Хадис

Намазда сөйлемеу

Кутуб ситтә, 7-том, 373-тарау · 4 хадис · № 2708–2711

Хадистер

2708
Кутуб ситтә, № 2708 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Зәйд ибн Арқам (р.а.)

عَنْ زَيْدٍ بْنِ أَرْقَمَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كُنَّا نَتَكَلَّمُ فِي الصَّلَاةِ يُكَلِّمُ الرَّجُلُ مِنَّا صَاحِبَهُ، وَهُوَ إِلَى جَنْبِهِ، حَتَّى نَزَلَتْ: وَقُومُوا۟ لِلَّهِ قَٰنِتِينَ، فَأُمِرْنَا بِالسُّكُوتِ، وَنُهِينَا عَنِ الْكَلَامِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ.

Қазақша аудармасы

Зәйд ибн Арқам (р.а.) былай дейді: «Біз намазда сөйлесетінбіз. Әркім жанындағы кісіге тіл қататын. Содан кейін мына аят түсті: ﴿وَقُومُوا۟ لِلَّهِ قَٰنِتِينَ﴾ “Алла алдында барынша кішірейіп, құлдық ұрып тұрыңдар”1. Бізге үндемеу бұйырылып, намазда сөйлеуге тыйым салынды».2

Түсіндірме

1. Исламның үкімдері жиырма үш жыл бойы уахи арқылы біртіндеп бекіді. Адамдардың салт-санасына сіңген кей әдеттер уақыт өте келе ислами құндылықтарға жол берді. Намазда да осылай болды. Әуелде намаз оқып тұрып бір-бірімен сөйлесуге болатын. Кейін оған тыйым салынды. Ғалымдар тыйымның қай қалада түскені жөнінде түрлі пікір айтқан. Көпшілігі бұл аят һижреттен кейін Мәдинада түскен деп санайды. Төмендегі риуаятта Ибн Мәсғудтың Хабашстаннан оралуы сөз болады. Ибн Мәсғуд Хабашстанға қоныс аударғаннан кейін, «Меккеліктер түгел Исламды қабылдапты» деген жалған хабар тарайды. Оған сенген бір топ мұсылман, арасында Ибн Мәсғуд та бар, Меккеге оралады. Меккеде мүшріктерден қайта қысым көрген соң, олардың бір бөлігі Хабашстанға тағы жол тартады. Ибн Мәсғуд (р.а.) сол топпен бірге кеткен.

Келесі хадисте Ибн Мәсғудтың қай сапары айтылғаны анық емес. Кей ғалым алғашқы сапарын, енді бірі екінші сапарын меңзеген дейді. Ибн Мәсғуд Хабашстаннан Алла елшісі (с.а.с.) Бәдір шайқасына дайындалып жатқанда қайтқанын көрсететін риуаяттар бар. Ибн Мәсғудтың «Мустадрактағы» риуаяты بَعَثَنَا رَسُولُ اللَّهِ عَلَيْهِ الصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ إِلَى النَّجَاشِيِّ ثَمَانِينَ رَجُلًا «Алла елшісі бізді, сексен адамды, Нәжәшиге жіберді…» деп басталып, فَتَعَجَّلَ عَبْدُ اللَّهِ بْنُ مَسْعُودٍ فَشَهِدَ بَدْرًا «…Абдулла ибн Мәсғуд ертерек оралып, Бәдір шайқасына қатысты» деп аяқталады.

Бұл жөнінде басқа да риуаяттар бар. Келтірілген деректер жеткілікті деп білеміз. Ғалымдар осы риуаятқа сүйеніп, Ибн Мәсғуд Алла елшісімен (с.а.с.) һижреттен кейін Мәдинада жүздескен деген.

2. Түсіндірмелерде сахабалардың намаз үстінде күнделікті әңгіме айтпағаны, сәлемдесу немесе қай рәкатта тұрғанын сұрау сияқты қажет сөздермен шектелгені айтылады.

3. Ғалымдар намазда сөйлеуге қатысты мына үкімдерді келтірген.

• Намазда сөйлеуге тыйым салынғанын білетін адам намазға қатысты қажетті сөзден немесе мұсылманды құтқару үшін айтылған сөзден өзге әңгіме айтса, намазы бұзылады. Ғалымдар бұған бірауыздан келіскен.

• Жаңылысып немесе үкімді білмей айтылған сөз жөнінде ғалымдардың пікірі әртүрлі.

• Көпшілік ғалым бірер ауыз сөз намазды бұзбайды деген.

• Ханафи ғалымдары намазға қатысы жоқ сөз намазды бұзады деген. Сөз екі әріптен тұрса да, байқамай немесе ұмытып айтылса да, үкім бірдей.

• Имам қырағатта бөгелсе, жаңылған жерін еске салу, қатерге түскен адамды құтқару, сәлемге «Субханаллаһ» деп немесе ишаратпен жауап беру, ата-анасының шақыруына тіл қату, Алланың разылығы үшін құлын азат еткенін айту секілді жағдайларда ғалымдардың пікірі әртүрлі. Фиқыһ кітаптарында бұл мәселелер кеңінен талданған. Онда «аһ», «уһ» деп ыңырсу, дүниелік себеппен жылау, түшкірген адамға «Ярхамукаллаһ» деу намазды бұзатыны айтылған. Адам өзі түшкіргенде «Әлхамдулиллаһ» десе, намазы бұзылмайды. Ақыретке қатысты уәсуәсадан «Лә хаулә уә лә қууатә иллә билләһ» деп сақтану намазды бұзбайды. Осы сөзді дүниелік уәсуәсадан сақтану үшін айтса, намаз бұзылады. Құран мен сүннетте келген дұғалар намазға кедергі келтірмейді, одан өзге дұғалар намазды бұзады. Сәлем беру мен сәлемді алу да намазды бұзады.

• Намаз үстінде көзбен, қолмен не қаспен ишарат ету және сұраққа ишаратпен жауап беру намазды бұзбайды. Ал сырттан біреу «орын бер», «әрі тұр» деп, намаз оқушы соның сөзіне еріп қимылдаса, намазы бұзылады. Жағдайды өзі аңғарып орын берсе, намазы бұзылмайды. Сондай-ақ намазда тұрмаған адамның түзетуін қабыл алу намазды бұзады.

  1. 1«Бақара» сүресі, 238-аят.
  2. 2Бұхари, «Амал фис-салат», 2, «Тәпсір», «Бақара», 43. Мүслим, «Мәсәжид», 35 (№539). Әбу Дәуіт, «Салат», 178 (№949). Тирмизи, «Салат», 297 (№405). Нәсәи, «Сәһу», 20 (3/18–19). Ибраһим Жанан, «Кутуб-и ситтә тәржүмә уә шәрхи», 8-том, 549–550-бет.
2709
Кутуб ситтә, № 2709 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كُنَّا نُسَلِّمُ عَلَى النَّبِيِّ ﷺ فِي الصَّلَاةِ فَيَرُدُّ عَلَيْنَا، فَلَمَّا رَجَعْنَا مِنْ عِنْدِ النَّجَاشِيِّ سَلَّمْنَا عَلَيْهِ فَلَمْ يَرُدَّ عَلَيْنَا، فَقُلْنَا يَا رَسُولَ اللَّهِ كُنَّا نُسَلِّمُ عَلَيْكَ فِي الصَّلَاةِ فَتَرُدَّ عَلَيْنَا؟ فَقَالَ: إِنَّ فِي الصَّلَاةِ شُغْلًا». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Мәсғуд (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) намаз оқып тұрғанда, оған сәлем беретінбіз, ол сәлемімізге жауап беретін. Нәжәшидің қасынан оралған соң да сәлем бердік, бірақ бұл жолы жауап бермеді. “Уа, Алла елшісі, намаз оқып тұрғанда сәлем берсек, бұрын жауап беретін едіңіз ғой”, – дедік. Ол: “Намаздың өз машақаты бар”, – деді».1

  1. 1Бұхари, «Амал фис-салат», 2, 15, «Фадаил әл-асхаб», 37. Мүслим, «Мәсәжид», 34 (№538). Әбу Дәуіт, «Салат», 170 (№923–924). Нәсәи, «Сәһу», 20 (3/19).
2710
Кутуб ситтә, № 2710 · тараудағы реті: 3

وَعَنْ مُعَاوِيَةَ بْنِ الْحَكَمِ السُّلَمِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «بَيْنَا أَنَا أُصَلِّي مَعَ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ إِذْ عَطَسَ رَجُلٌ مِنَ الْقَوْمِ. فَقُلْتُ: يَرْحَمُكَ اللَّهُ فَرَمَانِي الْقَوْمُ بِأَبْصَارِهِمْ. فَقُلْتُ: وَاثُكْلُ أُمَّيَاهُ، مَا شَأْنُكُمْ تَنْظُرُونَ إِلَيَّ؟ فَجَعَلُوا يَضْرِبُونَ بِأَيْدِيهِمْ عَلَى أَفْخَاذِهِمْ يُصَمِّتُونَنِى، فَلَمَّا قَضَى ﷺ الصَّلَاةَ، بِأَبِي هُوَ وَأُمِّي مَا رَأَيْتُ مُعَلِّمًا قَبْلَهُ، وَلَا بَعْدَهُ أَحْسَنَ تَعْلِيمًا مِنْهُ، فَوَاللَّهِ مَا كَهَرَنِي، وَلَا ضَرَبَنِي، وَلَا شَتَمَنِى، وَلكِنْ قَالَ: إِنَّ هَذِهِ الصَّلَاةَ لَا يَصْلُحُ فِيهَا شَيْءٌ مِنْ كَلَامِ النَّاسِ، إِنَّمَا هِيَ التَّسْبِيحُ وَالتَّكْبِيرُ، وَقِرَاءَةُ الْقُرآنِ، فَقُلْتُ يَا رَسُولَ اللَّهِ: إِنِّي حَدِيثُ عَهْدٍ بِجَاهِلِيَّةٍ، وَقَدْ جَاءَنَا اللَّهُ تَعَالَى بِالْإِسْلَامِ، وَإِنَّ مِنَّا رِجَالًا يَأْتُونَ الْكُهَّانَ؟ قَالَ: فَلَا تَأْتِهِمْ. قُلْتُ: وَمِنَّا رِجَالٌ يَتَطَيَّرُونَ؟ قَالَ: ذَاكَ شَيْءٌ يَجِدُونَهُ فِي صُدُورِهِمْ فَلَا يَصُدُّهُمْ. قُلْتُ: وَمِنَّا رِجَالٌ يَخَطُّونَ؟ قَالَ: كَانَ نَبِيٌّ مِنَ الأَنْبِيَاءِ يَخَطُّ، فَمَنْ وَافَقَ خَطَّهُ فَذَاكَ. قُلْتُ: وَإِنَّهُ كَانَ لِي جَارِيَةٌ تَرْعَى غَنَمًا قِبَلَ أُحُدٍ وَالجَوَّانِيَّةِ، فَاطَّلَعْتُ ذَاتَ يَوْمٍ فَإِذَا الذِّئْبُ قَدْ ذَهَبَ بِشَاةٍ مِنْ غَنَمِهَا، وَأَنَا رَجُلٌ مِنْ بَنِي آدَمَ آسَفُ كَمَا يَأسَفُونَ، فَصَكَكْتُهَا صَكَّةً. قَالَ: فَعَظَّمَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ ذَلِكَ عَلَيَّ، فَقُلْتُ: أفَلَا أعْتِقُهَا؟ قَالَ: ائْتِنِي بِهَا، فَأَتَيْتُهُ بِهَا، فَقَالَ لَهَا: أَيْنَ اللَّهُ؟ قَالَتْ: فِي السَّمَاءِ. قَالَ: مَنْ أنَا؟ قَالَتْ: أَنْتَ رَسُولُ اللَّهِ. قَالَ: أَعْتِقْهَا فَإِنَّهَا مُؤْمِنَةٌ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ. «الْكَهْرُ»: الزَّبْرُ وَالنَّهْرُ. وَ«التَّطَيُّرُ»: التَّشَاؤُمُ بِالشَّيْءِ». وَ«الْخَطُّ»: هُوَ الَّذِي يَفْعَلُهُ الْمُنَجِّمُ فِي الرَّمْلِ بِأَصَابِعِهِ وَيَحْكُمُ عَلَيْهِ وَيُخْرِجُ بِهِ الضَّمِيرَ. «وَالأسَفُ»: الْغَضَبُ. وَ«الصَّكُّ»: الضَّرْبُ وَاللَّطْمُ.

Қазақша аудармасы

Мұғауия ибн әл-Хакам әс-Сүләми (р.а.) былай дейді: «Алла елшісімен (с.а.с.) бірге намаз оқып тұрғанымда, жамағаттан бір кісі түшкірді. “Ярхамукаллаһ (Алла саған рақым етсін)!” – дедім. Жұрт маған тесіле қарады. “Ойпырмай, маған неге бұлай қарайсыңдар?” – дедім. Олар үндеме дегендей қолдарымен сандарын ұра бастады. Намаз біткен соң, Алла елшісі маған сөзін айтты. Әке-шешем оған құрбан болсын! Бұрын да, кейін де одан жақсы тәлімгер көрген емеспін. Алламен ант етемін, ол маған зекімеді, қол көтермеді, тіл тигізбеді. Тек: “Бұл намазда адамдардың күнделікті сөзі айтылмайды. Намазда тәсбих айтылады, тәкбір айтылады және Құран оқылады”, – деді. “Уа, Алла елшісі, жаһилия дәуірінен шыққаныма көп бола қойған жоқ. Алла бізге Исламды нәсіп етті. Арамызда балгерге баратындар бар”, – дедім. “Оларға барма”, – деді. “Арамызда ырымға сенетіндер де бар”, – дедім. “Бұл – олардың көңіліне келетін бір ой. Ол оларды істерінен тоспасын”, – деді. “Арамызда құмға сызық салып жорамалдайтындар бар”, – дедім. “Пайғамбарлардың бірі сызық салатын. Кімнің сызығы соның сызығымен дәл келсе, сол”, – деді. “Менің Ұхұд пен Жәууания маңында қой бағатын бір күңім бар еді. Бір күні қарасам, қасқыр оның бағуындағы бір қойды әкетіпті. Мен де пендемін, жұрт секілді ашуланамын. Оны шапалақпен тартып жібердім”, – дедім. Алла елшісі мұны ауыр іс санады. “Оны азат етейін бе?” – деп сұрадым. “Оны маған алып кел”, – деді. Оны алып келгенімде, Алла елшісі сұрады:

– Алла қайда?

– Аспанда, – деп жауап берді ол.

– Мен кіммін? – деп сұрады Алла елшісі.

– Сіз Алланың елшісісіз, – деді ол.

– Оны азат ет. Өйткені ол – мүмін, – деді Алла елшісі».1

Түсіндірме

1. Бұл хадисте намаз үстінде күнделікті сөз айтуға тыйым салынған. Мұғауия ол үкімді білмей тұрып, түшкірген кісіге «Ярхамукаллаһ» деген. Жұрттың тесіле қарағанын көріп, қысылғаннан орынсыз сөз айтып қалған. Жамағат қолдарымен сандарын ұрып, үндемеуін ишарат еткен.

Намазда ескерту үшін санды ұру бұйырылмаған. Ғалымдар оны арабтардағы бұрыннан бар ишарат деп түсіндірген. Алла елшісі (с.а.с.) намазда ескерту қажет болса, ерлерге «Субханаллаһ» деуді, әйелдерге қол қағуды үйреткен.

2. Мұғауияға (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) қатесін көркем түрде түсіндіргені қатты әсер еткен. Ол сөгіс естимін деп ойласа да, биязы қарым-қатынасты көріп: «Бұрын да, кейін де одан жақсы тәлімгер көрген емеспін!» – деген. Осыдан кейін қысылмай, балгерге бару, ырымға сену, құмға сызық салып жорамал жасау жайындағы сұрақтарын қойған.

• Алла елшісі (с.а.с.) көріпкелдер мен балгерлерге баруға тыйым салған. Тиби «каһинді» келешекте болатын оқиғаларды білемін деген адам, «аррафты» жоғалған зат пен ұрланған мүліктің орнын айтамын деген адам деп ажыратқан. Ғалымдардың айтуынша, Алла елшісі балгерге барудан тыйған, өйткені олар өздері адасып қана қоймай, өзгелерді де адастырады. Аллаға ғана аян нәрсе туралы жорамалын айтып, жұртты қиындыққа душар етуі мүмкін. Ара-тұра айтқандары дәл келгенімен, шариғат мұны құптамайды. Осы жөнінде мына хадистер жеткен: «Кім аррафқа барып, бір нәрсе сұраса, қырық күн намазы қабыл болмайды». «Кім аррафтың немесе каһиннің айтқанын растаса, Мұхаммедке түсірілгенді жоққа шығарған болады».

• Хадис жаман ырымға сенуді де теріске шығарады. «Татайюр» сөзі арабтың «құс» деген сөзінен шыққан. Бұрын арабтар құстың ұшқан бағытына қарап жақсылық не жамандық жорыған. Жақсы жорамал «тәфаул», жаман жорамал «тәшаум» аталған. Ибн әл-Әсир «Ән-Ниһаяда» мұндай ырымды «татайюр» немесе «тияра» деп атаған. Жаһилия дәуірінде аң-құстың оңнан солға өтуін «бәуарих», яғни сәтсіздіктің нышаны, солдан оңға өтуін «сәуаних», яғни сәттіліктің нышаны деп жорыған. Осындай ырымға бола сапарынан қайтып, ісін кейінге қалдырған. Шариғат бұған тыйым салған. Хадисте: «Бұл – олардың көңіліне келетін бір ой. Ол оларды істерінен тоспасын», – делінген.

Адам әлсіз жаратылған. Көңіліне келген күдікке қарсы тұрып, одан арылуға тырыспаса, иманы әлсіреп, сенімі шайқалуы мүмкін. Қиындыққа тап болғанда балгердің сөзіне сенгісі немесе Алланың құзырындағы істі жай себепке балап, қолдан құрастырылған жорамалдан медет іздегісі келеді. Басқа бір риуаятта адам бойында кездесетін осы әлсіздік жайында: «Кісі үш нәрседен түгел арыла алмайды: жаман ырымнан, қызғаныштан және күдіктен», – делінген. «Онда не істейміз?» – деген сұраққа: «Жаманға жорысаң да, жолыңнан қайтпа. Қызғансаң да, соған еріп әрекет етпе. Күдіктенсең, оны қазбалама», – деген жауап берілген.

Көріпкелдік ертеден бар. Көріпкелдер жұрттың сеніміне кіріп, өз пайдасын көздеп, дәлелсіз хабар таратқан. Мұнауи мұндай іске барлық сәмәуи кітапта тыйым салынғанын айтады. Технология дамымаған заманда Алла елшісінің (с.а.с.) мұның жалғандығын ашып, тыйым салуы оның хақ елші екеніне ишарат етеді. Ол кісінің көңіліне келген мұндай ойды жақсылыққа бастайтын немесе жамандықтан сақтандыратын белгі деп танымаған. Қолда дәлелі жоқ жорамалға еріп, анық-қанығына жетпей әрекет етуден тыйған. Бір хадисте: «Тияра – ширк», – делінген. Көңілге мұндай сезім келуі мүмкін, Алла оны тәуекел арқылы кетіреді.

Түсіндірмелерде ырымға сеніп, соған қарай амал ету Аллаға серік қосу деп айтылған. Жақсылық та, жамандық та Алланың қалауымен болатынына сену керек. Үйінен шыға бергенде жолын мысық кесіп өтсе, «жолым болмайды» деп немесе алдынан аң шықса, «кері қайтуым керек» деп ісін кейінге қалдыру – Алланы ұмытып, тәухид қағидасына қайшы әрекет ету. Мұндай сенім Аллаға серік қосуға жатады.

Хадисте мұндай жағдайда не істеу керектігі де айтылған. Уәсуәсә мен күдік көңіліне кірсе, адам бүкіл жаратылыс пен өз тағдыры Алланың қолында екенін еске түсіреді. Оны Алладан басқа ешкім өзгерте алмайтынына сеніп, Аллаға тәуекел етеді де, ісін жалғастырады.

Нәуәуи ғалымдардың пікірін былай жеткізеді: «Тияра – адамның еркінен тыс көңіліне келетін күдік пен қорқыныш. Көңілге еріксіз келген ой үшін адам күнәһар саналмайды. Қолынан келгенше мұндай ойдан арылуға тырысады. Ал ойға еріп, соның негізінде әрекет етсе, сол ісі үшін жауапқа тартылуы мүмкін».

Демек, Алла елшісі (с.а.с.) адамның көңіліне еріксіз келген қорқынышты айыптамаған. Ол сол ойға еріп әрекет етуден тыйған.

• Ибн әл-Араби сызыққа қарап бал ашу жайында мына бір жағдайды баяндаған: «Бір адам аррафқа барғанда, оның алдында жас бала отырған. Арраф оған құмға сызықтар сызып, кейін оларды екі-екіден өшіруді бұйырған. Соңында екі сызық қалса, сәттілікке жорыған, бір сызық қалса, жамандыққа жорыған».

Бұрынғы пайғамбарлардың бірі сызық сызғаны айтылады. Оның Ыдырыс немесе Даниял пайғамбар болуы мүмкін деген пікірлер бар.

Хадисте: «Пайғамбарлардың бірі сызық салатын. Кімнің сызығы соның сызығымен дәл келсе, сол», – делінген.

Хадисті оқығанда, құмға сызық салып бал ашуға рұқсат бардай көрінуі мүмкін. Алайда сөз бұрынғы пайғамбардың ісіне дәл келу жайында айтылған. Адам ғайыпты өз бетінше біле алмайды. Кей түсіндірмеде пайғамбардың жеребе түсіріп, түскенін қайырлы етуін Алладан тілегені айтылады. Ғалымдар Қади Иядтың түсіндірмесін құптаған. Нәуәуи түрлі пікірді келтіріп, пайғамбардың сызығына дәл келетін амал ғана рұқсат делінсе де, оның дәл келгенін білу мүмкін емес, демек, мұндай бал ашуға рұқсат берілмейді деген. Кей ғалым хадисте мұндай шартты рұқсаттың өзі айтылмағанын ескерткен. Алла елшісі (с.а.с.) үмбетіне бал ашуға тыйым салған. Бұрынғы пайғамбардың өзіне тән ісін растау арқылы оның абыройын қорғаған.

• Хадистің күңді азат етуге қатысты бөлігінде оның иманын анықтау жайы айтылады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) мұнда артық егжей-тегжейге бармай, қысқа да нақты сұрақ қойған. Хаттаби мен Мәликтің түсіндіруінше, ол күңнен: «Алла қайда?» – деп сұрағанда: «Аспанда», – деген. «Мен кіммін?» – дегенде: «Алланың елшісісіз», – деп жауап берген. Бұл сұрақтар иманның бүкіл негізін қамтымайды, бірақ иманға қатысты. Ал Исламды жаңадан қабылдағысы келген адамнан кәлима шәһадат айтып, бұрынғы дінінен бас тарту талап етіледі. Мұны неке мысалымен түсіндіруге болады. Бір үйдегі ер мен әйел ерлі-зайыпты екенін айтса, сөздерін қабылдап, некенің барлық шартын қайта сұрамаймыз. Ал енді неке қидырғысы келген жұптан уәли, екі куәгер, мәһір секілді шарттар сұралады. Сол секілді Исламды қабылдаушы кәлима шәһадат айтып, Аллаға және Оның сөзіне иман етеді. Ал «мұсылманмын» деген адамның сөзін қабылдау үшін егжей-тегжейлі тексеру талап етілмейді.

Нәуәуи осындай хадистерді түсінуде екі ұстаным барын айтқан.

1. Мағынасын тарқатпай, Алланың серігі жоқтығына және жаратылыстың ешбіріне ұқсамайтынына иман ету.

2. Сөзді Аллаға лайық мағынада түсіндіру. Бұл ұстаным бойынша Пайғамбарымыз (с.а.с.) күңнің тәухидке сенетінін анықтаған. Яғни ол күллі тіршілікті жаратқан Алланы жалғыз деп мойындай ма, дұғада аспанға бет бұрса да, Алланы аспанмен шектемей ме? Намазда Қағбаға бет бұру Алла Қағбаның ішінде дегенді білдірмейтіні сияқты, дұғада аспанға бет бұру да Алла аспанның ішінде дегенді білдірмейді.

Қади Иядтың айтуынша, фақиһтер, хадис ғалымдары, мутәкәллимдер, ойшылдар мен соларға ергендер Алланы аспанмен байланыстыра айтқан діни мәтіндерді тура мағынасында түсінбеу керектігіне келіскен. Олар мұндай мәтіндерге Аллаға мекен телімей түсіндірме берген. Мәселен, кей ғалым «фис-сама» сөзін عَلَى السَّمَاءِ, яғни «аспаннан жоғары» деп түсіндірген.

Аллаға мекен белгілеп, оны жаратылысқа тән сипаттармен сипаттау қарама-қайшы ұғымдарға жол ашады. Синдидің түсіндірмесінде «Аспанда» деген жауап «Аллаға дұға еткенде аспанға бет бұрылады» деген мағынада берілген. Мұндағы сұрақтың мақсаты – күңнің Аллаға иманын анықтау.

  1. 1Мүслим, Мәсәжид: 33, (537); Әбу Дәуіт, Салат: 171, (930, 931); Нәсәи, Сәһу: 20, (3, 14-18).
2711
Кутуб ситтә, № 2711 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Әбу Дәрда (р.а.)

وَعَنْ أَبِي الدَّرْدَاءِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَامَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ يُصَلِّي فَسَمِعْنَاهُ يَقُولُ: أَعُوذُ بِاللَّهِ مِنْكَ، ثُمَّ قَالَ: أَلْعَنُكَ بِلَعْنَةِ اللَّهِ ثَلَاثًا، وَبَسَطَ يَدَهُ كَأَنَّهُ يَتَنَاوَلُ شَيْئًا، فَلَمَّا فَرَغَ مِنَ الصَّلَاةِ قُلْنَا: يَا رَسُولَ اللَّهِ سَمِعْنَاكَ تَقُولُ شَيْئًا لَمْ نَسْمَعْكَ تَقُولُهُ قَبْلَ ذَلِكَ، وَرَأَيْنَاكَ بَسَطْتَ يَدَكَ؟ قَالَ: إِنَّ عَدُوَّ اللَّهِ إِبْلِيسَ جَاءَ بِشِهَابٍ مِنْ نَارٍ لِيَجْعَلَهُ فِي وَجْهِي، فَقُلْتُ: أَعُوذُ بِاللَّهِ مِنْكَ ثَلَاثَ مَرَّاتٍ، ثُمَّ قُلْتُ: أَلْعَنُكَ بِلَعْنَةِ اللَّهِ التَّامَّةِ، فَلَمْ يَسْتَأْخِرْ ثَلَاثَ مَرَّاتٍ، فَأرَدْتُ أَنْ آخُذَهُ، فَوَاللَّهِ لَوْلَا دَعْوَةُ أخِي سُلَيْمَانَ لَأَصْبَحَ مُوثَقًا يَلْعَبُ بِهِ وِلْدَانُ أَهْلِ الْمَدِينَةِ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَالنَّسَائِيُّ. أَرَادَ بِدَعْوَةِ سُلَيْمَانَ قَوْلَهُ: «رَبِّ هَبْ لِي مُلْكًا» الْآيَةَ، وَمِنْ جُمْلَةِ مُلْكِهِ تَسْخِيرُ الْجِنِّ لَهُ وَانْقِيَادُهُمْ.

Қазақша аудармасы

Әбу Дәрда (р.а.) былай дейді: «Бір күні Алла елшісі (с.а.с.) намазға тұрды. Оның: “Сенен Аллаға сыйынамын”, – дегенін естідік. Содан кейін үш рет: “Сені Алланың лағынетімен лағынеттеймін”, – деді де, бір нәрсені ұстамақ болғандай қолын созды. Намазын аяқтаған соң: “Уа, Алла елшісі, намазда бұрын естімеген сөз айтқаныңызды естідік. Қолыңызды созғаныңызды да көрдік”, – дедік. Ол: “Алланың дұшпаны Ібіліс бетіме баспақ болып, оттың жалынын алып келді. Үш рет ‘Сенен Аллаға сыйынамын’ дедім. Артынша ‘Сені Алланың толық лағынетімен лағынеттеймін’ дедім. Ол шегінбеді. Осы сөзді үш рет айтқан соң, оны ұстамақ болдым. Алламен ант етемін, бауырым Сүлейменнің дұғасы болмағанда, ол таңды байлаулы күйде атырып, Мәдина балалары онымен ойнар еді”, – деді».1

Түсіндірме

1. Хадисте әзірет Сүлейменнің (а.с.) дұғасы аталады. Ол «Сад» сүресінің 35-аятында былай берілген: ﴿قَالَ رَبِّ ٱغْفِرْ لِى وَهَبْ لِى مُلْكًا لَّا يَنۢبَغِى لِأَحَدٍ مِّنۢ بَعْدِىٓ إِنَّكَ أَنتَ ٱلْوَهَّابُ﴾ «Содан ол: “Уа, Раббым! Мені кешіре көр һәм маған менен кейін бірде-бір жанға нәсіп болмайтын шексіз билік нәсіп еткейсің! Шүбәсіз, Сен Уәһһабсың!” – деп жалбарынды»2.

2. Нәуәуи хадистен бірнеше үкім шығарған.

• Алла елшісінің (с.а.с.) қолын созуы намаздағы аз қимыл намазды бұзбайтынын көрсетеді.

• Жындар адамдармен қатар өмір сүреді. Олар адамды көре алады, адамның да оларды көруі мүмкін. Құранда: ﴿يَٰبَنِىٓ ءَادَمَ … إِنَّهُۥ يَرَىٰكُمْ هُوَ وَقَبِيلُهُۥ مِنْ حَيْثُ لَا تَرَوْنَهُمْ إِنَّا جَعَلْنَا ٱلشَّيَٰطِينَ أَوْلِيَآءَ لِلَّذِينَ لَا يُؤْمِنُونَ﴾ «Уа, Адамның үрім-бұтағы! … Ол да, тайпасы да сендер оларды көре алмайтын жерлерден бәріңді көріп тұрады. Расында, Біз шайтандарды иман етпейтіндерге дос қылдық»3 Жын мен шайтанды көру мүлде мүмкін болмаса, Алла елшісі (с.а.с.) Ібілісті көріп, оған тіл қатқанын айтпас еді. Оны ұстаса, Мәдина балалары онымен ойнар еді демес еді. Қади Иядтың пікірінше, аяттарға қарағанда, жындар мен шайтандарды өз бейнесінде пайғамбарлар мен әулиелер ғана көреді. Өзге адамдар оларды риуаяттарда айтылғандай, басқа бейнеде көруі мүмкін. Нәуәуи бұл пікірді растайтын нақты дәлел жоқ деп санаған.

Ислам ғұламалары жындардың адам, жылан, құс, шаян, түйе, сиыр, ат және өзге де бейнеге ене алатынын айтқан. Олар осы пікірге хадистерден дәлел келтірген.

• Имам Әбу Абдулла әл-Мазиридің пікірінше, жын – бір бейнеден екінші бейнеге ене алатын нәзік жаратылыс. Белгілі бір бейнеге енген кезінде ұсталып байланса, басқа бейнеге ауыса алмайды. Хадистегі балалардың онымен ойнай алуы осыған байланысты түсіндіріледі.

• Қади Ияд Алла елшісінің (с.а.с.) Сүлеймен пайғамбардың дұғасына қатысты сөзін былай түсіндірген: «Әзірет Сүлейменге жындар бағындырылған еді. Алла елшісі (с.а.с.) оған деген құрметін сақтап, жынды ұстап байламады. Оны ұстап байлай алатынын ғана айтты».

• Хадистегі «Алламен ант етемін, бауырым Сүлейменнің...» деген сөз оқиғаның маңызын аңғартып, тыңдаушының назарын аударады. Ғалымдар сөзді қуаттау үшін Алланың атымен ант етуге рұқсат берген.

• Ғалымдар намазда біреуге тікелей тіл қатып дұға етуге немесе қарғыс айтуға болмайды деген. Мысалы, намазда түшкірген кісіге يَرْحَمُكَ اللَّهُ «Алла саған рақым етсін» деу намазды бұзады, ал يَرْحَمُ اللَّهُ «Алла рақым етсін» деу намазды бұзбайды деген пікір бар. Бұл хадисте Алла елшісі (с.а.с.) шайтанға тікелей тіл қатып: «Сені лағынеттеймін», – деген. Ғалымдар оқиға намазда артық сөз айтуға тыйым салынғанға дейін болған шығар деп түсіндірген.

  1. 1Мүслим, Мәсәжид: 40, (542); Нәсәи, Сәһу: 19, (3, 13).
  2. 2«Сад» сүресі, 35-аят.
  3. 3«Ағраф» сүресі, 27-аят.