وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ يُصَلِّي مِنَ اللَّيْلِ فِي حُجْرَتِهِ وَجِدَارُ الْحُجْرَةِ قَصِيرٌ. فَرَأَى النَّاسُ شَخْصَ النَّبِيِّ ﷺ. فَقَامَ أُنَاسٌ يُصَلُّونَ بِصَلَاتِهِ فَأَصْبَحُوا فَتَحَدَّثُوا. فَقَامَ الثَّانِيَةَ وَقَامُوا فَصَنَعُوا ذَلِكَ ثَلَاثًا، فَلَمَّا كَانَ بَعْدَ ذَلِكَ جَلَسَ فَلَمْ يَخْرُجْ. فَلَمَّا أَصْبَحَ ذَكَرُوا لَهُ ذَلِكَ فَقَالَ: إِنِّي خِفْتُ أَنْ تُكْتَبَ عَلَيْكُمْ صَلَاةُ اللَّيْلِ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَأَبُو دَاوُدَ.
Айша (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) түнде қабырғасы аласа бөлмесінде намаз оқитын. Жұрт оның сұлбасын көріп, орындарынан тұрып, оған ұйып намаз оқыды. Таң атқанда, осы жайды сөз етті. Екінші түні Алла елшісі (с.а.с.) тағы намазға тұрды, жұрт та солай істеді. Үшінші түні де осы жай қайталанды. Бұдан кейін Алла елшісі (с.а.с.) шықпады. Таңертең мұның себебі сұралғанда: “Түнгі намаз сендерге парыз етіліп қала ма деп қорықтым”, – деді».1
Түсіндірме
1. Алла елшісі (с.а.с.) түнгі намаз оқыған бөлме туралы риуаяттар екі ықтимал түсіндірме ұсынады:
а) Мешіт ауласындағы бөлмелердің бірі. Әбу Нуаймның бір риуаятында «Ол түнгі намазын жұбайларының бірінің бөлмесінде оқитын» делінген.
ә) Мешіт ішінде шимен қоршалған орын. Айша мен Зәйд ибн Сәбиттің «Сахихайндағы» риуаяттарында Алла елшісінің (с.а.с.) күндіз үстіне отырып, түнде қалқа етіп ұстайтын шиі болғаны айтылады.
2. Хадис жамағаттың қабырғаның сыртынан Алла елшісіне (с.а.с.) ұйып, нәпіл намаз оқығанын көрсетеді. Өзге риуаяттар да осыған дәлел. Ибн Әбу Шәйбаның Салих, Тауаманың азат еткен құлынан жеткізген хабарында оның Әбу Һурайрамен (р.а.) бірге мешіттің төбесінде тұрып, имамға ұйығаны айтылады. Сағид ибн Мансұрдың жеткізуінше, Хасан Басри имамның артында немесе төбенің үстінде тұрып ұюдың оғаштығы жоқ деген. Бұхари Хасан Басридің «Имам екеуіңнің араларыңда өзен болса да, зияны жоқ» деген сөзін жеткізген. Әбу Мижлаз: «Арада жол не қабырға болса да, имамның тәкбірін естіген кісі оған ұйи алады», – деген. Ибн Хажар мәликилердің де осылай үкім бергенін айтады. Ханафилер имамды көруге немесе естуге кедергі болатын қабырға болса, ұюды дұрыс санамайды. Имам мен ұюшының не екі саптың арасы алшақ болған жағдай да талқыланған. Жамағат мешіттен тыс тұрса, арасы бір сап тұратындай қашықтықтан кем болғанда ұю жарамды, одан асса, жарамсыз делінген. Ал мешіт ішінде кез келген бұрыштан имамға ұюға болады деген пікір кең тараған. Бұл – даулы мәселелердің бірі.
- 1Бұхари, Азан: 80, Либас: 43; Әбу Дәуіт, Салат: 243, (1126).