وَعَنْ عُبَادَةَ بْنِ الصَّامِتِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَنْ تَعَارَّ مِنَ اللَّيْلِ فَقَالَ: لَا إِلَهَ إِلَّا اللَّهُ وَحْدَهُ لَا شَرِيكَ لَهُ، لَهُ الْمُلْكُ وَلَهُ الْحَمْدُ، وَهُوَ عَلَى كُلِّ شَيْءٍ قَدِيرٌ، الْحَمْدُ لِلَّهِ، وَسُبْحَانَ اللَّهِ، وَلَا إِلَهَ إِلَّا اللَّهُ، وَاللَّهُ أَكْبَرُ، وَلَا حَوْلَ وَلَا قُوَّةَ إِلَّا بِاللَّهِ، ثُمَّ قَالَ: اللَّهُمَّ اغْفِرْ لِي، أَوْ دَعَا، اسْتُجِيبَ لَهُ، فَإِنْ تَوَضَّأَ وَصَلَّى قُبِلَتْ صَلَاتُهُ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ. «تَعَارَّ»: أَيْ اسْتَيْقَظَ.
Убада ибн әс-Самит (р.а.) Расулалланың (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Кім түнде оянып: “Алладан басқа құдай жоқ. Ол жалғыз, серігі жоқ. Бүкіл билік Оған тиесілі, барлық мақтау Оған тән. Оның барлық нәрсеге күші жетеді. Барлық мақтау Аллаға тән. Алла кемшілік атаулыдан пәк. Алладан басқа құдай жоқ. Алла ұлы. Күш те, қуат та Алланың жәрдемімен ғана болады”, – десе, содан соң: “Уа, Алла! Мені кешіре гөр”, – десе немесе басқа тілек тілесе, дұғасына жауап беріледі. Дәрет алып, намаз оқыса, намазы қабыл болады».1
Түсіндірме
Түнде ояну деп аударылған تَعَارَّ сөзінің ояну, ес жинау, сөйлеу, білу және жүру сияқты мағыналары бар. Көпшілік ғалым оны «дыбыс шығарып ояну» деп түсінген. Түнде оянған адам кейде дыбыс шығарғанымен, зікір айтпайды. Алла елшісі (с.а.с.) осындай сәтте зікір етуге үндеп, оған ерекше сауап уәде еткен. Ибн Хажар араб тілінде «истиқаз» бен «интибаһ» тікелей оянуды білдірсе де, дыбыс шығарып оянуды меңзейтін «таарраның» қолданылуында мән барын айтқан: «Зікірге дағдыланып, өмірін зікірмен өткізгендер ғана осыған жетеді. Олар ұйқыда да, ояу кезінде де іштей зікір ете жүреді. Нәпсісін тәрбиелеп, осы қасиетке ие болған адам дұғасы мен намазының қабыл болуы секілді ерекше сыйға бөленеді». Ибн Баттал бұл хадисті былай түсіндірген: «Алла тағала пайғамбары арқылы уәде берген. Кім оянғанда Раббысының жалғыздығын айтып, бүкіл билік Оған тән екенін мойындаса, берген нығметіне шүкір етіп, Алланы лайықсыз сипаттардан пәктесе, тәкбір айтып құрметін білдірсе, Алланың жәрдемінсіз еш нәрсеге күші жетпейтінін айтып мойынсұнса, оның дұғасына жауап беріледі, намазы қабыл болады». Сондықтан бұл хадисті естіген адам соған амал етіп, Раббысына ықыласпен бет бұрсын.
Расулалла (с.а.с.) ең шынайы хабарды жеткізген, сүйіншісіне асыра айту араластырмаған. Оның осы хадистегі уәдесін ғалымдар былай түсіндірген: «Алла бір адамның жалғыз ізгі амалын қабыл етсе де, оны азаптамайды. Алла әр істің немен аяқталарын біледі. Кейін зая кететін істі әуелден қабыл етпейді. Кім жасаған жақсылығының зая кетпейтініне сенсе, азапталмайтынына да сенуі керек».
Осыны ойлап, Хасан әл-Басри: «Алланың бір ғана сәждемді қабыл еткенін білсем ғой», – деген.
- 1Бұхари, «Тәһәжжуд», № 1154.