп, намазын үзілген жерінен жалғастырғанын баяндайды. Мәселен, кісі үш рәкат оқып, төртіншісінде дәреті бұзылса, дәрет алып келіп, төртінші рәкатын аяқтайды. Бұрын оқыған үш рәкатын қайталамайды. «Муаттада» Абдулла ибн Омардан: «Осы аралықта ешкіммен сөйлеспеді», – деген толықтыру жеткен. Зурқанидің түсіндіруінше, бұл амал олардың мұрын қанауын дәрет бұзатын жағдай санамағанын көрсетеді. Намаздан шығып, қанды жуған адам жолда сөйлемесе және ең жақын жерден әрі бармаса, намазын жалғастыра алады. Фиқыһ еңбектерінде бұл мәселе «лахиқ» тарауында талданады. Имамға ұйыған адам қалғып кету, ғапылдық, жамағаттың көптігінен туған қиындық немесе дәреттің бұзылуы себепті намаздың бір бөлігін имаммен бірге оқи алмаса, белгілі шарттармен оны кейін толықтырады. Қалған рәкаттарын жеке оқыса да, имамға ұйып тұрған кісі секілді қырағат оқымайды.
Лахиқ өткізіп алған жерін оқып, имамға үлгерсе, алдымен сол бөлікті толықтырады да, кейін имамға қосылады. Үлгермейтінін білсе, бірден имамға ұйып, қалдырған бөлігін имам сәлем бергеннен кейін аяқтайды.
Мәселен, төртінші рәкатта мұрны қанаған кісі барып дәрет алады. Осы аралықта сөйлемейді, дәреттен басқа іспен айналыспайды. Келіп үлгерсе, имамға ұйиды. Рәкатын аяқтай алмаса, имам сәлем бергеннен кейін тұрып өзі аяқтайды. Имамға мүлде үлгермесе, намазын имамның соңында тұрған кісідей өзі тамамдайды. Мұндай жағдай үшінші рәкатта болса, дәреттен соң үшінші рәкатты қырағатсыз оқып, төртінші рәкатта имамға қосылады. Үлгермеймін деп қорықса, келе сала имамға ұйып, төртінші рәкатты бірге оқиды. Өткізген рәкатын имам сәлем бергеннен кейін толықтырады. Имам сәһу сәждесін жасаса, дәреттен келіп қосылған кісі оны намазының қалған бөлігін аяқтаған соң жасайды. Бұл тәсілді ұстанбайтындар намазын басынан оқиды.
5. Соңғы хадисте кісі соңғы рәкаттың отырысында, сәлем бермей тұрып дәретін бұзып алса, намазы жарамды деп айтылған.
Хадисте отырыстың ұзақтығы айтылмаған. Ханафи ғалымдары кісі кемінде «Тәшәһһуд» оқитындай уақыт отыруы қажет деп санаған. Одан аз отырса, намазы жарамсыз, өйткені осы мөлшерде отыру – парыз. Имам Шәфиғидің пікірінше, мұндай жағдайда намаз бұзылады. Шәфиғи мәзһабында «Тәшәһһуд» оқу да, сәлем беру де парыз.
Ахмад ибн Ханбалдың пікірінше, кісі «Тәшәһһудты» оқымай сәлем берсе де, намазы жарамды.
- 1Тирмизи, «Салат», 300 (№408). Тирмизи риуаяттың иснады әлсіз екенін ескерткен.