Хадис

Кутуб ситтә, № 2799

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
387. Имамға қойылатын талаптар
Нөмірі
№ 2799 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 8
2799
Кутуб ситтә, № 2799 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Жәбир (р.а.)

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ مُعَاذًا رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ كَانَ يُصَلِّى مَعَ النَّبِيِّ ﷺ الْعِشَاءَ الْآخِرَةَ، ثُمَّ يَرْجِعُ إِلَى قَوْمِهِ فَيُصَلِّي بِهِمْ تِلْكَ الصَّلَاةَ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا النَّسَائِيَّ.

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) былай дейді: «Муаз (р.а.) Алла елшісімен (с.а.с.) бірге құптан намазын оқитын. Содан соң өз қауымына барып, сол намазды оларға да оқытатын».1

Түсіндірме

Хаттаби былай дейді: «Бұл риуаят парыз намазын оқитын кісінің нәпіл намазын оқып тұрған имамға ұюына рұқсат екенін көрсетеді. Муаздың Алла елшісімен (с.а.с.) бірге оқыған намазы парыз еді. Қауымына оқытқаны өзі үшін нәпіл болды. Сондай-ақ хадисте орынды себеп болса, бір намазды сол күннің ішінде екі рет оқуға болатынына дәлел бар».

Парыз оқитын кісінің нәпіл оқушыға ұюы жөнінде ғалымдар әртүрлі пікір айтқан:

• Имам Ағзам мен рай мектебінің ғалымдары: «Имам нәпіл оқып тұрса, оған ұйып парыз оқылмайды. Имам парыз оқып тұрса, оған ұйып нәпіл оқуға болады», – деген. Олар тұрғылықты кісінің жолаушыға ұюына да рұқсат берген.

• Шафиғи, Ахмад пен Әузағи парыз оқитын кісінің нәпіл оқушыға ұюына рұқсат берген. Ата мен Тауыс та осы пікірде.

• Имам Мәлик: «Қандай намазда болсын, имам мен оған ұйыған кісінің ниеттері сәйкес келмесе, намаз жарамсыз. Ұйыған кісі оны қайта оқуы керек», – деген. Зуһри мен Рабиға да осы пікірде.

• Парыз оқитын кісінің нәпіл оқушыға ұюын құптамаған ғалымдар Муаздың Алла елшісіне (с.а.с.) ұйып оқығаны нәпіл, ал өз қауымына оқытқаны парыз болған дейді. Оларға былай жауап берілген: «Муаздың ең абзал намаз – парызды адамдардың ең ізгісі Алла елшісіне (с.а.с.) ұйып оқу мүмкіндігі тұрғанда, сол үлкен несібеден бас тартып, нәпілмен шектелуі қисынға келмейді. Бұған рауидің “Құптан намазын Алла елшісімен (с.а.с.) бірге оқитын” деген сөзі де дәлел. Құптан – парыз намаз. Алла елшісі (с.а.с.): “Парызға тұрғанда, одан басқа намаз оқылмайды”, – деген. Парыз басталғанда сол жерде тұрған Муаздың (р.а.) парызды тастап кетуі мүмкін емес. Алла елшісі (с.а.с.) “Араларыңдағы ең білгір фақиһ – Муаз” деп, оның фиқһ ілімін жоғары бағалаған».

Муаздың Алла елшісімен (с.а.с.) бірге оқыған намазы парыз болғанына түсіндірмешілер Шафиғи, Тахауи, Дарақутни мен Абдурраззақ жеткізген нұсқаны дәлел етеді. Онда Жәбир: «Муаздың қауымына оқытқан намазы өзі үшін нәпіл, қауымы үшін парыз еді», – деген. Ибн Хажар: «Бұл мәселеде осы қосымша нұсқаны негізге алған дұрыс», – дейді. Бұл мәселе жөніндегі пікірталас ұзақ.

  1. 1Бұхари, Азан: 60, 63, 66, Әдеп: 74; Мүслим, Салат: 180, (465); Әбу Дәуіт, Салат: 68, (599, 600) Тирмизи, Салат: 410, (583).