Хадис

Кутуб ситтә, № 2793

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
387. Имамға қойылатын талаптар
Нөмірі
№ 2793 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 2
2793
Кутуб ситтә, № 2793 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Әбу Сағид (р.а.)

وَعَنْ أَبِي سَعِيدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِذَا كَانُوا ثَلَاثَةً فَلْيَؤُمَّهُمْ أَحَدُهُمْ، وَأَحَقُّهُمْ بِالْإِمَامَةِ أَقْرَؤُهُمْ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Сағид (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Үш кісі болса, араларынан бірі имам болсын. Имамдыққа ең лайықтысы – Құранды ең жақсы оқитыны”, – деді».1

Түсіндірме

1. Алла елшісі (с.а.с.) имамдыққа лайық адамды «ақрағ» деп сипаттаған. Кейбір ғалымдар мұны «Құранды жақсы оқитын кісі» деп түсінсе, кейбірі «Құранды көбірек жаттаған кісі» деп түсінген. Екі пікірдің де өз дәлелі бар. Имамдыққа кім лайық екені туралы хадистердің нұсқалары әртүрлі келгендіктен, мәзһабтарда да үкім әртүрлі. Ханафилер жамағат ішінен имам таңдағанда мына ретпен басымдық береді:

• Сүннетті ең жақсы білетін кісіге.

• Құранды ең жақсы оқитын кісіге.

• Тақуалығы басым кісіге.

• Жасы үлкен кісіге.

Бұл қасиеттері тең түссе, әуелі мінез-құлқы, одан кейін көркі, тегі, дауысы мен киім киісі ескеріледі. Бәрі тең түссе, жеребе тасталады. Үй иесі мен мешіттің тұрақты имамына бұл қасиеттері кем болса да, басымдық беріледі. Хадисте Құранды ең жақсы оқитын кісіге басымдық берілген. Ханафилердің үкімі хадисті түсіндіру ерекшелігіне байланысты. Сахабалар дәуірінде Құранды ең жақсы білетіндер сүннетті де жақсы білген. Кейін бұл жағдай өзгерді. Намаз үстінде тосын жағдай туса, сүннетті жетік білетін кісі оны дұрыс шеше алады. Ханафилер сондықтан сүннетті көбірек білетін кісіні лайық санаған. Әбу Юсуфтан жеткен бір риуаятқа сай, Құранды жақсырақ оқитын кісі имамдыққа лайық. Шафиғилер мен мәликилердің пікірінше, басшы немесе оның орынбасары өзінен лайықтырақ кісі тұрса да имамдық ете алады әрі олардың намаз оқытуы – мәндүп. Кезек одан кейін тұрақты имамға, одан соң үй иесіне беріледі. Бұлар болмаса, жамағат өз ішінен ең лайықты кісіні таңдайды. Пасық немесе бидғат ұстанған адамның имамдығы – харамға жақын мәкрүһ. Имам Мұхаммед пен имам Мәлик бұған рұқсат етпеген. Мұндағы бидғат иесі деп құбылаға бет бұрғанымен, Әһлі сүннет уәл-жамағат сенімінен ауытқыған ағым ұстанушыларын айтады. Сенімі күпірлікке апаратын адамның имамдығы жарамсыз. Мәзһабтары бөлек кісілер бір-біріне ұйи алады. Өз мәзһабындағы имамға ұю абзал, ал өзге мәзһабтағы имамға ұю жеке оқығаннан артық.

  1. 1Мүслим, Мәсәжид: 289, (672); Нәсәи, Имамат: 5, (2, 77).