وَلَهُ فِي أُخْرَى عَنْ أَبِي نَضْرَةَ: «بَزَقَ فِي ثَوْبِهِ وَحَكَّ بَعْضَهُ بِبَعْضٍ». «تَنَخَّعَ الْإِنْسَانُ»: إِذَا رَمَى نُخَاعَتَهُ وَهِيَ النَّخَامَةُ الَّتِي تَخْرُجُ مِنْ أَصْلِ الْحَلْقِ.
Әбу Дәуіт Әбу Надрадан жеткізген риуаятта: «Киіміне түкіріп, матаның бір тұсын екінші тұсына үйкеді», – делінген.1
Түсіндірме
1. Алла елшісі (с.а.с.): «Мешітке түкіру – күнә, оның кәффараты – түкірікті көму», – деп, құлшылық орнында түкіруге тыйым салған. Ибн Хажардың түсіндіруінше, тыйым мешіт ішінде тұрған адамға да, сырттан мешітке түкірген адамға да қатысты.
Мұндай күнә істелсе, кәффараты өтеледі. Ол – түкірікті көміп, ізін қалдырмау.
2. Мешітте түкіру жайындағы хадисті Алла елшісінің (с.а.с.) дәуіріндегі жағдайды ескеріп түсінген жөн.
а) Ол кезде мешіттерге қазіргідей кілем, киіз, алаша төселмеген. Еденді тегістейтін бетон не құрама тас та болмаған. Жері құм немесе топырақ еді.
ә) Кейбір хадисте түкіруге рұқсат етіліп, артынан көму шарт етілген. Ибн Әбу Жәмраның түсіндіруінше, түкірікті көму оның бетін жеңіл-желпі жабудан бөлек. Бетін ғана жапса, басқа кісі келіп үстіне отырып қалуы мүмкін. Ал көму – түкірікті жердің астына, тереңірек жасыру.
б) Ғалымдар түкірікті қалай көму жөнінде әртүрлі пікір айтқан. Көпшілік оны құмның не топырақтың астына көму керек, көмілмесе, түгел тазалап, сыртқа шығару қажет деген. Мешітке кілем сияқты төсеніш төселсе, онда түкіруге рұқсат жоқ. Бүгінде көп мешітке кілем төселгендіктен, жерге түкіріп, оны көмуге берілген рұқсат қолданылмайды. Мүслимдегі хадисте: «Үмбетімнің жаман амалдарының арасынан көмілмей қалған түкірікті көрдім», – делінген. Кілем үстіндегі түкірікті көму мүмкін емес.
в) Түкірік нәжіс саналмайды және намазға кедергі келтірмейді. Алла елшісінің (с.а.с.) рұқсат беруінің бір себебі осы. №2724 хадисте оның киіміне түкіріп, матаның екі тұсын бір-біріне үйкегені айтылған.
г) Хадистерде түкіруге мәжбүр кісінің түкірігін көмуі немесе сол аяғының астына түкіріп сүртуі айтылған. Майлық не арнайы сүрткіш қолдану аталмаған. Ол кезде ондай бұйымдар қолданыста болмаған немесе Алла елшісі (с.а.с.) жұртқа ең оңай тәсілді үйреткен деп түсінуге болады.
ғ) Кейбір ғалымдар риуаяттарды салыстырып, мешітте түкіруге барлық жағдайда бірдей тыйым салынбаған деген. Тыйым көптің көзінше түкіріп, өзгелерге жайсыздық туғызуға қатысты. Мәжбүр болған кісі, науқас не қарт адам арнайы матаға түкіргені дұрыс.
Кей ғалымдар түкіруге берілген рұқсат үзірі бар, басқа амалы жоқ адамға, ал тыйым үзірі жоқ, дені сау адамға қатысты деген. Риуаяттарда түкірікті сол аяқтың астына тастап сүрту, матаға түкіріп тазалау немесе жерге көму жолдары айтылған.
- 1Әбу Дәуіт, Таһарат: 143, (389, 390).