وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «جِئْتُ يَوْمًا مِنْ خَارِجٍ، وَرَسُولُ اللَّه ﷺ يُصَلِّي فِي الْبَيْتِ وَالْبَابُ عَلَيْهِ مُغْلَقٌ، فَاسْتَفْتَحْتُ فَتَقَدَّمَ وَفَتَحَ لِي، ثُمَّ رَجَعَ الْقَهْقَرَى إِلَى مُصَلَّاهُ، وَوَصَفَتْ أَنَّ الْبَابَ كَانَ فِي الْقِبْلَةِ». أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ.
Айша (р.а.) былай дейді: «Бір күні сырттан келдім. Алла елшісі (с.а.с.) үйде намаз оқып тұр екен, есік жабық еді. Есікті ашуын сұрадым. Ол алға жылжып, маған есік ашты да, кейін шегініп, намаз оқып тұрған орнына қайтты».
Айша (р.а.) есіктің құбыла жақта болғанын айтты.1
Түсіндірме
1. Бұл хадис Алла елшісінің (с.а.с.) нәпіл намазын үзбей, Айшаға (р.а.) есік ашып бергенін баяндайды. Ол намаздың нәпіл болғаны Нәсәидің риуаятында анық айтылған.
2. Ғалымдар бұл хадисті әртүрлі түсіндірген:
• Есік құбыла жақта болса, намаз кезінде оны жауып қойған абзал. Сонда есік әрлі-берлі өткен адамға қалқан болады.
• Ибн Расланның пікірінше, Алла елшісі (с.а.с.) есік ашу үшін бір-екі адым аттаған немесе кідіріс жасап, одан көбірек жүрген. Әйтпесе оның қимылы амал кәсир саналып, намазды бұзар еді. Шәуқани бұл шектеулердің мәзһаб ұстанымына сүйенгенін, ал риуаяттың өзінде оларды дәлелдейтін еш негіз жоғын айтып, пікірді қабылдамаған.
• Айша (р.а.) есіктің құбыла жақта болғанын, Алла елшісінің (с.а.с.) есік ашқанда жүзін басқа жаққа бұрмай, кейін шегініп, намаз оқыған орнына қайтқанын хабарлаған. Кейбір ғалымдар бұл қимылдар бірінен соң бірі жасалмағандықтан, намазды бұзатын амал кәсирге жатпайды деп түсіндірген. Әли әл-Қари: «Екі-ақ адым аттаса да, оған есік ашып, орнына қайтуды қосқанда, бәрібір намазды бұзатын амал кәсир шығады. Ең дұрысы – бұл қимылдар үзіліссіз жасалмаған деу», – деген.
Ибн Мәлік өзгеше пікір айтқан: «Алла елшісінің (с.а.с.) есікке келуі, оны ашуы және орнына қайтуы – амал кәсир. Хадистің сыртқы мағынасы мұндай қимылдар бірінен соң бірі жасалғанда да намаз бұзылмайтынын көрсетеді». Әли әл-Қари ханафи мәзһабында бұл пікірге сүйенбейтінін айтқан. Өйткені бұл мәзһабта бір рәкат ішінде жасалған үш қимыл амал кәсир саналып, намазды бұзады. Ибн Мәліктің тұжырымы хадистің сыртқы мағынасына сай болғандықтан, кей ғалымдар оны нәпіл намазға қатысты қабылдаған. Олардың пікірінше, қажеттілік туғанда жасалған амал кәсир нәпіл намазды бұзбайды.
- 1Әбу Дәуіт, «Салат», 169 (№922). Тирмизи, «Салат», 421 (№601). Нәсәи, «Сәһу», 14 (3/11).