وَفِي أُخْرَى لِلنَّسَائِيِّ رَحِمَهُ اللَّهُ تَعَالَى: «الْمُنَابَذَةُ أَنْ يَقُولَ: إِذَا نَبَذْتُ هَذَا الثَّوْبَ إِلَيْكَ فَقَدْ وَجَبَ الْبَيْعُ. وَالْمُلَامَسَةُ: أَنْ يَمَسَّهُ بِيَدِهِ وَلَا يَنْشُرَهُ وَلَا يُقَلِّبَهُ؛ إِذَا مَسَّ وَجَبَ الْبَيْعُ». وَعِنْدَهُ عَنِ ابْنِ عُمَرَ: «وَهِيَ بُيُوعٌ كَانُوا يَتَبَايَعُونَ بِهَا فِي الْجَاهِلِيَّةِ».
Нәсәидің бір риуаятында былай делінген: «Мұнабаза – сатушының “Осы киімді саған лақтырсам, сауда біткен болып саналады” деуі. Мұламаса – киімді жазып, аударып қарамай, қол тигізген сәтте сауда біткен болып саналуы».
Нәсәи Ибн Омардың (р.а.) «Бұлар – жаһилиятта жұрт қолданған сауда түрлері» деген сөзін де келтірген.1
Түсіндірме
Бұл екі хадисте жаһилият дәуірінде қолданылған кейбір киіну және сауда тәсілдері, сондай-ақ Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) соларға салған тыйымы баяндалады.
Мұламаса мен мұнабазаның мәні жоғарыдағы риуаяттарда айтылды. Кей ғалымдар бұл анықтамаларды Алла елшісінің өзі берген деп санайды. Көпшілік ғалым оларды рауилердің бірі қосқан түсініктеме деп қабылдаған. Мұламасада сатып алушы қараңғыда не бүктеулі тұрған киімге қолын тигізеді. Ал сатушы: «Бұл тауарға қол тигізгенің оны көріп алғаныңмен бірдей. Осы шартпен саттым, кейін көргенде саудадан бас тарта алмайсың», – дейді. Осылайша қол тигізу мәмілені бекітуге жеткілікті саналып, сатып алушы таңдау құқығынан айырылады. Мұндай сауда алдауға жол ашады. Ислам сауданың дұрыс болуы үшін сатып алушының тауарды көруін, сатушының оның кемшілігі болса, ашық айтуын шарт еткен. Мәміледен бас тарту не оны бекіту құқығы да сақталуға тиіс. Ислам осы құқықтар аяққа басылатын алдамшы мәмілеге рұқсат бермейді.
Мұнабаза бірнеше түрде жасалған.
1. Сатушы: «Мына тасты лақтырамын. Қай киімге тисе, соны саған саттым», – дейді.
2. Сатушы: «Осы жерден тас лақтырамын. Тас түскен жерге дейінгі алқапты саған саттым», – дейді.
3. Тас лақтырылған сәтте сауда біткен болып саналады. Сатушы: «Мына киімге тас лақтырсам, саған пәлен бағаға сатылғаны», – дейді. Мұнда да алдау бар.
Иштимал әс-саммаға түрлі анықтама берілген. Бір анықтама бойынша, кісі бір ғана матаға бір иығын ашық қалдырып, қымтана оранады. Фиқһ ғалымдары мұның тыйылу себебін былай түсіндірген: қолы матаның астында қалған кісі бір нәрсеге соғылып не құлап бара жатса, қолын пайдаланып, өзін қорғай алмайды. Ал қолын шығарса, әуреті ашылып кетеді. Кейбір хадис түсіндірушілерінің пікірінше, міндетті түрде жабылуға тиіс әурет ашылмаса, бұлай орануды харам немесе мәкруһ деуге негіз жоқ. Бұл ретте тыйым салынған өзге әрекетке, мысалы, мұсылман еместердің киіну үлгісіне еліктеуге жол берілмеуге тиіс.
Ихтибаға да әртүрлі анықтама берілген. Біреулер оны «кісінің киіміне орануы» десе, енді біреулер «кісінің жерге отырып, тізесін тіктеп, сол күйі киіміне орануы» деген. Бұлай киінген кісі абайламаса, әуреті ашылып қалуы мүмкін. Орнынан тұрарда да әуретін ашып алу қаупі бар. Мұндай жағдай көпшілік моншада кездеседі. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) осындай жайттарға назар аударған.
- 1Нәсәи, «Буюғ» (4515–4516). Ибраһим Жанан, «Кутуб-и ситте аудармасы мен түсіндірмесі», 3-т., 77-б.