Хадис

Кутуб ситтә, № 299

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
39. Сауда шарттары және саудадан тыс қалдырылатын үлес
Нөмірі
№ 299 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 9
299
Кутуб ситтә, № 299 · тараудағы реті: 9

وَفِي أُخْرَى: وَقَالَ لِي: «ارْكَبْ بِاسْمِ اللَّهِ». فَلَمَّا قَدِمْنَا الْمَدِينَةَ دَخَلَ النَّبِيُّ ﷺ الْمَسْجِدَ فِي طَوَائِفَ مِنْ أَصْحَابِهِ وَدَخَلْتُ إِلَيْهِ وَعَقَلْتُ الْجَمَلَ فِي نَاحِيَةِ الْبَلَاطِ. فَقُلْتُ لَهُ: «هَذَا جَمَلُكَ». فَخَرَجَ: فَجَعَلَ يُطِيفُ بِالْجَمَلِ وَيَقُولُ: «الْجَمَلُ جَمَلُنَا». فَبَعَثَ بِأَوَاقٍ مِنْ ذَهَبٍ فَقَالَ: «أَعْطُوهَا جَابِرًا». ثُمَّ قَالَ: «اسْتَوْفَيْتَ الثَّمَنَ؟» فَقُلْتُ: «نَعَمْ». فَقَالَ: «الثَّمَنُ وَالْجَمَلُ لَكَ».

Қазақша аудармасы

Басқа бір риуаятта Жәбир былай дейді: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) маған “Алланың атымен мін”, – деді. Мәдинаға жеткенде, Пайғамбар (с.а.с.) бір топ сахабамен мешітке кірді. Түйені тас төселген тұсқа байлап, мен де ішке кірдім. Оған “Міне, түйеңіз”, – дедім. Ол кісі сыртқа шығып, түйені айнала қарап, “Түйе біздікі екен”, – деді. Сосын бірнеше уқия алтын алдыртып, “Мынаны Жәбирге беріңдер”, – деді. Одан кейін “Ақыңды толық алдың ба?” – деп сұрады. “Иә”, – дедім. Сонда ол “Ақша да, түйе де өзіңдікі”, – деп, түйемді қайтарып берді».1

Түсіндірме

№295-тен бастап келтірілген риуаяттардан Жәбирдің (р.а.) Алла елшісіне (с.а.с.) түйе сатқан оқиғасы бірнеше нұсқада жеткенін көреміз. Бұл оқиға неке, жиһад, сауда-саттық және кісінің қадір-қасиеті секілді тақырыптарға қатысты үкімдерді қамтиды. Сондықтан хадис жинақтарының әртүрлі бөлімдерінде оқиғаның түрлі қыры баяндалған.

Ғалымдар хадистегі кейбір жайттарды әртүрлі түсіндірген. Мысалы, Алла елшісі (с.а.с.) түйеге қанша төлеген? Риуаяттарда әртүрлі сома аталады. Сол нұсқаларды өзара үйлестіріп, түсіндіру хадис шәріптеушілерін көп іздендірген. Арнайы зерттеушілерге қажет осы егжей-тегжейге тоқталмай, ғалымдар ортақ назар аударған бірнеше тұжырымды келтірейік.

1. Кей ғалымдар осы риуаятқа сүйеніп, көлік малын біраз уақыт мініп жүру шартымен сатуға болады деген. Әбу Ханифа мен Шафиғи мұндай мәмілені жарамсыз деп санаған.

2. Хадисте бұрын тұрмыс құрмаған қызға үйленудің абзалдығы айтылған. Балалардың күтімі мен тәрбиесін ойлаған кісі үшін бұрын некеде болған әйелге үйлену де орынды болуы мүмкін.

3. Үлкендер мен жақын достар үйлену сияқты мәселелерге көңіл бөліп, жөн сілтегені дұрыс. Осындай қамқорлық таныту – мұстахаб.

4. Жетімдердің тәрбиесіне көңіл бөлу керек. Олардың жағдайына қарай бұрын некеде болған әйелге үйлену отбасы үшін абзал болуы мүмкін. Бұрын тұрмыс құрмаған қызға үйленуге берілген кеңес бұған кедергі болмайды. Жәбирдің (р.а.) оқиғасы отбасы мен ортаның жағдайы мұндай таңдауға қалай ықпал ететінін көрсетеді.

5. Жорықтан қайтқанда қолбасшы рұқсат берсе, жауынгерлер топтан озып, ілгері жүре алады.

6. Сапардан үйге қолайлы уақытта оралуды көздеу – мұстахаб.

7. Жәбирдің (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) алдында орны ерекше болған.

8. Бұл оқиғадан Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) асқан жомарттығы көрінеді.

  1. 1Бұхари, «Жиһад», №2861.