وَعَنْ نَافِعٍ: «أَنَّ ابْنَ عُمَرَ رَضِىَ اللَّهُ عنْهُمَا كَانَ يَقُولُ: مَنْ صَلَّى الْمَغْرِبَ وَالصُّبْحَ ثُمَّ أَدْرَكَهُمَا مَعَ الْإِمَامِ فَلَا يَعُدْ لَهُمَا». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.
Нафиғ былай дейді: «Ибн Омар (р.а.): “Кім ақшам мен таң намазын оқып, кейін сол намаздарға имаммен бірге үлгерсе, оларды қайта оқымасын”, – дейтін».1
Түсіндірме
Ибн Омардың (р.а.) сөзінше, ақшам мен таң намазын оқыған кісі сол намаздарға имаммен бірге үлгерсе де, оларды қайта оқымайды. Мұның себептері былай түсіндірілген:
а) Таң намазынан кейін нәпіл оқуға тыйым салынған.
ә) Нәпіл намаз үтір сияқты тақ рәкатты болмайды. Әузағи, Хасан Басри мен Сәури осы пікірде. Екінтіден кейін намаз оқу да мәкрүһ болса да, бұл риуаятта оған тыйым айтылмаған. Ибн Омар (р.а.) күн сарғайғаннан кейінгі уақытты мәкрүһ санаған.
Имам Мәлик осы хадисті жеткізген соң: «Меніңше, үйінде намазын оқыған кісі имаммен бірге өзге намаздарын қайта оқи алады, тек ақшамды қайта оқымайды. Оны қайталаса, ақшам намазы тақ қалпынан шығып, жұп болады», – деген.2
Зурқани: «Мұхаммед ибн әл-Хасан ақшамды қайта оқуға тыйым салынуын былай түсіндірген: қайта оқылған намаз – нәпіл, ал нәпіл намаз тақ рәкатты болмайды», – дейді.
Ибн Абдулбәрр Мұхаммед ибн әл-Хасанның дәлелін имам Мәликтің дәлелінен орындырақ санаған.
Шафиғи мен басқа ғалымдар: «Михжан хадисі (№2840) жалпы айтылған. Онда бірде-бір намаз бөлек көрсетілмегендіктен, бәрін қайта оқуға болады», – деген.
Әбу Ханифа: «Екінті, ақшам мен таң намаздары қайта оқылмайды», – деген. Мұхаммед ибн әл-Хасан оның үкімін: «Таң мен екінтіден кейін нәпіл намаз оқылмайды әрі нәпілді тақ рәкатпен оқу дұрыс емес», – деп түсіндірген.