وَعَن مَسْرُوقٍ قَالَ: «سَأَلْتُ عَائِشَةَ رَضِىَ اللَّهُ عَنْها: أَيُّ الْعَمَلِ كَانَ أَحَبَّ إِلَى رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ؟ قَالَتْ: الدَّائِمُ. قُلْتُ: وَأَيَّ حِينٍ كَانَ يَقُومُ مِنَ اللَّيْلِ؟ قَالَتْ: كَانَ يَقُومُ إِذَا سَمِعَ الصَّارِخَ، تَعْنِى الدِّيكَ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِي.
Масруқ былай дейді: «Әзірет Айшадан (р.а.): “Расулалла (с.а.с.) қай амалды көбірек ұнататын?” – деп сұрадым. Ол: “Тұрақты орындалған амалды”, – деді. Мен: “Түннің қай мезгілінде тұратын?” – дедім. Ол: “Шақырған дауысты естігенде тұратын”, – деді. Ол қораздың шақырғанын меңзеген».1
Түсіндірме
1. Сұрақта намаз аталмағандықтан, тұрақты орындалатын кез келген ізгі амалды қамтиды. Ал әңгіменің соңында түнгі намаз жайы сұралады. Расулалланың (с.а.с.) түнгі намазын жүйелі түрде оқығаны осыдан көрінеді. Тұрақтылық дегеніміз – бір істі тоқтаусыз орындау емес, оны белгілі тәртіппен үзбей қайталау.
2. Пайғамбардың (с.а.с.) түнде тұратын мезгілі қораздың шақыруымен белгіленген. Ғалымдар мұны жалпы түннің жартысынан асқан кезі деп түсіндірген. Ибн Аббас қораз түн ортасында немесе содан сәл бұрын не кейін шақырады деген. Ибн Батталдың айтуынша, қораз түннің үштен бірінде шақырады.
Бұхари жеткізген риуаятта әзірет Айша (р.а.): «Сәресі мезгілінде Пайғамбарды (с.а.с.) қасымда ұйықтап жатқан күйде көретінмін», – деген.
Түнде тұру мезгілін Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.) жеткізген мына хадис те аша түседі: «Аллаға ең ұнамды намаз – Дәуіттің (а.с.) намазы. Ең ұнамды ораза да – Дәуіттің оразасы. Ол түннің жартысында ұйықтап, үштен бірінде тұрып құлшылық ететін де, қалған алтыдан бірінде қайта ұйықтайтын. Бір күн ораза ұстап, бір күн ұстамайтын».
Хадисте түннің соңғы алтыдан бірінде ұйықтағаны айтылған. Осы жөніндегі басқа риуаяттарды салыстырған ғалымдар Пайғамбардың (с.а.с.) рамазаннан өзге айларда сәресі мезгілінде ұйықтағанын айтады. Рамазанда бұл уақыт сәресі ішуге арналған.
Хадистерде «сәресі» деп таң шапағы көрінгенге дейінгі түннің соңғы алтыдан бірі аталады. Күнделікті тілде ол таң алдындағы қараңғы мезгіл дегенді білдіреді. Бұл кезде де намаз оқуға болады.
Қораздың шақырғаны түннің жартысы өткенін білдірген. Пайғамбар (с.а.с.) сол кезде түнгі құлшылығын бастап, соңғы алтыдан бірінде қайта жатып, таң намазының уақыты кіргенше тыныққан.
- 1Бұхари, «Тәһәжжуд», 7, «Риқақ», 18. Мүслим, «Мусафирин», № 741. Әбу Дәуіт, «Салат», № 1317. Нәсәи, «Қиямул-ләйл», 8 (3, 208).