وَعَنْ بِشْرٍ بْنِ سَعِيدٍ: «أَنَّ زَيْدَ بْنَ خَالِدٍ أَرْسَلَهُ إِلَى أَبِي جُهَيْمٍ يَسْأَلُهُ: مَاذَا سَمِعَ مِنَ النَّبِيِّ ﷺ فِي الْمَارِّ بَيْنَ يَدَيِ الْمُصَلِّي؟ فَقَالَ: قَالَ ﷺ: لَوْ يَعْلَمُ الْمَارُّ بَيْنَ يَدَيِ الْمُصَلِّي مَاذَا عَلَيْهِ لَكَانَ أَنْ يَقِفَ أَرْبَعِينَ خَيْرٌ لَهُ مِنْ أَنْ يَمُرَّ بَيْنَ يَدَيْهِ. قَالَ أَبُو النَّضْرِ: لَا أدْرِي؟ قَالَ: أَرْبَعِينَ يَوْمًا، أَوْ شَهْرًا، أَوْ سَنَةً». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ.
Бишр ибн Сағидтың айтуынша, Зәйд ибн Халид оны Әбу Жуһаймға жіберіп, намаз оқып тұрған адамның алдынан өту жайында Алла елшісінен (с.а.с.) не естігенін сұратқан. Әбу Жуһайм былай жауап берген: «Алла елшісі (с.а.с.): “Намаз оқып тұрған адамның алдынан өткен кісі өзіне қандай күнә жүктелетінін білсе, алдынан өткенше, қырық уақыт күткенді жөн көрер еді”, – деді». Әбу Надр: «Қырық күн деді ме, қырық ай деді ме, әлде қырық жыл деді ме, білмеймін», – деген.1
Түсіндірме
1. Бұл хадисте намаз оқып тұрған кісінің алдынан өткен адамның өзіне тиетін зиян айтылады. Ал алдыңғы хадисте намаздың өзіне келетін нұқсан сөз болды.
2. Хадисте тыйым үкімінде болған «алдынан» сөзінің көлемі жайында талас-тартыстар көп.
• Кейбірі: «Намазда тұрған адам мен сәждеге бас қоятын жердің аралығы» деген.
• Кейбірі: «Намазда тұрған адамнан үш шынтақтай қашықтық» деген.
• Кейбірі: «Тас лақтырым жер» деген.
3. Хадистегі қырық саны намаз оқыған кісінің алдынан өтпеу қаншалықты маңызды екенін білдіреді. Ибн Хажар осыған Ибн Мәжаның Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткізген мына риуаятын мысал етеді: «...алдынан өту үшін бір қадам аттағаннан, тұрған жерінде жүз жыл қалғаны өзіне қайырлы».
4. Хадистегі айтылған тыйым намазда тұрған барлық адамға қатысты екенін айтылған. Тіпті ол ер болсын, әйел болсын, құл болсын, патша болсын, алдын кесіп өту мақұл емес. Алайда кейбір Мәликилер бұл тыйымның тек имамға ғана немесе жалғыз оқыған адамға қатысты екенін айтқан. Олардың пікірі бойынша имамның артынан ұйыған жамағаттың алдын кесіп өту жамағаттың намазына әсер етпейді. Өйткені имамның сутрасы жамағаттың да сутрасы болып есептеледі.
5. Кейбір Мәлики ғалымдары намазда тұрған адамның алдын кесіп өткен адамның күнә жасап-жасамауына байланысты жағдайларына қарап:
1) Намазда тұрған адам емес, кесіп өткен адам күнәға батады
2) Намазда тұрған адам күнәға қалады, кесіп өткен емес.
3) Намазда тұрған да, өткен адам да күнәға қалады.
4) Намазда тұрған да, өткен адам да күнәға қалмайды.
• Біріншісі: Намазда тұрған адамның алдында сутра тұрып, әрі адамдарға кедергі келтірмейтін жерде құлшылығын атқарғанда, алдын кесіп өткен адам күнәға қалады. Өйткені өткен кісінің басқа жақпен айналып өтуге мүмкіншілігі бар.
• Екіншісі: Намазға тұрған адам жол бойында, алдына ешқандай сутра қоймастан құлшылығын ұзақ атқарған кісі. Өткен адам амалдың жоғынан алдын кесіп өтуге мәжбүр. Бұдан оған күнә жазылмайды, кінә орынсыз жерге намазға тұрған адамда.
• Үшіншісі: Дәл екіншісінде баяндалғандай, бірақ өтушінің айналып өтер мүмкіншілігі бола тұра алдын қиып өтуі.
• Төртіншісі: Дәл біріншісінде баяндалғандай, өтушінің айналып өтер мүмкіншілігі жоқ, амалсыздан қиып өтуі. Мұнда екеуі де күнә жасаған болмайды. Ибн Хажардың пікірінше, егер өтетін басқа жол таба алмаса, күтуге міндетті. Намазда тұрған адам сәлем бергенде ғана өте алады. Әбу Сағидтың оқиғасы да осыны растайды.
- 1Бұхари, Салат: 101; Мүслим, Салат: 261, (507); Муатта, Қасрус-Салат: 34, (1, 154, 155); Әбу Дәуіт, Салат: 109, (701); Тирмизи, Салат: 251, (336); Нәсәи, Құбыла: 8, (2, 66).