Хадис

Кутуб ситтә, № 2905

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
394. Жолаушы намазы
Нөмірі
№ 2905 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 10
2905
Кутуб ситтә, № 2905 · тараудағы реті: 10Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «صَلَّى بِنَا رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ بِمِنَى رَكْعَتَيْنِ، وَأَبُو بَكْرٍ بَعْدَهُ، وَعُمَرُ بَعْدَ أَبِي بَكْرٍ، وَعُثْمَانُ صَدْرًا مِنْ خِلَافَتِهِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمْ، ثُمَّ إِنَّ عُثْمَانَ صَلَّى بَعْدُ أَرْبَعًا، فَكَانَ ابْنُ عُمَرَ إِذَا صَلَّى مَعَ الْإِمَامِ صَلَّى أَرْبَعًا. وَإِذَا صَلَّى وَحْدَهُ صَلَّى رَكْعَتَيْنِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخانِ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Минада бізге намазды екі рәкат етіп оқытты. Одан кейін Әбу Бәкір де, Әбу Бәкірден кейін Омар да, халифалығының бас кезінде Осман да намазды екі рәкат етіп оқытты. Кейін Осман төрт рәкат оқытатын болды».

Ибн Омар имамға ұйығанда төрт рәкат, жалғыз оқығанда екі рәкат оқитын.1

Түсіндірме

Минада аялдап, жамаратқа тас лақтыратын күндері намаз қанша рәкат оқылады?

Бұл мәселеде сәлаф ғалымдарының пікірі әртүрлі. Жолаушының намазды екі рәкат етіп оқитыны белгілі. Ал Минада тұрғылықты адам неше рәкат оқиды? Екі рәкат оқу жолаушылыққа байланысты болса, ол төрт рәкат оқиды. Қажылық рәсіміне байланысты болса, екі рәкат оқиды. Демек, ғалымдар Минада намаздың қысқартылуы қажылықтың талабынан ба, әлде жолаушылықтан ба деген мәселеде түрлі пікір ұстанған.

Имам Мәликтің пікірінше, Мекке тұрғындары Меккеде намаздарын толық, Минада қысқартып оқиды. Мина тұрғындары Минада толық, Мекке мен Арафатта екі рәкат етіп оқиды. Мекке мен Минаның арасы бір фарсах қана, бұл қашықтық жолаушы саналуға жетпейді. Бұл көзқарас бойынша Минада намазды екі рәкат етіп оқу – қажылыққа тән амал. Расында, Пайғамбар (с.а.с.) қоштасу қажылығында Минада намазды екі рәкат етіп оқытқанда, өзіне ұйыған жамағатты жолаушы және тұрғылықты тұрғын деп бөлмеген. Мекке тұрғындарына да: «Біз жолаушы болғандықтан, намазды екі рәкат етіп оқимыз. Сендер тұрғылықты болғандықтан, төрт рәкатқа толықтырып оқыңдар», – деп ескерткен жоқ. Қажылық рәсімдерінің бәрін үйреткен Пайғамбар (с.а.с.) қажет болса, бұл үкімді де түсіндірер еді. Мұндай ескерту жасамағанына қарап, Минада намазды қысқарту қажылық рәсіміне байланысты деп ұғынылған. Әбу Бәкір мен Омар (р.а.) осы сүннетті жалғастырған. Осман мен Ибн Омардың (р.а.) амалынан Мекке мен Мина тұрғындарына және Меккеде жолаушы үкімінен шығатындай мерзімге қалуға ниет еткен алыстан келген қажыларға Минада намазды қысқартып та, толық та оқуға болады деген пікір айтылған. Османның (р.а.) халифалығының алғашқы алты-сегіз жылында намазды қысқартып, кейін толық оқуы екі себеппен түсіндірілген.

1) Намазды қысқартып та, толық та оқуға болады. Қиындығы көбірек ғибадат абзал саналғандықтан, Осман кейін төрт рәкат оқуды таңдаған. Төрт рәкат оқудың машақаты көбірек екені анық.

2) Ол қажылықтан кейін Меккеде біраз уақыт қалуды көздеген немесе Тайфтан мүлік алып, сонда тұруға ниеттенген. Сол себепті өзін тұрғылықты адам санаған. Алайда Пайғамбардың (с.а.с.) сүннеті намазды қысқартып оқу болғандықтан, кей сахабалар Османның (р.а.) бұл амалына қарсылық білдірген. Ғалымдардың көпшілігі, соның ішінде Ата, Зуһри, Суфиян Сәури, Куфа ғұламалары, Әбу Ханифа мен шәкірттері, Имам Шафиғи, Ахмад ибн Ханбал және Әбу Сәур Мекке мен Мина және Арафат арасы намазды қысқартуға қажетті қашықтыққа жетпейтінін ескеріп, Мекке тұрғындары намаздарын қысқартпайды деген. Олардың пікірінше, бұл мекендердің үкімі өзге жерлердің үкімінен бөлек емес.

Жоғарыда айтылғандай, Османның (р.а.) намазды кейін төрт рәкат етіп оқуына және осыған қатысты өзге мәселелерге ғалымдар әртүрлі пікір айтқан. Мұнда олардың егжей-тегжейіне тоқталмаймыз.

  1. 1Бұхари, Тақсиру әс-Салат: 2, Хаж: 84; Мүслим, Салат әл-Мусафирин: 17, (694); Нәсәи, Тақсиру әс-Салат: 3, (3, 121).