Хадис

Бесін намазының сүннеттері

Кутуб ситтә, 7-том, 399-тарау · 7 хадис · № 2953–2959

Хадистер

2953
Кутуб ситтә, № 2953 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әли (р.а.)

عَنْ عَلِيٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يُصَلِّي قَبْلَ الظُّهْرِ أَرْبَعًا وَبَعْدَهَا رَكْعَتَيْنِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әли (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) бесіннің парызынан бұрын төрт, кейін екі рәкат оқитын».1

Түсіндірме

Тирмизи бұл хадис туралы бірқатар мәлімет келтіреді. Соның бірінде: «Сахабалар мен олардан кейінгі ғалымдардың көпшілігі осы хадиспен амал еткен», – делінген. Айшаның (р.а.) төмендегі риуаяты да осыны қуаттайды. Онда Алла елшісінің (с.а.с.) бесін парызынан бұрынғы төрт рәкатты қалдырмағаны айтылып, оның муәккад сүннет екені аңғарылады.

  1. 1Тирмизи, Салат: 315, (424).
2954
Кутуб ситтә, № 2954 · тараудағы реті: 2

وَلَهُ فِي أُخْرَى عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِذَا لَمْ يُصَلِّ أَرْبَعًا قَبْلَ الظُّهْرِ صَلَّاهَا بَعْدَهَا».

Қазақша аудармасы

Тирмизидің басқа риуаятында Айша (р.а.): «Алла елшісі (с.а.с.) бесіннен бұрын төрт рәкат оқи алмай қалса, оны парыздан кейін оқитын»1, – дейді.

  1. 1Тирмизи, Салат: 317, (426).
2955
Кутуб ситтә, № 2955 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Үммі Хабиба (р.а.)

وَعَنْ أُمِّ حَبِيبَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَنْ صَلَّى قَبْلَ الظُّهْرِ أَرْبَعًا وَبَعْدَهَا أَرْبَعًا حَرَّمَهُ اللَّهُ عَلَى النَّارِ». أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ.

Қазақша аудармасы

Үммі Хабиба (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізеді: «Бесіннен бұрын төрт рәкат және одан кейін төрт рәкат оқыған адамды Алла тозақ отына харам етеді».

2956
Кутуб ситтә, № 2956 · тараудағы реті: 4

وَفِي رِوَايَةٍ: «مَنْ حَافَظَ عَلَى أَرْبَعٍ قَبْلَ الظُّهْرِ وَأَرْبَعٍ بَعْدَهَا حَرَّمَهُ اللَّهُ عَلَى النَّارِ».

Қазақша аудармасы

Басқа бір нұсқада: «Бесіннен бұрын төрт рәкат және кейін төрт рәкат оқуды үзбеген адамды Алла тозақ отына харам етеді»1, – делінген.

Түсіндірме

1. Бұл хадистер бесіннің парызынан бұрынғы төрт рәкат сүннетті қуаттайды. Ал парыздан кейінгі төрт рәкат туралы Әли әл-Қари: «Бесіннің парызынан кейінгі екі рәкат – бекітілген сүннет, қалған екі рәкат – мұстахаб. Бұл төрт рәкатты екі-екіден оқыған абзал. Парыздан бұрынғы төрт рәкат секілді бір сәлеммен аяқтамаған жөн», – дейді.

2. Бұл намазды бір рет оқыған адам да уәде етілген сыйға жете ме? Алдыңғы № 2955 хадистен «Бір мәрте оқыған кісіге де сый бар» деп түсінуге болады. Екінші нұсқада бұл намазды «үзбей оқыған» кісі туралы айтылады. Сондықтан бесіннен бұрын да, кейін де төрт рәкат оқуды үзбеген жөн.

3. Хадисті түсіндірген ғалымдар мұндағы уәде туралы бірнеше пікір айтқан. Мұндай адам тозаққа кірмей ме? Әлде тозаққа кірген жағдайда да от тимей ме? Немесе от тисе де, денесін тұтас шарпымай ма? Нәсәидің нұсқасында «Тозақ оты оның жүзіне ешқашан тимейді» делінген. Бұл Алла елшісінің (с.а.с.) «Алла тозақ отына адам баласының сәжде орындарын күйдіруге тыйым салған» деген сөзіне сай келеді.

Осы риуаяттарды бірге қарастырғанда, хадисті солай түсінуге негіз бар. Дегенмен сөздің сыртқы мағынасын да қабылдауға болады. Алла тағала мейірімімен оттың мұндай адамның тұла бойына тиюіне тыйым салған болуы мүмкін. Алланың кеңшілігі мен мейірімі шексіз.

  1. 1Әбу Дәуіт, Салат: 296, (1269); Тирмизи, Салат: 317, (427, 428); Нәсәи, Қиямул-Ләйл: 67, (3, 265).
2957
Кутуб ситтә, № 2957 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Әбу Әйюб (р.а.)

وَعَنْ أَبِي أَيُّوبَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: أَرْبَعٌ قَبْلَ الظُّهْرِ لَيْسَ فِيهِنَّ تَسْلِيمٌ تُفْتَحُ لَهُنَّ أَبْوَابُ السَّمَاءِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әбу Әйюб (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізеді: «Бесіннен бұрын араларында сәлем берілмей оқылатын төрт рәкат үшін көктің қақпалары ашылады».1

Түсіндірме

Имам Ғазалидің пікірінше, мұнда бесіннің сүннеті емес, күн төбеден ауған шақта, бесіннің парызынан бұрын оқылатын төрт рәкат айтылған. Бұл «зауал сүннеті» деп аталады. Көк қақпаларының ашылуы осы намаздың қабыл болатынын әрі көздеген мақсатқа тез жеткізетінін білдіреді.

  1. 1Әбу Дәуіт, Салат: 296, (1270); Ибн Мәжа, Қамат: 105, (1157).
2958
Кутуб ситтә, № 2958 · тараудағы реті: 6

وَعَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ السَّائِبِ قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يُصَلِّي أَرْبَعَ رَكْعَاتٍ بَعْدَ أَنْ تَزُولَ الشَّمْسُ قَبْلَ الظُّهْرِ. وَيَقُولُ: إِنَّهَا سَاعَةٌ تُفْتَحُ فِيهَا أَبْوَابُ السَّمَاءِ. وَأُحِبُّ أَنْ يَصْعَدَ لِى فِيهَا عَمَلٌ صَالِحٌ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн әс-Саиб (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) күн төбеден ауғаннан кейін, бесіннің парызынан бұрын төрт рәкат оқитын. “Бұл – көк қақпалары ашылатын мезгіл. Осы сәтте бір ізгі амалымның жоғары көтерілгенін қалаймын”, – дейтін».1

Түсіндірме

Ирақи мұндағы төрт рәкатты бесіннің төрт рәкат сүннетінен бөлек қарастырған. Осы және алдыңғы хадисте «зауал сүннеті» аталған бір намаз айтылады. Алла елшісінің (с.а.с.) сол мезгілде ізгі амалының көтерілуін қалаған сөзі мына аятты еске салады: ﴿إِلَيْهِ يَصْعَدُ الْكَلِمُ الطَّيِّبُ وَالْعَمَلُ الصَّالِحُ يَرْفَعُهُ﴾ «Игі сөз Оның дәргейіне көтеріледі, һәм ол игі істі де көтеріп, қабыл алады.»2

  1. 1Тирмизи, Салат: 347, (478).
  2. 2«Фатыр» сүресі, 10-аят.
2959
Кутуб ситтә, № 2959 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Омар (р.а.)

وَعَنْ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: أَرْبَعٌ قَبْلَ الظُّهْرِ وَبَعْدَ الزَّوَالِ تُحْسَبُ بِمِثْلِهِنَّ فِي السَّحَرِ، وَمَا مِنْ شَيْءٍ إِلَّا يُسَبِّحُ اللَّهَ تَعَالَى فِي تِلْكَ السَّاعَةِ. ثُمَّ قَرَأَ: يَتَفَيَّأُ ظِلَالُهُ عَنِ الْيَمِينِ وَالشَّمَائِلِ سُجَّدًا لِلَّهِ وَهُمْ دَاخِرُونَ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ. «التَّفَيُّؤُ» التَّحَوُّلُ مِنْ جِهَةٍ إِلَى أُخْرَى.

Қазақша аудармасы

Омар (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізеді: «Бесіннен бұрын, күн төбеден ауғаннан кейін оқылатын төрт рәкат сәресі уақытында оқылатын сондай төрт рәкатқа тең. Осы мезгілде Алланы пәктемейтін еш нәрсе жоқ». Содан соң Пайғамбар (с.а.с.) ﴿أَوَلَمْ يَرَوْا إِلَىٰ مَا خَلَقَ اللَّهُ مِنْ شَيْءٍ يَتَفَيَّأُ ظِلَالُهُ عَنِ الْيَمِينِ وَالشَّمَائِلِ سُجَّدًا لِلَّهِ وَهُمْ دَاخِرُونَ﴾ «Олар Алла жаратқан әрбір нәрсенің көлеңкесінің бір Алланың әміріне бас иіп, сәжде еткен күйде бірде оң жақтан, бірде сол жақтан түсіп, айналшықтап жүргенін көрмеді ме?»1 деген аятты оқыды2. «Тәфәйю» – көлеңкенің бір жақтан екінші жаққа ауысуы.

  1. 1«Нахл» сүресі, 48-аят.
  2. 2Тирмизи, «Тәпсір», «Нахл» (№ 3128).