وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «مَنِ ابْتَاعَ مُحَفَّلَةً فَهُوَ بِالْخِيَارِ ثَلَاثَةَ أَيَّامٍ، فَإِنْ رَدَّهَا رَدَّ مَعَهَا مِثْلَ أَوْ مِثْلَيْ لَبَنِهَا قَمْحًا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Ибн Омар (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Желініне сүт жиналған малды сатып алған кісі үш күн ішінде таңдау жасай алады. Малды қайтаратын болса, онымен бірге сүттің мөлшеріндей немесе одан екі есе көп бидай береді», – деген.1
Түсіндірме
Дініміз сауда-саттықта адалдыққа айрықша мән беріп, алдаудың кез келген түріне тыйым салады. Жаһилият дәуірінде арабтар сатылатын малды сүтті етіп көрсетіп, қымбатқа өткізу үшін оны бірнеше күн саумай, сүтін желініне жинап қоятын. Мұндай малды «мұсаррат» деп атаған. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) осы саудаға арнайы ереже белгілеп, алдаудың жолын кесті. Жоғарыдағы риуаяттарда малды қайтарған сатып алушының бір сағ құрма беруі де айтылған. Бұл – сауып алынған сүттің өтемі.
Фиқһ ғалымдары бұл хадистерді әртүрлі түсіндірген. Шафиғилер өтемге міндетті түрде кепкен құрма берілуі керектігін айтқан. Сатып алушы кепкен құрма таппаса, оның Мәдинадағы немесе өзі тұратын жерге ең жақын құрма өсетін өңірдегі құнын төлейді.
Имам Ағзам, Имам Мұхаммед, Имам Әбу Юсуф және Имам Мәлик бастаған бірқатар ғалымның пікірінше, сатып алушы желініне сүт жиналған малды «хиярул-айб» құқығына сүйеніп, яғни кемшілігі анықталды деп, иесіне қайтара алмайды. Ол малдың кемшілігінен туындаған құн айырмасын ғана өндіріп алады. Өйткені малдың өзінде пайда болған бөлек өсім оны қайтаруға кедергі болады.
Ханафилер желініне әдейі сүт жиналған сауынды малды сатып алған соң қайтаруға болмайды деген тұжырымды әртүрлі дәлелмен негіздеген. Сол себепті олар бұл хадисті сөзбе-сөз мағынасында қолданбайтынын айтқан.
- 1Әбу Дәуіт, «Буюғ», 48 (3446); Ибн Мәжа, «Тижарат», 42 (2240). Әбу Дәуітте «مَنِ ابْتَاعَ» («сатып алған кісі»), Ибн Мәжада «مَنْ بَاعَ» («сатқан кісі») деп берілген.