Хадис

Кутуб ситтә, № 2774

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
382. Тиләуат сәждесін жасаудың артықшылығы
Нөмірі
№ 2774 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 8
2774
Кутуб ситтә, № 2774 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Айша (р.а.)

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ يَقُولُ فِي سُجُودِ الْقُرْآنِ بِاللَّيْلِ: سَجَدَ وَجْهِيَ لِلَّذِي خَلَقَهُ وَصَوَّرَهُ، وَشَقَّ سَمْعَهُ وَبَصَرَهُ بِحَوْلِهِ وَقُوَّتِهِ». أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) түнде тиләуат сәждесін жасағанда: “Жүзім оны жаратқан, оған пішін берген, Өз күшімен әрі құдіретімен оның есту және көру қабілетін ашқан Аллаға сәжде етті”, – дейтін».1

Түсіндірме

1. Мұндағы «жүз» сөзі адамның өзін білдіреді. «Жүзім сәжде етті» дегені – «мен сәжде еттім» деген сөз. «Жүзі ақ» дегенде де адамның ары таза екені меңзеледі.

2. Әли әл-Қаридың айтуынша, тиләуат сәждесінде намаздағы сәжденің тәсбихы айтылады. Осы көзқарас дұрысырақ. Дегенмен кейбір ғалымдар «Субхана Раббана ин кана уағду Раббина ләмафғула» деп айтуды да мұстахаб санаған. Алла Тағала аятта ізгі жандар жайында: ﴿إِذَا يُتْلَىٰ عَلَيْهِمْ يَخِرُّونَ لِلْأَذْقَانِ سُجَّدًا ۝ وَيَقُولُونَ سُبْحَٰنَ رَبِّنَآ إِن كَانَ وَعْدُ رَبِّنَا لَمَفْعُولًا﴾ «өздеріне Құран оқылғанда бірден сәждеге жығылады. Олар: “Уа, кемшілік атаулыдан ада, мінсіз Раббымыз! Егер Раббымыз уәде берген болса, ол міндетті түрде орындалады”, – деп айтады.»2 – деп хабар берген. Сондықтан кей ғалымдар сәждеде осы тәсбихты айтуды мұстахаб деп есептеген.

Алиул-Қари тақырыпқа қатысты былай дейді: «Сәжделерде оқылатын тәсбих сахих риуаяттарда келген тәсбихтардан таңдалғаны жөн. Айталық, тиләуат сәждесі намазда жасалатын болса, намаз сәждесінде оқылатын тәсбих оқылуы керек. Намаз парыз намаз болса, “Субхана раббиәл ағла” деу керек немесе нәпіл намаз болса, сәждеде айтылуы жайында риуаяттарда келген бір тәсбих оқылуы керек. “Сәжде уажһи” секілді, “Аллаһумма уктуб ли...” деген секілді. Тиләуат сәждесі намаздан тыс болса, бұл тұрғыда келген тәсбихтардың кез келгенін оқуға болады».

  1. 1Әбу Дәуіт, Салат: 334, (1414); Тирмизи, Салат: 407, (508); Нәсәи, Ифтитах: 71, (2, 222).
  2. 2«Исра» сүресі, 107–108-аяттар.