وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ لَا يَدَعُ قِيَامَ اللَّيْلِ، وَكَانَ إِذَا مَرِضَ أَوْ كَسِلَ صَلَّى قَاعِدًا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Әзірет Айша (р.а.) былай дейді: «Расулалла (с.а.с.) түнгі намазын ешқашан тастамайтын. Ауырып не бойы ауырлап тұрса, отырып оқитын».1
Түсіндірме
1. Бұл хадис Пайғамбардың (с.а.с.) тәһәжжудті үзбегенін көрсетеді. Шамасы келсе, ауырған кезде де оқыған.
2. Шаршаған кезде өзін қинамай, намазын отырып оқыған. Ғалымдар осыдан нәпіл намазды отырып оқуға болатынына үкім шығарған. Имам Нәуәуидің айтуынша, ғалымдар бұл мәселеде бірауыздан келіскен.
Ибн Хажар былай дейді: «Расулалланың (с.а.с.) отырып оқыған нәпілінің сауабы тұрып оқығанымен тең болуы өзіне ғана тән. Өйткені отырып оқылған нәпілдің сауабы тұрып оқылған нәпілдің жартысындай болатыны сахих хадисте айтылған».2
3. Әли әл-Қари Ибн Хажарға былай жауап береді: «Зәрулікпен парыз не нәпіл намазын отырып оқыған адамның сауабы толық болады. Бұл үкім баршаға ортақ. Хадисте Пайғамбардың (с.а.с.) зәрулікке байланысты отырып оқығаны айтылмағанда, Ибн Хажардың пікірі орынды болар еді».
- 1Әбу Дәуіт, «Салат», № 1307.
- 2Мүслимдегі риуаятта Абдулла ибн Амр (р.а.) Пайғамбардың (с.а.с.) отырып намаз оқығанын көріп: «Отырып оқылған намаздың сауабы тұрып оқылған намаздың жартысындай болатынын айтқан едіңіз», – дейді. Пайғамбар (с.а.с.): «Мен сендер секілді емеспін», – деп жауап береді. Мүслим, «Мусафирин», № 735.