وَعَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عَمْرِو بْنِ الْعَاصِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَنْ قَامَ بِعَشْرِ آيَاتٍ لَمْ يُكْتَبْ مِنَ الْغَافِلِينَ، وَمَنْ قَامَ بِمِائَةِ آيَةٍ كُتِبَ مِنَ الْقَانِتِينَ، وَمَنْ قَامَ بِأَلْفِ آيَةٍ كُتِبَ مِنَ الْمُقَنْطَرِينَ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.) Расулалланың (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Кім түнгі намазда он аят оқыса, ғапылдардың қатарына жазылмайды. Кім жүз аят оқыса, қанитиннің қатарына жазылады. Кім мың аят оқыса, мұқантириннің қатарына жазылады».1
Түсіндірме
Түнді намазбен, Құран оқумен, зікірмен және ілім үйренумен жандандыруға болады. Бұл хадис Құраннан аз ғана аят оқудың өзі түнді құлшылықпен өткізуге жеткілікті екенін сүйіншілейді. Он аят оқыған адам ғапылдар қатарына жазылмайды, ал жүз аят оқыған адам қанитиннің қатарына қосылады.
«Қанитин» сөзі «құныт» түбірінен шыққан. Оның бойсұну, имену, дұға, намаз, құлшылық, қиям және үнсіздік сияқты мағыналары бар. Қай мағынасы меңзелгенін мәтінге қарап ажыратады. Бұл хадисте түнде құлшылыққа тұру мағынасы байқалады.
«Мұқантирин» сөзі «мол дәулет иелері» дегенді білдіреді. Мұнда мың аят оқыған адамға мол сауап берілетіні айтылған.
- 1Әбу Дәуіт, «Салат», № 1398.