Хадис

Кутуб ситтә, № 2759

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
380. Сәһу және тиләуат сәжделері. Сәһу сәждесі
Нөмірі
№ 2759 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 6
2759
Кутуб ситтә, № 2759 · тараудағы реті: 6

وَفِي رِوَايَةٍ: «صَلَّى إِحْدَى صَلَاتَيْ الْعَشِىِّ. قَالَ مُحَمَّدٌ: وَأَكْثَرُ ظَنِّي أَنَّهَا الْعَصْرُ رَكْعَتَيْنِ، ثُمَّ سَلَّمَ، ثُمَّ قَامَ إِلَى خَشَبَةٍ فِي مُقَدِّمِ الْمَسْجِدِ فَوَضَعَ يَدَهُ عَلَيْهَا وَفِيهِمْ أَبُو بَكْرٍ وَعُمَرُ فَهَابَاهُ أَنْ يُكَلِّمَاهُ، وَخَرَجَ سُرْعَانُ النَّاسِ، فَقَالُوا: أَقَصُرَتِ الصَّلَاةُ؟ وَرَجُلٌ يَدْعُوهُ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ ذَا الْيَدَيْنِ، فَقَالَ يَا رَسُولَ اللَّهِ: أقَصُرَتْ أمْ نَسِيتَ؟ فَقَالَ: لَمْ أَنْسَ وَلَمْ تُقْصَرْ، فَقَالَ: بَلَى قَدْ نَسِيتَ، فَقَامَ فَصَلَّى رَكْعَتَيْنِ، ثُمَّ سَلَّمَ، ثُمَّ كَبَّرَ فَسَجَدَ مَثْلَ سُجُودِهِ أَوْ أطْوَلَ، ثُمَّ رَفَعَ رَأْسَهُ فَكَبَّرَ، ثُمَّ وَضَعَ رَأْسَهُ فَكَبَّرَ، فَسَجَدَ مِثْلَ سُجُودِهِ أَوْ أطْوَلَ، ثُمَّ رَفَعَ رَأْسَهُ وَكَبَّرَ». «سُرْعَانُ النَّاسِ» أوَائِلُهُمْ وَمُتَقَدِّمُوهُمْ.

Қазақша аудармасы

Бір риуаятта былай делінген: «Алла елшісі (с.а.с.) күннің екінші жартысындағы екі намаздың бірін екі рәкат етіп оқыды. Мұхаммед ибн Сирин: “Меніңше, ол екінті намазы еді”, – деген. Сәлем берген соң, Пайғамбар (с.а.с.) мешіттің алдыңғы жағындағы ағашқа барып, қолын соған қойды (жүзінен ашуланғаны байқалды). Сол жерде Әбу Бәкір мен Омар да бар еді, бірақ екеуі де оған сөз айтуға батылы бармады. Мешіттен ертерек шыққандар: “Намаз қысқарды ма?” – десті. Алла елшісі Зул-Ядайн деп атайтын кісі: “Уа, Алла елшісі, намаз қысқарды ма, әлде ұмыттыңыз ба?” – деді. Ол: “Ұмытқаным жоқ, намаз да қысқарған жоқ”, – деп жауап берді. Зул-Ядайн: “Жоқ, ұмыттыңыз”, – деді. Сонда Алла елшісі орнынан тұрып, екі рәкат оқыды да, сәлем берді. Содан соң тәкбір айтып, әдеттегідей не одан ұзағырақ сәжде жасады. Басын көтеріп, тәкбір айтты. Қайта сәждеге барғанда да тәкбір айтып, әдеттегідей не одан ұзағырақ сәжде жасады. Содан кейін басын көтеріп, тағы тәкбір айтты. (Содан соң отырып, “Әттахиятты” оқыды да, сәлем беріп, намазын аяқтады.)»1

Түсіндірме

1. Алла елшісінің (с.а.с.) намазында жаңылысып, екі рәкатта сәлем беруін қозғаған түрлі риуаяттар бар. Бұл риуаяттар бір оқиғаны баяндағандай көрінгенімен, риуаяттардың әртүрлілігін талдаған ғалымдар түрлі оқиғалар айтылған деген байлам жасаған. Яғни, бұл риуаяттар Расулалланың бірнеше рет ұмытып, төрт рәкаттық намазды екі рәкат етіп оқығанын, жамағат ескерту жасағанда, төртке толықтырғанын көрсетуде. Мәселе былай:

а) Алдымен қай намаздың екі рәкат оқылғаны жөнінде пікір әртүрлі. Кей риуаятта бесін намазы, кейбірінде екінті намазы делінсе, енді бірінде анық айтылмаған. №2759 хадисте осындай екіұдайлық бар.

ә) Алла елшісіне (с.а.с.) ескерткен кісінің аты да риуаяттарда әртүрлі. Кейбірінде Бәни Сүләймнен әл-Хирбақ аталады. Екі қолы ұзын болғандықтан, оны Зул-Ядайн деп атаған. Кейбір риуаятта Зуш-Шималайн лақап аты бар кісі аталады. Зуһри оларды бір кісі деп топшылаған, бірақ ғалымдар оның бұл пікірде жаңылғанын айтқан. Басқа ғалымдар бұлардың екі бөлек адам екеніне бірауыздан келіскен. Зуш-Шималайн Хузаға тайпасынан шыққан және Бәни Зуһраның одақтасы болған. Есімі – Умайр ибн Абди Амр. Бәдір шайқасына қатысып, сол жерде шейіт болған.

2. Тіл мамандары хадистегі «аший» сөзін күн тас төбеден ауғаннан бастап батқанға дейінгі мезгіл деп түсіндіреді. «Екі аший» дегені – бесін мен екінті намаздары.

3. Хадисте Алла елшісінің (с.а.с.) намазды кем оқуына ықпал еткен көңіл күйіне ишара бар. Намаздан соң алға өтіп, қолын бөренеге қойғанда, жамағат оның жүзінен ашу нышанын байқаған. Түсіндірмешілер ашудың әсерінен қанша рәкат оқығанына күмәнданған болуы мүмкін дейді. Керісінше, рәкат санына күмәндануы ашуына себеп болған деп топшылағандар да бар.

4. Ибн Аббас, Ибн әз-Зубәйр, Ұруа, Ата, Хасан Басри, Имам Шәфиғи, Ахмад ибн Ханбал және хадис имамдары осы риуаятқа сүйеніп, мынадай байлам жасаған. Адам намазын толық оқыдым деп ойлап, оны аяқтауға ниеттеніп, оңға және солға сәлем берсе де, намазы бұзылмайды. Ұмытып немесе намаз бітті деп ойлап сөйлеген адамның сөзі де намазды бұзбайды. Бұрынғы және кейінгі ғалымдардың көпшілігі осы көзқарасты ұстанған.

Ескерту: Ханафилер бұл мәселеде басқаша ойлайды. Олардың пайымынша, бұл хадис мансұқ. Намазда мейлі ұмытып, мейлі білімсіздікпен бітірдім деп қандай жағдайда сөйлеп қойса да намаз бұзылады. Ханафилер бұл мәселеде намазда сөйлеуге тыйымға қатысты ибн Мәсғуд пен Зәйд ибн Әркам (р.а.) риуаят еткен хадистерге сүйенеді. Аталған хадистердің жоғарыдағы хадисті жойғанын (насых) айтады.2

5. Сәһу сәждесі сипатталған тұста риуаяттың өзінде сәһу сәждесінен кейінгі «Әттахият» пен сәлем айтылмаған. Әбу Дәуіт бұлардың орындалғанын түсіндірмесінде хабарлаған.

6. Кейбір ғалымдар бұл хадистен мына үкімдерді шығарған:

• Сәлем бергеннен кейін кем оқылған рәкаттарды толықтыру үшін арада аз ғана уақыт өтуі керек. Бұл аралық бір рәкаттың немесе бір намаздың уақытынан аспауға тиіс дегендер де болған.

• Мұндай жағдайларда сәһу сәждесін жасау уәжіп, өйткені Пайғамбарымыз: «Менің қалай намаз оқығанымды көрсеңдер, солай намаз оқыңдар», – деген.

• Намазда бірден көп сәһу сәждесін қажет ететін қателік кетсе де, соңынан бір рет сәһу сәждесі жасалады.

• Сәһу сәждесі сәлемнен кейін орындалады.

Ескерту: Хадиске қатысты үкімдерді зерделегенде, хадистің мансұқ болып-болмағандығы жайында Ханафилер мен өзге ғалымдар арасында көзқарас айырмашылықтары барын қаперде ұстаған дұрыс.

  1. 1Әбу Дәуіт, Салат: 195, (1008).
  2. 2Бұл хадистер №2708 және №2709 хадистердің түсіндірмесінде қарастырылды.