وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: لَوْ تَعْلَمُونَ مَا فِي الصَّفِّ الأَوَّلِ مَا كَانَتْ إِلَّا قُرْعَةً». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.
Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Алғашқы саптың артықшылығын білсеңдер, ол үшін жеребе тастар едіңдер”, – деді».1
Түсіндірме
Кейбір ғалымдар «бірінші сап» дегенді кейінгі сапта тұрса да, мешітке ең ерте келгендер деп түсінген. Ибн Абдулбәрр: «Ерте келген кісі алдыңғы саптан орын алмаса да, кейін келіп, адамдарды ығыстырып, алға шыққаннан артық», – деген. Бұл пікірге дәлел келтірілмегені де айтылған. Хадистерде алдыңғы сап меңзеледі. Кейбір ғалымдар мұны имамға ұйыған алғашқы сап деп нақтылаған.
Ғалымдардың айтуынша, алдыңғы сапқа ынталандырудың мынадай себептері бар:
• Парызды өтеуге асығу.
• Мешітке ертерек бару.
• Имамға жақын тұрып, оны тыңдау, одан үйрену.
• Имам жаңылса, ескерту.
• Алдыңғы жақтан ешкім өтіп, мазаламауы.
• Алды ашық болғандықтан, зейіннің сергек болуы.
• Сәжде орнының кең болуы.
• Адам аяғы аз басқандықтан, сәжде орнының таза болуы.
- 1Мүслим, Салат: 131, (439).