وَعَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ أُنَيْسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «بَعَثَنِي رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِلَى خَالِدِ بْنِ سُفْيَانَ الْهُذَلِيِّ، وَكَانَ نَحْوَ عُرَنَةَ وَعَرَفَاتٍ. فَقَالَ: اذْهَبْ فَاقْتُلْهُ. فَرَأَيْتُهُ وَحَضَرَتْ صَلَاةُ الْعَصْرِ. فَقُلْتُ: إِنِّي لَأَخَافُ أَنْ يَكُونَ بَيْنِي وَبَيْنَهُ مَا إِنْ أُؤَخِّرُ الصَّلَاةَ. فَانْطَلَقْتُ أَمْشِي وَأَنَا أُصَلِّي أُومِئُ إِيمَاءً نَحْوَهُ. فَلَمَّا دَنَوْتُ مِنْهُ قَالَ: مَنْ أَنْتَ؟ قُلْتُ: رَجُلٌ مِنَ الْعَرَبِ بَلَغَنِي أَنَّكَ تَجْمَعُ لِهَذَا الرَّجُلِ فَجِئْتُكَ فِي ذَلِكَ. فَقَالَ: إِنِّي لَفِي ذَلِكَ. فَمَشَيْتُ مَعَهُ سَاعَةً حَتَّى إِذَا أَمْكَنَنِي عَلَوْتُهُ بِالسَّيْفِ حَتَّى بَرَدَ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Абдулла ибн Унәйс (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) мені Халид ибн Суфиян әл-Һузәлиге жіберді. Ол Урана мен Арафат маңында еді. Маған: “Барып, оны өлтір”, – деді. Оны көргенде екінті намазының уақыты кірген еді. “Арамызда бір оқиға болып, намазымды кешіктіріп алармын”, – деп ойладым. Оған қарай жүріп бара жатып, намазымды ишарамен оқыдым. Жақындағанымда, ол:
– Сен кімсің? – деді.
– Арабтың бірімін. Осы кісіге қарсы әскер жинап жатқаныңды естіп, сол ісіңе қосылайын деп келдім, – дедім. Ол:
– Иә, сол іспен айналысып жүрмін, – деді. Біраз уақыт онымен бірге жүрдім. Реті келгенде, оны қылышпен ұрып өлтірдім».1
Түсіндірме
Бұл хадис қатер төнгенде намазды ишарамен оқуға болатынына дәлел. Ғалымдар бұл дәлелге күмән келтірмеген. Абдулла ибн Унәйс мұны Алла елшісінің (с.а.с.) көзі тірісінде, уахи түсіп тұрған кезде істеген. Оның бұл ісі Пайғамбарға (с.а.с.) мәлім болған. Дінге қайшы болса, ол мұны түзетер еді. Бұл амалды теріске шығаратын хадис кездеспейді. Сахабаның ісі мәрфуғ хадиске қайшы келмесе, шариғатта дәлел саналады.
Ибн әл-Мунзир: «Хадисті Абдулла ибн Унәйстен жеткізген рауи “Дұшпаннан қашқан кісі көлік үстінде намазын ишарамен оқи алады” деген», – дейді.
Шафиғи: «Қуғыншы жолдастарынан алыстап, қуған жауының кері бұрылып келуінен қауіптенсе, намазын ишарамен оқиды», – деген. Осылайша ол қуғыншы мен қашқан адамның үкімін ажыратқан. Қашқан адам басына қатер төнгеннен қорқады, ал қуғыншы дұшпанының қашып кетуінен қауіптенеді. Ибн Хажар Ибн әл-Мунзир жеткізген пікірге Әузағидің сөзі қарсы дәлел ретінде айтылғанын жазады. Әузағи: «Намазды ишарамен оқуға қауіп күшейгенде рұқсат беріледі», – деген. Ол қуғыншы мен қашқан адамды ажыратпаған. Мәликилерден Ибн Хабиб те осы пікірді ұстанған. Әбу Исхақ әл-Фәзари «Китаб әс-сүнән» еңбегінде Әузағидің мына сөзін келтіреді: «Қуғыншылар аттан түскен кезде дұшпанды қашырып алудан қорықса, қандай күйде болса да намазын оқиды».
Пікір алшақтығы аяттағы «қауіп» ұғымын түсіндіруден туған. Мұны «жау жанға не малға зиян келтіреді деп қорқу» деп түсіндіргендер қуғыншы мен қашқан адамның үкімін ажыратады. Аятты жалпылама түсіндіргендер екеуіне де бір үкім қолданады.
Қауіп төнгенде бұл жеңілдік жаяу адамға да, көлік үстіндегі адамға да қатысты.
Айни бұл мәселе жөніндегі фақиһтардың пікірін былай түйіндейді:
• Әбу Ханифаның пікірінше, қашып келе жатқан адам жүріп бара жатып намаз оқи алады. Ал біреуді қуып келе жатқан адамға бұлай намаз оқуға болмайды.
• Имам Мәлик пен оның бір топ шәкірті екеуіне де көлік үстінде намаз оқуға рұқсат берген.
• Әузағи мен Шафиғи қуғыншыға қатысты Әбу Ханифамен бір пікірде болған. Ата, Хасан, Сәури, Ахмад және Әбу Сәур да осылай деген.
Шафиғиден мына пікір де жеткен: «Қуғыншы дұшпанның қашып кетуінен қауіптенсе, намазын ишарамен оқиды. Қауіптенбесе, бұлай оқуына болмайды».
- 1Әбу Дәуіт, Салат: 289, (1249).