وَفِي أُخْرَى لِمَالِكٍ: «صَلَاةُ الْخَوْفِ أَنْ يَقُومَ الْإِمَامُ وَمَعَهُ طَائِفَةٌ مِنْ أَصْحَابِهِ وَطَائِفَةٌ مُوَاجِهَةَ الْعَدُوِّ، فَيَرْكَعُ الْإِمَامُ رَكْعَةً وَيَسْجُدُ بِالَّذِينَ مَعَهُ، ثُمَّ يَقُومُ فَإِذَا اسْتَوَى قَائِمًا ثَبَتَ وَأَتَمُّوا لِأَنْفُسِهِمُ الرَّكْعَةَ الْبَاقِيَةَ ثُمَّ يُسَلِّمُونَ وَيَنْصَرِفُونَ وَالْإِمَامُ قَائِمٌ فَيَكُونُونَ وِجَاهَ الْعَدُوِّ ثُمَّ يُقْبِلُ الْآخَرُونَ الَّذِينَ لَمْ يُصَلُّوا فَيُكَبِّرُونَ وَرَاءَ الْإِمَامِ فَيَرْكَعُ بِهِمْ رَكْعَةً وَيَسْجُدُ ثُمَّ يُسَلِّمُ فَيَقُومُونَ فَيَرْكَعُونَ لِأَنْفُسِهِمُ الرَّكْعَةَ الْبَاقِيَةَ ثُمَّ يُسَلِّمُونَ».
Мәликтің «Муаттадағы» басқа риуаятында былай делінеді: «Қауіп намазы былай оқылады. Имаммен бірге бір топ намазға тұрады. Екінші топ дұшпанға қарама-қарсы тұрады. Имам өзіне ұйығандарға бір рәкат оқытып, рукуғ пен сәжде жасайды. Содан соң орнынан тұрып, түрегеп тұра береді. Бірінші топ қалған рәкатын өзі оқып, сәлем береді. Имам әлі түрегеп тұрғанда, олар дұшпанға қарсы шептегі орындарына кетеді. Намаз оқымаған топ келіп, имамның артында тәкбір айтып ұйиды. Имам оларға бір рәкат оқытып, сәжде жасайды, содан соң сәлем береді. Екінші топ түрегеп, қалған рәкатын оқиды да, сәлем береді».1
Түсіндірме
1. Қауіп төнгенде парыз намаздың оқылу тәсілі жағдайға қарай өзгеретінін және оның себебін жоғарыда айттық. Бұл риуаятта екі рәкат намаздың оқылуы баяндалған.
Мұны екі рәкат намаздың үлгісі деп түсіну керек. Тұрғылықты жерде парыз намаз екі, үш немесе төрт рәкат болуы мүмкін. Соған қарай жоғарыда көрсетілген тәртіп қолданылады.
2. Ибн Аббастан жеткен риуаятта қауіптің намаз рәкатына да ықпалы бары және мұндайда намаздың бір рәкат оқылатыны айтылады: «Алла тағала Пайғамбарымыз (с.а.с.) арқылы намазды тұрғылықты кезде төрт, сапарда екі, қауіп төнгенде бір рәкат етіп парыз қылды».2 Табиғиндерден Даххак, Мужаһид, Ата, Қатада, сондай-ақ Исхақ ибн Раһуия осы пікірді ұстанған.
Ғалымдардың көпшілігінің пікірінше, соғыс намаздың рәкат санына әсер етпейді, намазды бір рәкат етіп оқуға рұқсат жоқ. Намаз сапарда қысқартылады, ал соғыс оның жамағатпен оқылу тәртібіне әсер етеді. Әбу Ханифа, Шафиғи, Мәлик, Сәури, Нахағи, Ибн Омар секілді бірқатар сәлаф ғалымы осылай үкім берген.
«Муаттадағы» риуаятта намаздың оқылу тәртібі жоғарыда берілген үлгіден өзгеше сипатталған. Бұл мәселені ғалымдар әртүрлі түсіндірген.