وَعَنْ عَمْرٍو بْنِ شُعَيْبٍ عَنْ أَبِيهِ عَنْ جَدِّهِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «نَهَى رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ عَنِ التَّحَلُّقِ يَوْمَ الْجُمُعَةِ قَبْلَ الصَّلَاةِ». أَخْرَجَهُ رَزِينٌ.
Амр ибн Шуғайб әкесінен, ол атасынан мына хабарды жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.) жұма күні намаздан бұрын алқа құрып отыруға тыйым салды».1
Түсіндірме
1. Жұма намазының алдында алқалай отыруға тыйым салған хадистің Әбу Дәуіттегі нұсқасы ұзағырақ: «Алла елшісі (с.а.с.) мешітте сауда жасауға, жоғалған затты дауыстап іздеуге, өлең оқуға әрі жұма күні намаздан бұрын алқа құрып отыруға тыйым салды».
2. Мешітте өлең оқуға рұқсат берген риуаяттар да бар.
Олардың кейбірі № 2306 хадистің тұсында келтірілген. Ирақи тыйым салған және рұқсат берген риуаяттарды екі түрлі жолмен сабақтастырады.
1) Бірінші түсінік бойынша, тыйым танзиһи мәкрүһтікті білдіреді, ал рұқсат айтылуы шариғатқа сай сөздерге қатысты.
2) Екінші түсінік бойынша, рұқсат көркем әрі шариғатқа сай өлеңдерге берілген. Бұған мүшріктерді әжуалаған, Алла елшісін (с.а.с.) мадақтаған, тақуалық пен көркем мінезге үндеген жырлар жатады. Ал мақтанға құрылған, мүміндерді келемеждейтін, өтірікті, ішімдікті немесе әйелге құмарлықты дәріптейтін өлеңдерге тыйым салынған.
3. «Алқалай отыру» деп аударған «тәхаллуқ» сөзі шеңбер құрып отыруды білдіреді. Көбіне бір уағызшының не ұстаздың айналасына алқа құрып отыру меңзеледі.
Хаттаби былай дейді: «Намаздан бұрын білім үйрену, пікірлесу үшін алқа құрып отыру мәкрүһ саналған. Бұл мезгілде намаз оқу, құтба мен зікірді тыңдау бұйырылған. Осы амалдар біткеннен кейін жұрт жиналып, алқа құра алады».
Тахауидің пікірінше, мешітке адам көп жиналса, намаздан бұрын алқа құру – мәкрүһ. Жұрт аз болса, мұның әбестігі жоқ.
Мүміндер жұма күні мешітке ерте келіп, мінберге жақын, алдыңғы саптарға отыруға шақырылған. Ал алқа құру саптардың тәртібін бұзып, алдыңғы қатардан орын алуға бөгет болады. Тыйымның себебі осы болуы мүмкін.
«Тәхаллуқ» сөзі «қырыну» мағынасында да қолданылуы мүмкін. Кей кісілер хадисті жұма күні намаздан бұрын шаш қыруға тыйым салынды деп түсінген. Хаттаби бұл жорамалды қате санаған.
- 1Бұл Рәзин қосымшасы. Әбу Дәуітте келген хадистің бөлігі. Намаз: 220, (1079).