وَفِي رِوَايَةٍ لِلْبُخَارِى: «صَلَاةُ اللَّيْلِ مَثْنَى مَثْنَى، فَإِذَا أَرَدْتَ أَنْ تَنْصَرِفَ فَارْكَعْ رَكْعَةً تُوتِرُ لَكَ مَا قَدْ صَلَّيْتَ».
Бұхаридің риуаятында былай делінген: «Түнгі намаз екі рәкаттан оқылады. Намазды аяқтағың келгенде, бір рәкат оқы. Сол бір рәкат бұған дейін оқыған намазыңды тақ етеді».1
Түсіндірме
Бұл екі риуаятта Алла елшісінің (с.а.с.) түнгі намазды қалай оқығаны және үтірдің уақыты баяндалады. Бұхаридегі нұсқада бұл сөз түнгі намаз туралы қойылған сұраққа жауап ретінде айтылған.
Жоғарыда айтылғандай, ғалымдар үтірдің уақыты, рәкат саны және әр екі рәкаттан кейін сәлем беру мәселелері жөнінде әртүрлі пікір ұстанған. Бұл хадистер үтірді түннің соңында оқып, оған дейінгі намазды екі рәкаттан соң сәлем беріп жалғастыру керек дегендерге дәлел болған.
Ханафи ғалымдары «екі рәкаттан оқылады» дегенді «әр екі рәкаттан соң отырып, әт-тахият оқылады» деп түсінген. Мұны әр жолы сәлем беру керек деп ұқпаған. Ғалымдардың көпшілігі әр екі рәкаттан соң сәлем беріледі деген пікірде. Ибн Хажар: «Алла елшісінің (с.а.с.) екі рәкаттан бөліп те, төрт рәкатты біріктіріп те оқығаны жөнінде сахих риуаяттар бар», – дейді.
Әзірет Айшадан (р.а.) мына риуаят та жеткен: «Алла елшісі (с.а.с.) құптаннан таң атқанға дейін он бір рәкат намаз оқитын. Әр екі рәкаттан соң сәлем беріп, соңғы бір рәкатты бөлек оқитын».
Тағы бірқатар хадисте түнгі намазды бір рәкатпен аяқтау бұйырылған.
- 1Бұхари, «Үтір», № 993, «Салат», 24, «Тәһәжжуд», 10. Мүслим, «Мусафирин», № 749, 753.