Хадис

Кутуб ситтә, № 3045

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
409. Жұма мен айт намаздарының бір күнге түсуі
Нөмірі
№ 3045 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 4
3045
Кутуб ситтә, № 3045 · тараудағы реті: 4

وَفِي رِوَايَةٍ: «اجْتَمَعَ يَوْمُ الجُمُعَةِ وَيَوْمُ الْفِطْرِ عَلَى عَهْدِ ابْنِ الزُّبَيْرِ. فَقَالَ: عِيدَانٍ اجْتَمَعَا فِي يَوْمٍ وَاحِدٍ فَجَمَعَهُمَا جَمِيعًا فَصَلَّاهُمَا رَكْعَتَيْنِ بُكْرَةً لَمْ يَزِدْ عَلَيْهِمَا حَتَّى صَلَّى الْعَصْرَ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِي.

Қазақша аудармасы

Басқа риуаятта былай делінеді: «Ибн Зубәйірдің кезінде Ораза айт жұмаға түсті. Ол: “Екі мейрам бір күнге келді”, – деді. Сөйтіп екеуін біріктіріп, таңертең екі рәкат намаз оқытты. Екінті намазына дейін басқа намаз оқымады».1

Түсіндірме

1. Бұл мәселеде пікір алшақтығы барын айтқан едік. Имам Шафиғиден жеткен екі пікірдің біріне және ғалымдардың көпшілігіне сүйенсек, айт намазын оқыған кісіге жұма намазын қалдыруға рұқсат берілмейді. Өйткені міндетті білдіретін дәлел қандай да бір жағдайды жалпы үкімнен тыс қалдырмайды. Ал сөз болып отырған хадистерді бірнеше жолмен түсінуге болады. Имам Шафиғи «Рұқсат қаланың сыртында тұратындарға берілген» деп түсіндірген. Бұған Османның (р.а.) «Ауали тұрғындарынан бізбен бірге жұма оқығысы келген кісі осында қалсын, қайтқысы келген кісі қайтсын» деген сөзін дәлел еткен. Бұған қарсы пікір айтқандар «Османның сөзімен Алла елшісінің (с.а.с.) сөзін шектеуге болмайды» деген.

• Ханафи мәзһабында айт жұмаға түссе, қала тұрғындарына жұма намазы уәжіп. Айт намазын оқу бұл міндетті түсірмейді.

• Шафиғи мәзһабында айт намазын оқу қала тұрғындарынан жұма намазының міндетін түсірмейді. Ал ауылдан келгендер айт намазынан соң жұманы күтпей, ауылына қайтуына болады.

• Ахмад ибн Ханбалдың пікірінше, айт намазын оқыған кісі қала тұрғыны болса да, ауылдан келсе де, жұма намазының міндеті мойнынан түседі. Ол бесін намазын оқиды.

• Атаның пікірінше, ол күні жұма да, бесін де міндет болмайды.

2. Хадисте Ибн Зубәйірдің (р.а.) бесінді де оқымағаны айтылады. Осыған сүйенген Ата шариғатта танылған бір себеппен жұма намазының міндеті түскен кісіге бесін оқу да уәжіп болмайды деп есептеген. Бұл пікір бесіннің негізгі намаз екені, жұма намазының оның орнына жүретіні туралы ұстанымға негізделеді. Алайда ғалымдардың көпшілігі мұны құптамаған. Олардың пікірінше, жұма намазын қандай да бір себеппен оқи алмаған кісіге бесін намазын оқу уәжіп.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Салат», 217 (1071–1072); Нәсәи, «Идәйн», 32 (3/194).