عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «خَرَجَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَوْمَ عِيدٍ فَصَلَّى رَكْعَتَيْنِ لَمْ يُصَلِّ قَبْلَهُمَا وَلَا بَعْدَهُمَا». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ.
Ибн Аббас (р.а.) айтты: «Алла елшісі (с.а.с.) айт күні шығып, екі рәкат намаз оқыды. Оның алдында да, одан кейін де намаз оқымады».1
Түсіндірме
1. Бұл риуаят екі рәкат айт намазынан бөлек нәпіл оқылмағанын көрсетеді. Әбу Сағид әл-Худриден жеткен риуаятта Пайғамбардың үйіне қайтқаннан кейін тағы екі рәкат оқығаны айтылады.
Ибн Қудама айт намазына дейін немесе одан кейін намаз оқылатын жерде нәпіл оқудың мәкрүһ екеніне ғалымдар бірауыздан келіскенін айтады. Алайда Тирмизидің риуаятында кей сахабалардың айт намазына дейін немесе одан кейін нәпіл оқуға рұқсат бергені кездеседі. Сондықтан бұл мәселеде ижмағ бар деген пікір талқылауды қажет етеді.
Ирақи да кейбір сахабалар мен табиғиндердің нәпіл оқуға рұқсат бергенін жеткізеді. Ибн Әбу Шайба олардың ұстанымдарын баяндайды. Ахмад ибн Ханбалдан жеткен риуаятқа қарағанда, куфалықтар, соның ішінде Әбу Ханифа, Әузағи мен Сәури, айт намазынан кейін нәпіл оқыған. Хасан Басри мен бір топ басралық ғалым айт намазынан бұрын нәпіл оқыған. Ал Зуһри, Ибн Журайж және Ахмад айт намазынан бұрын да, кейін де нәпіл оқымаған. Имам Мәлик намаз оқылатын ашық алаңда нәпіл оқуға тыйым салған. Мешітте оқуға қатысты одан екі түрлі риуаят жеткен.
- 1Бұхари, «Идәйн», 8, 16, 18, 26, 32, «Азан», 161, «Зекет», 21, 33, Тәпсір, «Мумтахина», 1, «Никах», 124, «Либас», 56, 57, 59, «Итисам», 16; Мүслим, «Идәйн», 13 (884); Әбу Дәуіт, «Салат», 256 (1159); Тирмизи, «Салат», 387 (537); Нәсәи, «Идәйн», 29 (3/193).