Хадис

Кутуб ситтә, № 2831

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
388. Имамға ұюға қатысты үкімдер. Саптың реті және имамға ұюдың шарттары мен әдебі
Нөмірі
№ 2831 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 22
2831
Кутуб ситтә, № 2831 · тараудағы реті: 22

وَعَنْ هَمَّامٍ بْنِ الْحَارِثِ: «أَنَّ حُذَيْفَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَمَّ النَّاسَ بِالْمَدَائِنِ عَلَى دُكَّانٍ، فَأَخَذَ أَبُو مَسْعُودٍ بَقَمِيصِهِ فَجَبَذَهُ. فَلَمَّا فَرَغَ مِنْ صَلَاتِهِ قَالَ: أَلَمْ تَعْلَمْ أَنَّهُمْ كَانُوا يُنْهَوْنَ عَنْ ذَلِكَ؟ قَالَ: بَلَى. قَدْ ذَكَرْتُ حِينَ مَدَدْتَنِي». أَخْرَجَه أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Һаммам ибн әл-Харис былай дейді: «Хузайфа (р.а.) Мәдаин қаласында жамағатқа биік жерде тұрып намаз оқытты. Әбу Мәсғуд оның киімінен тартты. Намаз біткен соң Әбу Мәсғуд: “Бұған тыйым салынғанын білмейсің бе?” – деді. Хузайфа: “Иә, бірақ мені тартқаныңда ғана есіме түсті”, – деп жауап берді».1

Түсіндірме

Хадисте имамның жамағаттан биік жерде тұрып намаз оқытуына тыйым салынғаны айтылады. «Дүккан» – отыруға ыңғайлы, қозғалмайтын биік орын. Оны «сәкі» деуге болады. Ол үй ішіндегі төсек немесе диван секілді жылжымалы затқа жатпайды.

Әбу Дәуіт осы тақырыптағы екінші риуаятта имамның жамағаттан биікте тұруына тыйым салынғанын анық келтіреді: «Аммар ибн Ясир (р.а.) Мәдаинде халыққа намаз оқыту үшін алға шығып, сәкіге көтерілді. Жамағат төменде тұрды. Хузайфа (р.а.) алға шығып, Аммардың қолынан ұстап, төмен түсірді. Намаз біткенде Хузайфа: “Алла елшісінің (с.а.с.) ‘Жамағатқа имамдық еткен кісі олардан биікке шықпасын’ дегенін естімедің бе?” – деді. Аммар: “Сол үшін қолымнан тартқанда, саған еріп төмен түстім”, – деп жауап берді».

«Нәйлул-аутарда»: «Мешітте болсын, басқа жерде болсын, имамның жамағаттан биік тұрып намаз оқытуына тыйым салынған. Ол жер адам бойындай биік пе, одан биік пе, әлде аласа ма – бәрібір. Хадисте биіктіктің мөлшері көрсетілмеген», – делінген. Алла елшісінің (с.а.с.) мінберде намаз оқуын ғалымдар үйрету мақсатымен түсіндірген. Ол жаңа мінберге шығып, намаз оқыған соң: «Намазымды үйренулерің үшін осылай істедім», – деген. Бұдан жамағатқа үйрету қажет болса, имамның биіктеу жерге шығуына болатыны аңғарылады.

  1. 1Әбу Дәуіт, Салат: 67, (597).