وَعَنِ الْمُخْتَارِ بْنِ فُلْفُلٍ قَالَ: «سَأَلْتُ أَنَسًا رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ عَنِ التَّطَوُّعِ بَعْدَ الْعَصْرِ. فَقَالَ: كَانَ عُمَرُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ يَضْرِبُ الْأَيْدِيَ عَلَى صَلَاةٍ بَعْدَ الْعَصْرِ، وَكُنَّا نُصَلِّي عَلَى عَهْدِ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ رَكْعَتَيْنِ بَعْدَ غُرُوبِ الشَّمْسِ قَبْلَ صَلَاةِ الْمَغْرِبِ، وَكَانَ يَرَانَا نُصَلِّيهِمَا فَلَمْ يَأْمُرْنَا وَلَمْ يَنْهَنَا». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.
Қазақша аудармасы
Мұхтар ибн Фулфул былай дейді: «Әзірет Әнәстен (р.а.) екінтіден кейін нәпіл намаз оқу туралы сұрадым. Ол: “Әзірет Омар (р.а.) екінтіден кейін намаз оқығандардың қолынан таяқпен ұратын. Біз Расулалланың (с.а.с.) кезінде күн батқаннан кейін, ақшамның парызына дейін екі рәкат оқитын едік. Ол біздің оқып жатқанымызды көретін. Оқуды бұйырған да, тыйған да жоқ”, – деп жауап берді».1
Түсіндірме
Мүслимдегі толық нұсқада әзірет Әнәс (р.а.) сахабалардың ақшамның парызынан бұрын екі рәкат оқығанын айтқанда, Мұхтар: «Расулалла (с.а.с.) да оқитын ба еді?» – деп сұрайды. Әзірет Әнәс: «Ол біздің оқып жатқанымызды көретін. Оқуды бұйырған да, тыйған да жоқ», – деп жауап береді.
Нәуәуи бұл жөнінде жеткен риуаяттарды былай түсіндіреді: «Ғалымдар бұл мәселеде екі пікір ұстанған. Кең тараған пікір бойынша, күн батқан соң ақшам намазын кідірмей оқу керек. Бұл аралықта нәпіл оқу мұстахаб саналмайды. Екінші пікір бойынша, нәпіл оқу мұстахаб. Ахмад ибн Ханбал мен Исхақ ибн Раһуәйһ осы пікірді ұстанған. Имам Мәлик, фақиһтардың көпшілігі және сахабалардан Әбу Бәкір, Омар, Осман мен Әли (р.а.) мұны мұстахаб санамаған. Ибраһим Нахағи оны бидғат деген».
Нәуәуи осы және осыған ұқсас хадистерге сүйеніп, ақшамның парызынан бұрын нәпіл оқу мұстахаб деген. Бұл үкім кейін жойылған деген пікірді қабылдамаған.