وَعَنْ أَبِي ذَرٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِذَا صَلَّى الرَّجُلُ وَلَيْسَ بَيْنَ يَدَيْهِ كَأخِرَةِ الرَّحْلِ قَطَعَ صَلَاتَهُ الْكَلْبُ الْأسْوَدُ، وَالْمَرْأَةُ، وَالْحِمَارُ. قِيلَ لِأَبِي ذَرٍّ: مَا بَالُ الْأسْوَدِ مِنَ الْأحْمَرِ مِنَ الْأبْيضِ؟ قَالَ يَا ابْنَ أَخِي: سَأَلْتَنِى كَمَا سَأَلْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ، فَقَالَ: الْكَلْبُ الْأسْوَدُ شَيْطَانٌ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا الْبُخَارِيَّ.
Әбу Зәрр (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Алдына ердің артқы қасындай нәрсе қоймай намазға тұрған адамның намазын алдынан өткен қара ит, әйел және есек бұзады”, – деді».
Сонда Әбу Зәррден: «Қара иттің қызыл не ақ иттен қандай айырмасы бар?» – деп сұрады. Ол: «Уа, бауырымның баласы, Алла елшісіне (с.а.с.) мен де осы сұрақты қойған едім. Ол: “Қара ит – шайтан”, – деп жауап берді», – деді.1
Түсіндірме
1. Кейбір риуаяттарда мәуқуф (яғни, Әбу Зәррдің өз сөзі) ретінде жазылған. Ал мына хадисте мәрфуғ (яғни, Алла елшісінің (с.а.с.) сөзі) ретінде баяндалған.
2. Хадисте аталғандардың намазды бұзып-бұзбайтыны жөнінде ғалымдардың пікірлері әртүрлі. Кейбірі олар намаз оқып тұрған кісінің алдынан өтсе, намазы бұзылады деген. Ахмад ибн Ханбал: «Қара иттің өтуі намазды бұзатынына күмән жоқ. Ал есек пен әйелдің өтуі туралы күмәнім бар», – деген. Бұл күмәннің себебі – есек пен әйелдің өтуі намазды бұзбайтынын айтқан өзге риуаяттар. Ал қара итке қатысты қарама-қарсы хабар жоқ. Әбу Ханифа, Шәфиғи және Имам Мәлик бастаған бір топ ғалым аталғандардың ешбірі намазды бұзбайды деген. Кей ғалымдар «Намазды еш нәрсе бұзбайды» деген хадиспен (№2735) бұл риуаяттың үкімі жойылғанын айтқан.
Хадистің осыған дейінгі бөлігі №2732 риуаятта түсіндірілді. Онда қара иттің шайтанға теңелуі ғана айтылмаған. «Фәтхул-уәдудта» былай делінген: «Кейбір ғалымдар бұл сөзді тура мағынада түсініп, “Шайтан қара ит бейнесінде көрінеді”, – деген. Басқалары қара ит өзге иттерден қауіпті болғандықтан шайтанға теңелгенін айтқан».
Жалпы алғанда, намазын оқуға бет алған адам құлшылығына ешкім кедергі келтірмейтіндей оңаша жер тауып, алаңсыз күйде мінәжатын атқаруға амал етсе, сол – істің ең абзалы дер едік.
- 1Мүслим, Салат: 265, (510); Әбу Дәуіт, Салат: 110, (702); Тирмизи, Салат: 253, (338); Нәсәи, Құбыла: 7, (2, 63); Ибн Мәжа, Иқамәтус-Салат: 38, (952).