Алдыңғы хадистерде намазға тәкбір айтып кіріскеннен сәлем беріп шыққанға дейін құлшылыққа қатысы жоқ артық қимылдан сақтану бұйырылған. Соның ішінде екі мәселеге ерекше назар аударылады.
1. Сәжде ететін жердің қиыршық тасы маңдайға батып, сәждеге кедергі келтірсе не істейді? Алла елшісі (с.а.с.) артық қимылдан сақтануға үндеген. Өте қажет болса, жерді бір рет тегістеуге рұқсат берген.
Ең дұрысы – намазға кіріспей тұрып, сәжде ететін жерді ыңғайлап, тегістеп алу.
Хадистерде көбіне қиыршық тас пен топырақ аталады. Өйткені Алла елшісінің (с.а.с.) дәуірінде мешіттің едені топырақ пен қиыршық тастан болған. Ғалымдар сәждеге кедергі келтіретін құм, ұсақ тас пен топыраққа бірдей үкім берген. Нәуәуи намазда қиыршық тасты түзетуді мәкрүһ санаған. Хаттаби Имам Мәликтің бұдан әбестік көрмегенін және өзі де солай істегенін жеткізген. Ибн Хажардың айтуынша, бұл жайындағы хадис Имам Мәликке жетпеген болуы мүмкін.
Заһирилердің бір бөлігі №2713 хадисті тура мағынасында алып, қиыршық тасты бір реттен артық түзетуді харам санаған.
Ибн Хажар: «Мұның мәкрүһ болуы намаздағы ықылас пен кішіпейілділікті әлсіретуінен немесе артық қимылға ұрындыруынан», – деген. Әбу Зәррдің №2714 хадисінде бұл Алланың рақымына тосқауыл қоймау қажеттігімен түсіндіріледі. Ибн Әбу Шәйбаның риуаятында: «Сәжде ететін жердегі қиыршық тасқа тиме. Өйткені әрбір тас өзіне сәжде етілгенін ұнатады», – делінген.
Қади Иядтың айтуынша, ілгергі мұсылмандар намаздан сәлем беріп шыққанға дейін сәжде орнын тазалауды мәкрүһ санаған.
2. Хадисте намаз үстінде жан-жаққа бұрылып қарау да сөз болады. Арабша оны «илтифат» дейді. Заһирилер мұны зәрулік болмаса, харам санаған. Әһлі сүннет ғалымдары мәкрүһ деп пәтуа берген. Жан-жағына қараған кісі жүзін құбыладан бұрып, намаздағы ықыласын әлсіретеді. Алла елшісі (с.а.с.) мұны шайтанның намаз сауабын ұрлап әкетуіне теңеген. Хадистегі «ихтилас» – иесі байқап тұрған затты іліп әкету. Мысалы, саудагердің көз алдында мүлкін іліп кету де осылай аталады. Тибидің айтуынша, шайтан намазға тұрған адамды аңдып, назары бөлінген сәтте намазынан ұрлап әкетеді. Намаз оқушы Ұлы Жаратушының құзырында тұрғанын сезініп, артық қимылдан сақтанғаны абзал.
Кей ғалымдар әзірет Айшаның №2690 хадисіндегі киім секілді, назарды бөліп, ойды бұзатын нәрсені де ихтиласқа жақын санаған. Алла елшісі (с.а.с.) киімнің намазда назарын бөлгенін айтып, оны ауыстырған.
№2717 хадис намазда көзді көкке тігуден тыяды. Намаздан тыс уақытта дұға үстінде жоғары қарау жайында ғалымдар әртүрлі пікір айтқан. Шурайх және бірқатар ғалым мұны мәкрүһ санаған. Көпшілік: «Қағба – намаздың құбыласы, көк – дұғаның құбыласы», – деп, оған рұқсат берген.
Қади Ияд: «Намазда көкке қарау құбыладан өзге жаққа бұрылуға жақын», – деген. Ибн Хазм хадистегі қатаң ескертуді негізге алып, көкке қарау намазды бұзады деп үкім берген. Әһлі сүннет ғалымдары бұған келіспеген. Ибн Әбу Шәйбаның риуаятында мұсылмандар әуелде намазда жан-жағына қарайтын, мына аяттар түскен соң одан тыйылған делінеді: ﴿قَدْ أَفْلَحَ ٱلْمُؤْمِنُونَ ٱلَّذِينَ هُمْ فِى صَلَاتِهِمْ خَٰشِعُونَ﴾ «Мүміндер мақсат-мұратына, нағыз жетістікке жетті. Олар – намазда шын пейілімен мойынсұнып, барынша кішіпейілділік танытатындар»2.
№2718 хадисте жан-жаққа қарау «құрдым» деп сипатталған. Ғалымдар құрдымға кетудің үш түрін атаған.
1. Қолындағы нәрсесінен айырылу.
2. Қолындағы нәрсенің өзгеріп, бастапқы қалпынан айырылуы.
3. Кісінің қайтыс болуы.
Алла елшісі (с.а.с.) намазда жан-жағына алақтауды құрдымға теңеген. Өйткені бұл – шайтанға еру, ал шайтан жақсылыққа бастамайды. Жан-жағына қараған кісінің намазы кемелдігінен айырылады. Әзірет Айшаның №2716 хадисінде бұл ихтилас, яғни шайтанның намаздан ұрлап алуы деп сипатталған.
Нәпіл намазда жан-жаққа қарауға жеңілдік берілген. Ғалымдар мұны нәпіл намазды отырып оқуға рұқсат етілуімен салыстырған. Парыз намазда осы екі амалға да, үзір болмаса, рұқсат жоқ.