وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «شَهِدْتُ الْعِيدَ مَعَ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَبَدَأَ بِالصَّلَاةِ قَبْلَ الْخُطْبَةِ بِلَا أَذَانٍ وَلَا إِقَامَةٍ. ثُمَّ قَامَ مُتَوَكِّئًا عَلَى بِلَالٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فَأَمَرَ بِتَقْوَى اللَّهِ وَحَثَّ عَلَى طَاعَتِهِ وَوَعَظَ النَّاسَ وَذَكَّرَهُمْ ثُمَّ أَتَى النِّسَاءَ فَوَعَظَهُنَّ وَذَكَّرَهُنَّ وَقَالَ: تَصَدَّقْنَ. فَإِنَّ أَكْثَرَكُنَّ حَطَبُ جَهَنَّمَ فَقَامَتِ اِمْرَأَةٌ مِنْ سِطَةِ النِّسَاءِ سَفْعَاءُ الْخَدَّيْنِ. فَقَالَتْ: لِمَ يَا رَسُولَ اللَّهِ؟ قَالَ: لِأَنَّكُنَّ تُكْثِرْنَ الشَّكَاةَ وَتَكْفُرْنَ الْعِشِيرَ. فَجَعَلْنَ يَتَصَدَّقْنَ مِنْ حُلِيِّهِنَّ يُلْقِينَ فِي ثَوْبِ بِلَالٍ مِنْ أَقْرِطَتِهِنَّ وَخَوَاتِمِهِنَّ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ. «سِطَةُ النِّسَاءِ»: أَوْسَاطُهُنَّ حَسَبًا وَنَسَبًا. «السُّفْعَةُ»: سَوَادٌ فِي اللَّوْنِ. «الشَّكَاةُ» بِفَتْحِ الشِّينِ: الشَّكْوَى. «الْعَشِيرُ»: الزَّوْجُ.
Жәбир (р.а.) айтты: «Алла елшісімен (с.а.с.) бірге айт намазына қатыстым. Ол құтбадан бұрын азансыз әрі қаматсыз намаз оқытты. Содан кейін Біләлге (р.а.) сүйеніп тұрып, жұртты Алладан қорқуға, Оған бойсұнуға шақырды. Насихат айтып, өлімді, ақыретті, жәннат пен тозақты еске салды. Сосын әйелдердің қасына барып, оларға да насихат айтып: “Садақа беріңдер. Өйткені көпшілігің тозаққа отын боласыңдар”, – деді.
Жамағаттың ортасынан екі беті қарауыта түскен бір әйел орнынан тұрып: “Уа, Алла елшісі, неліктен?” – деп сұрады. Ол: “Өйткені көп шағынасыңдар, күйеулеріңнің жақсылығын бағаламайсыңдар”, – деді. Сонда әйелдер сырғалары мен жүзіктерін шешіп, Біләлдің етегіне садақа ретінде сала бастады».1
Түсіндірме
1. Бұл хадисті бірнеше сахаба әртүрлі толықтырулармен жеткізген. Бұхаридің «Хайыз» кітабында Әбу Сағид әл-Худридің мына риуаяты бар: «Пайғамбар (с.а.с.) Құрбан айтта немесе Ораза айтта намаз оқылатын алаңға шықты. Намаздан соң әйелдерге барып: “Уа, әйелдер қауымы! Садақа беріңдер. Маған тозақтағылардың көбі сендер екені көрсетілді”, – деді. Әйелдер: “Уа, Алла елшісі! Неліктен?” – деп сұрады. Ол: “Көп қарғайсыңдар, күйеулеріңнің жақсылығын бағаламайсыңдар. Ақылы мен діні кем бола тұра, байыпты ердің ақылын сендердей билеп кететін ешкімді көрмедім”, – деді. Әйелдер: “Уа, Алла елшісі! Дініміз бен ақылымыздың кемдігі неде?” – деп сұрады. Ол: “Әйелдің куәлігі ер адамның куәлігінің жартысындай емес пе?” – деді.
Олар: “Иә”, – деді. Сонда ол: “Бұл – ақылының кемдігі. Әйел хайыз кезінде намаз оқымайды, ораза ұстамайды, солай емес пе?” – деп сұрады. Олар: “Иә”, – деді. Ол: “Бұл – дінінің кемдігі”, – деді».2
2. Хадистегі сөздер алғаш естігенде әйелді кемсіткендей көрінуі мүмкін. Дініміз ер мен әйелді бірдей қадірлейді. Екеуінің өмірдегі міндеттері әртүрлі болғандықтан, жаратылысында да айырмашылық бар. Әйел ана болып, мейірімге мұқтаж бала өсіреді. Осыған орай оның мейірімі, жұмсақтығы мен сезімталдығы басым. Кей дәрігерлер ер мен әйелдің айырмасы дененің әрбір жасушасынан байқалатынын айтады. Ислам осы табиғи ерекшелікті ескеріп, кейбір құқықтар аяқасты болмас үшін куәгерлікке қатысты осындай тәртіп белгілеген. Куә болу – міндет. Куәліктің осылай алынуы әйелдің құқығын кемітпейді. Бұл – куәлік қажет дауларда адам құқығын қорғауға арналған шара. Жаратқанын бәрінен жақсы білетін Алла («Мүлік» сүресі, 14-аят) қарызды куәландыруда екі ер кісі табылмаса, бір ер адам мен екі әйелді куәға тартуды бұйырған. Мұндағы себеп – әйелдердің бірі ұмытса, екіншісі есіне салады («Бақара» сүресі, 282-аят).
Алла елшісі (с.а.с.) осы хадисте Жаратушы баяндаған табиғи ерекшелікті ақылдың кемдігі деп атаған. Сондай-ақ лағынетті көп айтуға, сезімге тез беріліп, соның салдарынан күйеуімен тіл табыса алмай қалуға назар аударған.
Біздіңше, әйелдерге арнайы тіл қатып, осал тұстарына назар аудару олардың игілігін көздейді. Өзінің осал тұсын білген кісі сол жерде сақтанып, өзін тежей алады әрі одан келетін зиянды барынша азайтады.
Мұны түсіну үшін Алла елшісінің (с.а.с.) وَيْلٌ لِلْأَعْقَابِ مِنَ النَّارِ «Тозақ отына күйетін өкшелердің халі қандай өкінішті!» деген ескертуін3 еске түсірейік. Дәрет алғанда жуылатын мүшелердің еш жері құрғақ қалмауға тиіс. Алла елшісі (с.а.с.) осыны үйреткенде бетті не қолды атамай, өкшені атады. Өйткені өкшенің жуылмай қалуы ықтимал. Ал бет не қол толық жуылмай қалса, «Тозақ отына күйетін беттің не қолдың халі қандай өкінішті!» деуге болар еді. Дәретте қай мүше құрғақ қалса да, үкімі бірдей. Дегенмен аяқты толық жууға айрықша көңіл бөлу қажет. Алла елшісі (с.а.с.) сол себепті өкшеге арнайы назар аударған.
Әйелдерге қатысты да осыны айтуға болады. Алла елшісі (с.а.с.) олардың назарын осал тұстарына аударып, содан төнуі мүмкін қауіптен сақ болуын көздеген.
3. Хадистен түйетін тағылымдар.
• Әйелдерге уағыз айту, діни үкімдерді үйрету және міндеттерін еске салу – мұстахаб.
• Әйелдерді садақа беруге ынталандыру – мұстахаб.
• Бүлік туу қаупі болмаса, әйелдерге ілім үйрету үшін арнайы күн мен уақыт бөліп, жеке жиын өткізу – мұстахаб.
• Әйелдер айт күні намаз оқылатын алаңға бара алады.
• Әйел өз мүлкін күйеуінің рұқсатынсыз жұмсап, садақа бере алады. Мұндай жұмсауға белгілі бір мөлшер қойылмаған. Мәликилер әйел өз мүлкінің үштен біріне дейін жұмсай алады деген.
• Садақа – азаптан сақтанудың бір жолы. Пайғамбар (с.а.с.) тозақтағылардың көбі әйелдер екенін айтып, одан құтылу үшін садақа беруді ескерткен.
• Насихатты жиі айтып, тыңдаушының жағдайына қарай қатқыл үн қатуға да болады. Бұл – мұстахаб.
• Мұқтаж жандар үшін дәулетті кісілерден садақа сұрауға болады. Сұраушының өзі мұқтаж болуы шарт емес.
• Риуаят сахаба әйелдердің жомарттығын, Пайғамбардың (с.а.с.) бұйрығына дереу құлақ асқанын көрсетеді. Олар тағып жүрген жүзігін, білезігін, сырғасын садақаға берген.
• Жақсылықтың қадірін білмеу – харам.
• Жаман сөзді көп айту, қарғау, кемсіту, балағаттау – харам. Имам Нәуәуи мұны үлкен күнәларға жатқызған.
• Қарғау, яғни біреудің Алланың мейірімінен алыстауын тілеу – дінде құпталмайтын іс. Тілді оған үйір қылмау керек.
• Кісіні діннен шығармайтын кейбір күнәлардан сақтандыру үшін оларды күпірлік деп атауға болады.
• Ақыл кеміп те, артып та отырады.
• Әйелдердің осал тұсын атаудың мақсаты – жаратылысындағы ерекшелігі үшін оларды айыптау емес, бүліктен сақтандыру. Хадисте азапқа себеп болатын нәрсе сол ерекшелік емес, жақсылықты бағаламау, нанкөрлік екені айтылады.
• Діндегі кемдік үнемі күнәмен байланысты бола бермейді. Кемел амалдың өзі одан да кемел амалмен салыстырғанда кем түседі. Сол сияқты хайыз кезіндегі әйел намаз оқымағаны үшін күнә арқаламайды, бірақ оның амалы намаз оқитын кісінің амалымен салыстырғанда кем болады.
• Шәкірт ұстазынан, ілесуші өзі ерген адамнан түсінбеген жайтты сұрай алады.
• Риуаят Пайғамбардың (с.а.с.) көркем мінезін, мейірімін және жұмсақтығын көрсетеді.