وَفِي أُخْرَى لِلشَّيْخَيْنِ: «ذُكِرَ عِنْدَ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا مَا يَقْطَعُ الصَّلَاةَ، فَذُكِرَ الْكَلْبُ وَالْحِمَارُ وَالْمَرأةُ، فَقَالَتْ: لَقَدْ شَبَّهْتُمُونَا بِالْحُمُرِ وَالْكِلَابِ، وَاللَّهِ لَقَدْ رَأَيْتُ النَّبِيَّ ﷺ يُصَلِّي وَأَنَا عَلَى السَّرِيرِ بَيْنَهُ وَبَيْنَ الْقِبْلَةِ مُضْطَجِعَةٌ فَتَبْدُو لِي الْحَاجَةُ فَأَكْرَهُ أَنْ أَجْلِسَ فَأُوذِيَ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ فَأنْسَلُّ مِنْ قِبَلِ رِجْلَيْهِ».
Бұхари мен Мүслимнің риуаятында былай делінеді: «Айшаның (р.а.) жанында намазды бұзатын нәрселер сөз болып, ит, есек және әйел аталды. Сонда Айша: “Бізді есек пен итке теңедіңдер ғой! Алланың атымен ант етейін, мен Алла елшісі (с.а.с.) мен құбыланың арасында төсекте жатқанымда оның намаз оқығанын көрдім. Бір қажетім туа қалса, орнымнан отырып оны мазалағым келмейтін де, аяғының тұсынан еппен сырғып шығып кететінмін”, – деді».1
Түсіндірме
1. Бұл хадис бізге көптеген нұсқалармен жеткен. Кейбір риуаяттарда мұнда айтылмаған мәліметтер кездеседі.
2. №2729 хадисте Айшаның (р.а.) Алла елшісі (с.а.с.) мен құбыланың арасында қалай жатқаны айтылған. Ол басын Пайғамбардың оң жағына, аяғын сол жағына қаратып жатқан. Өйткені жаназа намазында мәйіт осылай қойылады.
3. Алла елшісі (с.а.с.) тәһәжжүд намазын оқығанда ұйықтап жатқан Айшаны (р.а.) оятпаған. Үтір оқитын кезде ғана оятқан. Мұны үтір намазының уәжіптігіне дәлел еткен.
4. Хадистен үтір намазын түннің соңына қалдырудың мұстахаб екені аңғарылады. Өйткені Алла елшісі (с.а.с.) түнгі намаздан соң Айшаны (р.а.) үтірге оятқан. Ғалымдар мұны түннің соңында өздігінен ояна алатын немесе басқа біреу оятатын кісіге ғана рұқсат еткен. Сондықтан ханафилер үтірді құптаннан кейін бірден оқуды абзал санаған.
5. Ұйқыдағы адамды намазға ояту мұстахаб амал.
6. Ибн Аббастан (р.а.) жеткен риуаятта: «Ұйықтап жатқан не сөйлеп отырған адамға қарап намаз оқуға болмайды», – делінген. Айша (р.а.) жеткізген хадис осыған қарама-қарсы мағынаны білдіреді. Ғалымдар Ибн Аббастың риуаяты әлсіз болғандықтан, Айшаның хадисін негізге алған.
7. Хадистің басқа нұсқаларында Алла елшісі (с.а.с.) сәждеге барарда Айшаны (р.а.) түртіп, оның аяғын жиып алатыны айтылады. Ханафилер бұдан әйелге қол тиюі дәретті бұзбайды деген үкім шығарған. Шәфиғилер Пайғамбардың (с.а.с.) қолы Айшаға жамылғының сыртынан тигенін айтып, бұл тұжырымға қосылмаған.
- 1Бұхари, Салат: 22, 99, 102, 103, 104, 105, 108, Амал фис-Салат: 10, Үтір 3, Истизан: 37; Мүслим, Салат: 267, (512); Муатта, Салатул-Ләйл: 2, (1, 117); Әбу Дәуіт, Салат: 112, (711, 712, 713, 714); Нәсәи, Таһарат: 120, (1, 101, 102), Қибла: 10, (2, 67).